Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Табалдырық

01.05.2024, 9:20 455

Бассаң сықыр-сықыр етеді. Жалпақ. Қызылға боя­лып, лактеліп қойылған. Орынша әже бір бұрыштағы кереуетте жатыр. Көзі әлгі табалдырыққа түсті.

Ойбой, кімнің аяғы аттамады бұл табалдырықтан?! Өзіне ыстық, Құдай қосқан қосағы екеуі осы табалдырықты өз қолдарымен қондырған болатын. Ол кезде отағасы жұмыстан келіп, түнімен тағы қағаз жазатын. Балалардың жылаған дауысы естілмесін деп екі есік орнатып, табалдырықты сол үшін жалпақ етіп салған-ды… Қаншама адам осы табалдырықтан аттады. Қаншама бата мен тілек айтылды. Қаншама жақсы жандармен дастарқандас болды. Қаншама бақытты да шуақты күндердің куәсі  болды  сол  табалдырық. Неге тек табалдырық?

Әнебір жылдары ауылдағы ағайынның тойынан келсе, үйде үлкен жөндеу жұмысы басталыпты. Бұның жоғын пайдаланып, бәрін қопарып тастаған. Жұмысшылар «апа, под ключ істеп жатыр­мыз» дейді. Тек залға кіреберістегі жалпақ табалдырықты енді қопарайын деп жатыр екен, Орынша: «Тоқтат, тиме!» деп тыйып тастады. Әлгілер тапсырыс беруші балаларына хабарласып, күңгір-күңгір боп кетті. Кенже ұлы: «Апа, евроремонт жасатып жатырмыз, қайтесіз сол ескі-құсқыны?» деп еді, бұл: «Онда мені де лақтырып тастаңдар, мен де ескі-құсқы кемпірмін!» деп айғайға басты. Баласы әлгі жұмысшыларға бірдеңелерді айтып, түсіндірді, ақыры не керек, бәрі жаңаланды, тек жалпақ табалдырық орнында қалды.

Ееее, өткен күннің куәсі – осы табалдырық! Талай жылдың жүзі болды, Орынша кәріліктің қамытын жалғыз сүйреп келеді. Отағасы түйе қарауға тым асығыс кетті. Қырықтан енді асқан шағында қыстың көзі қырауда айдалада көлігі бұзылып, екі тәулік далада қалып, денсаулығы содан кейін болмады. Ақыры сол суық алып тынды. Алты баланы Орынша жалғыз жеткізді. Мектеп бітірісімен тұрмыс құрған ол білім алып үлгермеген де еді. Сондықтан еден жуу мен гардеробта киім алып-әперуден басқа жұмыс таба алмады. Соның өзіне шүкір десті. Қазір ұлдар ұяға, қыздар қияға қонған, немере, шөберелер өрді.

…Тұңғыш келінінің сол табалдырықты имене аттағаны көз алдына келді. Табалдырық аттаған құдалар. Алғашқы немере­сінің әлгі табалдырықта ойнап отырғанын еске түсірді. Қандай ыстық көріністер… Мына табалдырық соңғы кезде жиі тоңазитын өн-бойын сол естеліктермен жылытып тұрғандай.

«Еее, ертең менің көзім кетсе, сен де қоқыста жатасың ғой…» деп аракідік табалдырыққа қарап күбірлеп қояды. Иә, әр адамның  шаңырағы өзіне ыстық. Мейлі ол қандай болса да…

Ертеңнің үміт жібіне өткеннің ыстық моншақтарын тізіп, тірлік керуенін сүйреп жүрген емес пе едік?!

P.S. Үйлерін су басқан аймақтардағы ағайынның ахуалы артық сөзсіз-ақ түсінікті!

Айнұр  ТҰҢҒЫШБАЕВА,

журналист.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: