Талғардағы трагедия қайталанды. Екі ай бұрын қоғамды дүр сілкіндірген Шерзаттың өлімінен кейін енді ағасы жұмбақ жағдайда көз жұмды. Қайтыс болды ма, қаза тапты ма?
Шынын айту керек, бір отбасының басына түскен трагедия о бастан қоғамдық сипат алып кетті. Оның басты себебі сол: Талғарда болған қылмыс еліміздің кез келген жерінде болуы ықтимал, Талғарда орнаған жөнсіз тәртіп еліміздің кез келген жерінде бар.
Сол себепті бұл сұмдық, жантүршігерлік оқиғаны әрбір қазақ өз қайғысындай қабылдады!
Шерзаттың өлімінен кейін ел толқып кетті. Соны аңғарған билік «бәрін бақылауда ұстап отырмыз» деп айтып, жұртты тыныштандырғандай болды. Бірақ одан соң отбасы тұрып жатқан үй өртенді, енді, міне, әулет тағы бір ұлынан айырылды. Меніңше, шағын ғана қаладағы бақылауды қамтамасыз ете алмаған шенді погондылар дереу жауапқа тартылуы тиіс! «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген зоологиялық һәм саяси қағидат мұндайда жүрмейді!
Жерлеу кезіндегі әкенің, басқа да отбасы мүшелерінің қимыл-әрекеті Әкімшілік кодекс жағынан дұрыс болмаған да шығар, бірақ адам жазған заңдар мен ережелерден де биік тұратын, жалпыадамзаттық қағидаттарға негізделген Моральдық кодекс деген бар емес пе?! Оны неге ұмытамыз осындай кездері? Қос қайғыдан әбден таусылған әкені абақтыға жабу соншалықты қажет болды ма? Құдай басқа бермес сыннан әбден қамыққан, ашынған жанды тоқтатудың басқа да, адами, атам қазақтың қайғылы пенденің қиын жағдайын түсініп, жұбатып, қолдап қоятын жөн-жосық жолдары бар емес пе?
Әлде, әлдебіреулер елдің ашу-ызасын туғызу үшін осылайша онсыз да мазасыз отырған елді арандатып отыр ма? Кезінде әлемдік пролетариаттың көсемі болған Ленин деген жолдас: «Ұшқыннан от лаулайды» деп жазып еді. Мүмкін, бүгінде билік басында отырғандар Ресей империясында революция жасап, патшаны, сосын Уақытша үкіметті бір күнде төңкеріп тастаған большевик басшының еңбектерін бір оқып алуы керек шығар?
Иә, «әрбір қылмысқа не заң бұзушылыққа құзыретті органдардың тергеу амалдарынан кейін жауап беріледі» деген қағидат бар. Билік соын айтудан танбайды. Бірақ отыз жылдық әділетсіздіктен кейін, енді, міне, Талғардағы оқиғадан кейін жұртшылықта сол органдарға сенім бар ма?
Олай болса, іс насырға шаппай тұрғанда билік Шерзаттың (енді оның ағасының) өліміне қатысты тергеуді мейлінше ашық, әділетті жүргізіп, аяқтауы тиіс.
Айтпақшы, осындай резонансты оқиғаларға қатысты жүрттың алаңдауын, әлеуметтік желілерге жарыса жазуын билік тек қана «хайп» немесе «ескі Қазақстан өкілдерінің қитұрқы әрекеті» деп бағалап, біржақты теріс қабылдамауы керек.
Мысалы, міне, мен де жаздым. «Тергеу ашық өтсін, Талғарда әділеттік орнасын, кінәлілер жауапқа тартылсын» деп қарапайым талап қойып отырмын. Оның несі айып? Мұның бәрі қарапайым, ұяты мен намысы бар кез келген адамның қоятын сұрақтары емес пе?
Осыным хайп па? Бұл – менің азаматтық позициям, конституциялық құқым.
Әміржан ҚОСАН,
саясаткер
Фото: qaz365.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!