Облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолының Тереңөзек кентіне кіреберіс тұсында төрт жол түйіскен. Қалаға орталығына барарда, көршілес ауданнан келерде, ауылдарға қатынарда халық осы жолмен міндетті түрде жүреді. Мұрат Нәлхожаұлы Сырдария ауданының әкімі кезінде жол апаттарының жиілеп кеткенін ескеріп, басы-қасында өзі жүріп, төрт жолға бағдаршам орнатылған еді. Қазір бұл бағдаршамның игілігін халық сезініп отыр. Биылдыққа бұл маңда жол апаты тіркелген жоқ. Міне, нәтиже! Жақсының жақсылығын айту керек!
Бүгін тағы бір игі іс жөнінде жазуды жөн көрдім.
Облыстық маңызы бар үлкен жолдың оң жақ қапталында «Сыр сұлуы» монументі орналасқан. Монументтің авторы – мүсінші Жәркен Исмағұлов. Алыстан көз тартатын монументте ақын Мұхтар Сақтаповтың бір шумақ өлеңі жазулы тұр. Оны Ғизат Майданұлы әкім кезінде ақынға қолқа салып, жаздырғанын, қаламына құт қонған ардагерге сәйкесінше тиісті құрмет көрсетілгенін білеміз.
Биыл аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлының ұсынына сәйкес осы «Сыр сұлуы» монументі демеушілердің қолдауымен толық жаңартылып, жаңа кейіпке енді. Бұл өте-өте дұрыс шешім, орынды іс болды. Әйтпегенде монументтің маңы ескіріп, сиқы қаша бастаған болатын. Сөйтіп аудан басшысы ұйытқы болған бұл іске «Ақтоған» серіктестігі мен «Промстройсервис Е» серіктестігі демеушілік қолдау көрсетті. Бірі монументтің айналасын тегістеп, құм үйіп, нығыздап берсе, екіншісі жаңа кейіпке енуіне ерекше қолдау білдірді.
Қазір монументтің жарықшамдары жарқырап, егілген талдар көктеп, қыс әлі сезілмеген соң көгеріп тұр. Сондай-ақ бұл жерге заманауи үлгіде бручаткалар да төселді. Ең маңыздысы, бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауданның көрікті жерлерінің саны артты, кент келбетіне көрік қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алыптарға алтын бесік болған ауданымызда алдағы уақытта да жүргізіле берері анық.
Біз «Промстройсервис Е» серіктестігінің басшысы, белгілі кәсіпкер-меценат Манарбек Еспенбетов пен «Ақтоған» серіктестігінің басшысы, кәсіпкер-меценат Айман Үдербаева «Сыр сұлуы» монументін абаттандыруға, айналасын көркейтіп, жаңа кейіпке енуіне 20 млн теңгеге жуық қомақты қаражат бөліп, демеушілік көмек көрсеткеніне ризашылығымызды білдіреміз. Жанашыр азаматтардың жақсылығына кенттен сайланған депутат ретінде, кентті сүйетін кент тұрғыны ретінде айтар алғысым шексіз! Абырой-амандық тілеймін!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
ақын, журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!