Сырдария ауданында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс ұйымдастырылды. Бұл туралы Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Абай Алимбаев, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім саласының қызметкерлері, зиялы қауым мүшелері, ата-аналар, кент және ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.
Мәжілісте бала тәрбиесі, құқықбұзушылықтың алдын алу, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру мәселелері кеңінен талқыланды. Аудан әкімі өз сөзінде өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беру – мемлекеттің де, қоғамның да ортақ міндеті екенін атап өтті.
Берік Сәрменбаев соңғы жылдары өңірде білім беру инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы бөлінгенін айтты. 2022–2025 жылдары аймақта ондаған жаңа мектеп салынған, бірқатар білім беру нысандары күрделі жөндеуден өткен. Нәтижесінде үш ауысымда оқыту мәселесі толық шешілген.
Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған тәрбиелік, спорттық және шығармашылық іс-шаралардың жүйелі түрде өткізіліп келе жатқаны айтылды. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы жұмысшы топтардың елді мекендерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқаны да сөз болды.
Жиында аудан прокуроры Абай Алимбаев жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ полиция, білім саласы өкілдері мен ата-аналар тарапынан ұсыныстар айтылды.
Мәжіліс қорытындысында жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма жүктелді. Атап айтқанда, оқушыларды үйірмелер мен спорт секцияларына тарту, кибербуллинг пен заңсыз ойындардың алдын алу, вейп өнімдерінің таралуына қатаң бақылау орнату міндеттелді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!