Қызылорда облысында ауыз су мәселесі жыл сайын өзектілігін арттырып келеді. Өңірдегі ауыз су инфрақұрылымының тозуы, судың сапасы, заңсыз су тұтыну, тариф саясаты және суды үнемдеу мәдениетінің төмендігі жүйелі түрде шешуді қажет ететін негізгі мәселелердің қатарында. Бұл түйткілдер уақытылы шешімін таппаса, болашақта ауыз су тапшылығы күрделі экологиялық және әлеуметтік проблемаға айналуы мүмкін. Осы мәселелерге назар аудару және нақты шешу жолдарын ұсыну мақсатында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен сала мамандары мен сарапшылардыңқатысуыменсараптамалық талқылау ұйымдастырылды.
Жиынды ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков ашып, ауыз судың ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететінін атап өтті.
– Біз бүгінгі сараптамалық талқыны халықтың тіршілік көзі – ауыз судың сапасы мен қолжетімділігін талқылау үшін ұйымдастырып отырмыз. Қызылорда облысы – су ресурстары тұрғысынан күрделі аймақтардың бірі. Егер инфрақұрылымды жаңғырту, судың сапасын арттыру, тариф саясатын қайта қарау сияқты мәселелерге уақытылы назар аудармасақ, алдағы жылдары үлкен дағдарысқа тап болуымыз мүмкін, – деді ол.
Дөңгелек үстелге сала басшылары, зертханалық сарапшылар, су ресурстарын басқару мекемелерінің өкілдері және қоғам белсенділері қатысты. Басқосу барысында өңірдегі ауыз су инфрақұрылымының тозуы, судың сапасын бақылау, тариф саясаты, заңсыз су тұтыну және суды үнемдеудің маңызы сияқты негізгі мәселелер көтерілді.
Инфрақұрылымның тозуы: түйткілдер және жаңғырту қажеттілігі
Жиында ең алдымен ауыз су инфрақұрылымының ескіргені сөз болды. Қазіргі таңда Қызылорда облысында ауыз су құбырларының 30%-дан астамы ескірген. Топтық су құбырларының жалпы ұзындығы – 5757,06 шақырым, оның ішінде магистральдық құбырлар – 1979,15 шақырым, ал таратушы желілер – 3777,91 шақырым. Сонымен қатар, оқшау су жүйелерінің ұзындығы 851 шақырым, олардың да тозу деңгейі 33,14%-ға жеткен. Бұл көрсеткіштер облыстағы ауыз су инфрақұрылымының айтарлықтай тозғанын көрсетеді.
“Қазсушар”ШЖҚ РМК «Сыр суы» филиалы директорының орынбасары Бақытжан Бакишев бұл мәселені шешу үшін жүйелі жұмыс атқару қажеттігін айтты.
– Ескі құбырлар жиі жарылып, су сапасына да кері әсер етеді. Ауыз судың ластану қаупі жоғары. Егер біз бұл инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын кешеуілдете берсек, жақын жылдары ауыз су тапшылығы күшейіп, халықтың тұрмыс сапасына айтарлықтай әсер етеді, – деді ол.
Жиын барысында инфрақұрылымды жаңарту бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Біріншіден, облыстағы су құбырларын кезең-кезеңімен ауыстыру және жаңғырту үшін арнайы инвестициялық бағдарлама қабылдау қажет. Екіншіден, магистральдық құбырларды жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу қарастырылуы керек. Үшіншіден, ауыз су құбырларын жөндеу және ауыстыру бойынша аймақтық жоспар әзірленіп, оның жүзеге асырылу мерзімі нақты белгіленуі тиіс.
Судың сапасы: бұл проблема неге өзекті?
Қызылорда облысының ауыз су сапасына жүргізілген зерттеулер оның құрамында химиялық және микробиологиялық көрсеткіштердің белгіленген талаптарға сай келмейтінін көрсетті. 2024 жылы алынған 2 584 су сынамасының 5-і микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмесе, 2 590 сынаманың 64-інде санитарлық-химиялық талаптардан ауытқулар анықталған.
“Қазсушар”ШЖҚ РМК «Сыр суы» филиалының өкілі Бақытжан Бакишев бұл мәселе жөнінде: «Судың сапасына әсер ететін негізгі факторлар – құбырлардың тозуы, су тазарту қондырғыларының ескіруі және суды залалсыздандыру технологиясының жеткіліксіздігі. Бұл проблеманы шешу үшін бақылауды күшейтіп, заманауи су тазарту қондырғыларын орнату қажет», – деді.
Сарапшылар зертханалық бақылауды күшейту, судың құрамын тұрақты түрде тексеріп отыру және тазарту жүйелерін жаңғырту қажеттігін айтты. Бұл үшін жаңа зертханалар ашу және судың сапасын тексеруге бөлінетін қаржыны ұлғайту керек.
Суды үнемдеу және тарифті көтеру қажеттілігі айтылды
2006 жылдан бері 1 текше метр су бағасы небәрі 30-40 теңге деңгейінде тұрақтап қалған. Бұл Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
«Қызылорда су жүйесі» мекемесінің өкілі Маржан Сырманова тарифті көтеру қажет екенін айтты: «Тарифтің төмен болуы халықтың суды бей-берекет пайдалануының басты себебі болып отыр. Біз судың шектеулі ресурс екенін түсінуіміз керек. Егер тариф кезең-кезеңімен көтерілсе, суды ұқыпты пайдалану мәдениеті қалыптасады», – деді.
Дөңгелек үстел барысында суды тиімді пайдалану үшін халыққа арналған насихат жұмыстарын күшейту, су есептегіш құралдарын орнатуды міндеттеу, ауыз судың тарифін біртіндеп көтеру арқылы инфрақұрылымға инвестиция тарту қажеттілігі айтылды.
Сараптамалық отырыс кезінде сала мамандары ауыз су мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін алға тартты. Инфрақұрылымды жаңғырту, су сапасын бақылауды күшейту, тариф саясатын қайта қарау және заңсыз су тұтынумен күресті күшейту – бұл мәселелерді шешудің негізгі жолдары.
Сала мамандарының басқосуы нәтижесінде төмендегі ұсыныстар көтеріліп, маңызы жөнінде сөз болды.
Біріншіден, су тарифін кезең-кезеңімен көтеру қажет. Қазіргі 30-40 теңгелік тариф судың шынайы құнын көрсетпейді және оны ысырап етуге жол ашады. Тарифтің 70-120 теңге аралығына көтерілуі инфрақұрылымды жаңартуға мүмкіндік беріп, судың құндылығын арттырады.
Екіншіден, ауыз су инфрақұрылымын жаңғырту мен жаңа құбырлар салу кезек күттірмейтін мәселе. Қазіргі құбырлардың 30%-дан астамы ескірген, бұл су сапасына кері әсер етеді. Мемлекеттік қаржы және инвестиция тарту арқылы бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажет.
Үшіншіден, трансшекаралық су ресурстарын әділ пайдалану жөніндегі келісімдерді күшейту керек. Сырдария өзенінің төменгі ағысына тұрақты су жіберуді қамтамасыз ету үшін көрші елдермен келісімдер нақты орындалуы тиіс.
Төртіншіден, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру маңызды. Бұл үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мектептерде, мекемелерде суды үнемдеу жөнінде арнайы бағдарламалар енгізу қажет.
Бесіншіден, су есептегіш құралдарын орнатуды міндеттеу керек. Су есептегіш құралдары жоқ үйлерде суды бақылаусыз пайдалану белең алуда. Сондықтан бұл талап барлық тұрғындарға міндетті болуы тиіс.
Алтыншыдан, заңсыз су пайдалану бойынша жауапкершілікті күшейту қажет. Соңғы жылдары су ұрлығы мен рұқсатсыз қосылу фактілері көбейген. Бұл мәселеге қатаң бақылау жүргізіліп, айыппұлдар көлемі ұлғайтылуы тиіс.
Жетіншіден, кәріз жүйесін жаңарту және сарқынды суды тазарту жүйелерін жетілдіру керек. Кейбір елді мекендерде бұл жүйелер жоқтың қасы, ал барлары ескірген. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін тазарту қондырғыларын жаңғырту қажет.
Қызылорда облысы үшін су тапшылығы, инфрақұрылымның тозуы және тарифтің төмен болуы басты мәселелердің бірі. Жергілікті билік бұл ұсыныстарды назарға алып, жүйелі шараларды іске асыруы тиіс. Су – тек тұрмыстық қажеттілік емес, ұлттық қауіпсіздіктің негізгі факторы. Сондықтан бұл мәселені жүйелі реформалар арқылы шешу – уақыт талабы.
Ердәулет Сәрсенұлы,
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының
Баспасөз хатшысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!