2023 жылғы 21 тамызда сағат 17:40-та Түркістан облысы, Отырар ауданы, Көксарай ауылынан 3 км жерде, Сырдария өзенінің шомылуға рұқсат етілмеген мекенінде шомылу кезінде 11 адам суға батып кеткен.
Қазірге дейін суға батқан 11 адамның ішінен ТЖД күшімен 9 адамның, оның ішінде 3 әйелдің және 6 кәмелетке толмаған баланың денесі табылып, судан шығарылды. 2 кәмелетке толмаған баланы іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Белгілі болғандай, демалыста 20 адамнан тұратын 4 отбасы болған.
Іздеу жұмыстарына 150 адам, 18 техника, 2 дрон және 6 жүзу құралы жұмылдырылған. Атап айтқанда, ТЖД Жедел құтқару жасағынан 13 құтқарушы, 3 жүзу құралы және 3 техника, Шымкент қаласы ТЖД Жедел құтқару жасағынан 6 құтқарушы, 1 жүзу құралы және 1 техника, Түркістан облысы ТЖД 50 адам, 2 дрон, 5 техника, ЖАО-дан 4 адам, 1 жүзу құралы, Полиция департаментінен 71 адам, 1 жүзу құралы және 7 техника, «103» қызметінен 6 адам және 2 техника бар.
Оқиғанын мән-жайын Түркістан облысының Полиция департаменті анықтауда.
Төтенше жағдай министрлігінің мәліметіне сәйкес, оның қызметкерлері қаңтар-шілде айларында 51 864 рет оқиға орнына барып, 7 987 адамды құтқарған. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында 3 343 зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетіп, 7 926 адамды көшірген (эвакуациялаған).
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!