Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәттіқұмар мысық

25.12.2023, 8:45 434

HALYQLINE.KZ

«Алланың жердегі үйі – мешітке кіруге рұқсат етілген жалғыз жануар – ол мысық. Осыдан-ақ бұл үй жануарының исламдағы орнын біле беруге болады. Әлемге нұрын төккен, адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз да мысықты ерекше жақсы көрген. Алла елшісінің Му’изза есімді аппақ мысығы болған деседі. Екі дүние сардарының оны жақсы көргені соншалық, орнынан тұрарда шапанының етегінде ұйықтап қалған мысықты оятып алмау үшін киімін қиып тастаған. Мысық ішкен сумен дәрет те алғанын мына хадистен аңғаруға болады: Анас ибн Маликтен біреу мысық жайында сұрағанда, ол былай деген екен: «Бірде Алла елшісімен бірге Бухтани жеріне жолға шықтым. Пайғамбарымыз маған дәрет алатын су дайындауымды тапсырды. Алайда ол келгенінде дәрет суы құйылған ыдыстан бір мысық су ішіп жатты. Ардақты елші болса, мысықтың шөлі қанғанша күтіп тұрды. Сонда мен суды жаңартайын дегенімде, Пайғамбарымыз: «Ей Анас, мысық деген таза жануар және ешқашан ештеңені кір қылмайды», – деп жауап берді». (Әт-Табарани әл-Муджам Әс-Сағир 1/379, әл-Хайсами «Маджма әз-Заваид» 1/216.)» (http://www.ihsan.kz/kk/articles/view/5638).

Кенже баланың «қара шаңырақтың иесі» саналатынын білетін шығарсыз. Менің Қайырбек есімді інім мен Мәуе атты келінім – біздің әулеттің қара шаңырағының түтінін түзу ұшырып отырған жарасымды отбасы. Бауырым – сабырлы мінезді, көп сөзге үйірсектігі жоқ, өз ортасына, ағайын-туысқа сыйлы азамат. Бірде Қайырбектің үйіне барғанымда мынадай қызық көрініске тап болдым. Келініміз дастарқан жайып, шай жабдығын әзірлеп қарбаласып жүрген. Осы мезетте бөлмеге сұрғылт түсті мысық енді. Жылтыраған жүні, тап-таза қалпынан күйлі, күтімі жақсы екені аңғарылып тұр. Үйдегілер жиі жуындырады екен. Қасымызға жақындай берген мысыққа інім «Болмайды. Орныңа бар» деді дауыстап. Мысық қалт тоқтады. Құдды Қайырбектің сөзін түсінген сияқты қалыппен кілт бұрылып, бөлмеден шығып кетті. Алғашқыда мән бермеген едім. Сәлден соң мысықтың айтқан сөзді шынымен-ақ ұғынатынындай деңгейде екенін байқадым. Бір қызығы, үйдегілер мысықпен әдеттегідей «піш», «кет» тағы басқа сөздермен емес, құдды жас баламен тілдескендей сөйлеседі екен. Оны айтасыз, інімнен мысықтың тәтті, оның ішінде «Ирис» конфетті құмарта жейтінін естігенде кеудемді күлкі кернеді. Десе де, сұр мысық өзінің міндетті ісіне салғырт қарамайтын сынды. Үйде тышқан атаулы мүлде жоқ екен. Осылайша тәттіқұмар мысықтың қылығына мәз болып үйден шықтым.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: