Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр елінде физика-математика мектебінің іргесін қалау рәсімі өтті

03.07.2023, 22:05 268

Бүгін Қызылорда қаласының сол жағалауында физика-математика бағытындағы мектеп-интернат ғимаратының іргетасын қалау рәсімі өтті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін заманауи үлгідегі жаңа білім ордасының ірге көтеруімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс» – деген болатын. Президент қазіргі цифрландыру, индустрияландыру заманында ІТ саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңыздылығын ескере келе, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге басымдық беруді тапсырды. Бұл ретте ел дамуына өзіндік үлес қосатын мамандарды оқыту, ІТ саласына жаңа леп әкелетін бағыттарды дамыту – біздің ортақ міндетіміз!

Бүгін – Сыр жұртшылығы үшін айрықша қуанышты күн. Құны 8 млрд теңгені құрайтын жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасайтын барлық заманауи жабдықтармен жарақталады. Мектеп құрылысы келесі жылы аяқталып, оқушылар мен ұстаздар игілігіне беріледі. Шын мәнінде баланың игілігінен артық құндылық жоқ. Ал, өмірде өшпейтін із – балаға берген білім мен мейірім болса керек. Балаларымыздың болашағы зор болсын!», – деді аймақ басшысы.

Жиналған қауымды мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы мен білім саласының ардагері Б.Досманбетов құттықтады.

Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары кезінде Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысын бастауға қолдау білдірді. Осы тізімге №101 Ә.Мүслімов және №2 Абай атындағы мектептерге қосымша құрылыс салу, «Бәйтерек» тұрғын ауданынан 600 орындық және Шиелі ауданы Байсын ауылынан 250 орындық мектеп құрылысын аяқтау енгізілді. Мердігер мекеме «Промстройсервис Е» құрылыс компаниясы мектеп ғимаратын келер жылы аяқтап, пайдалануға береді деп жоспарлануда.

Өткен жылы аймақта 19 балабақша, 6 мектеп, Жалағаш ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілгені белгілі. Алдағы 3 жылда 64 балабақша және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 100 орынға арналған 21 мектеп салынбақ. Жеке мектептердің де үлесі артып келеді. Қазірдің өзінде өңірде 21 жеке мектеп жұмыс істесе, алдағы 3 жылда инвесторлар 12 мектеп салуға ниет білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: