Жол саласы уақыт ағымына қарай трансформацияланып, озық технологиялар өндіріске еніп келеді. Бүгінде еліміз жол құрылысына жаңаша бетбұра бастады. Тың технологиялар қолданып, әр өңірде заманауи зертханалар құрылды. Соның бірі — «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы.
Еуропаның «Kaidzen» бағдарламасымен жұмыс істейтін орталықта жол құрылыс материалдарын зерделеп, сапасын анықтайтын барлық заманауи қондырғы бар. Осы орайда, мемлекеттік кәсіпорын болашақ жас мамандарға да бағыт-бағдар беру мақсатында жергілікті оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, ашық есік күнін өткізді. Бұл жолы қаламыздағы С.Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжі мен М.Ықсанов атындағы политехникалық колледж студенттері жолшылар зертханасымен танысуға келді. Білікті мамандар асфальт-бетон жабындысының құрамын, тығыздығы мен суға қанғыштық қасиетін анықтайтын бірнеше сынамаларды іс жүзінде көрсетті.
«Жастардың білім көкжиегі кеңейіп, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Қарым-қабілеті жоғары студенттерге алдағы уақытта ақылы өндірістік тәжірибеден өтуге де ұсыныстар айтылды. Жалпы жол саласында маман тапшылығы бар. Сондықтан, бүгінде университет пен колледждерде техникалық бағытта білім алып жатқан студенттерді болашақта жол саласында жұмыс істеуге шақырамыз», — дейді филиал директоры Ерболат Көштаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!