Біреудің қадамынан қалмай аңду, онымен қоймай әлеуметтік желідегі әр іс-әрекетін бақылау, үздіксіз хабарламалар жолдау секілді кей адам үшін қалыпты санайтын дүниелердің астарында үлкен қауіп-қатер жатқанын көпшілік ескермей жатады. Дәлірек айтқанда, бүгінгі қоғамда қызығушылық пен қудалаудың аражігін ажыра алмайтындардың қарасы көп. Негізі, шын мәнінде, сталкинг – адамның жеке кеңістігіне жасалған елеулі шабуыл һәм психологиялық жай-күйіне, тіпті өмір сапасына әсер ететін қылмыс деуге пара-пар.
Бұл проблема қазір тек жекелеген тұлғалардың емес, тұтас қоғамның алдындағы сын-қатерге айналып отыр. Әсіресе цифрлық дәуірде жеке өмірдің шекарасы барған сайын көмескіленіп, «желіде отырған» адам ертең көшеде жолығып қалатын қудалаушыға айналуы мүмкіндігі жоғары.
СТАЛКИНГ ҰҒЫМЫ және ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ
«Сталкинг» (ағылш. stalking) – ғылыми тұрғыдан бір адамды жүйелі түрде аңду, бақылау, қысым көрсету немесе мазалау әрекеттерінің жиынтығы. Бұл ұғым ХХ ғасырдың соңында Батыс елдерінде кең қолданысқа еніп, алдымен криминологиялық, кейін психологиялық термин ретінде бекіді. Сарапшылардың айтуынша, сталкинг – кездейсоқ қызығушылық емес, адамның жеке кеңістігіне жасалған жүйелі әрі мақсатты шабуыл.
Әлемдік тәжірибеде сталкингке әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Мәселен, АҚШ-та ол қылмыстық заңнамаға 1990-жылдардың басында енгізіліп, қудалау түріне қарай түрме жазасына дейінгі жауапкершілік қарастырылады. Ұлыбританияда «Protection from Harassment Act» (1997) арнайы қабылданып, адамның еркіндігін шектейтін кез келген қудалау қатаң жазаланады. Германия, Италия, Жапония сияқты елдерде де сталкинг заңмен қудаланады, ал кей мемлекетте ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір қыры ретінде қарастырылады.
Сарапшылар пікірі бойынша сталкингтің кең таралуы оның «жасырын» сипатымен байланысты: жәбірленушілердің көбі ұзақ уақыт бойы қудалауды қалыпты құбылыс деп қабылдап, дер кезінде құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Әлемдік статистикаға сүйенсек, мысалы, Еуропада әрбір бесінші әйел өмірінде бір рет болса да сталкингке ұшырағанын айтса, АҚШ-та жыл сайын шамамен 1,5 миллионға жуық адам осындай әрекеттерден зардап шегетіні тіркелген.
СТАЛКИНГТІҢ ТҮРЛЕРІ мен БЕЛГІЛЕРІ
Бір кеште қаладағы тып-типыл шу басылғаннан кейін ғана Айнұр телефонға түскен тағы бір хабарламаны көрді. «Сен қайда жүрсің?» деген бір жолға қайта-қайта жазылған сол хабарламаға жауап бергісі келмеді. Бірақ әр кеш сайын оның жұмысынан қайтып келе жатқан жолын біреу байқатпай қадағалап жүретін сияқты болды: автокөліктің көлеңкесі, түскі үзілісте қалдырған велосипедтің қасына ілескен бір беймәлім адам, әлеуметтік желідегі фотоларға түсініксіз лайктар. Алғашында «қызығушылық», кейінірек «қысым» болып көрінетін осы әрекеттердің үзілуі қай күні басталатынын Айнұр да өзі білмеді. Бұл сторителлиң – сталкингтің ең қарапайым тарихы: кішігірім, бірақ жүйелі, жәбірленушінің өмір сапасын өзгерте алатын әрекеттердің баяу жиналуы.
Сталкингтің негізгі түрлері, яғни сценариі мен практикасы мыналарды қамтиды. Біріншісі, дәстүрлі (офлайн) сталкинг – бұл құмарлықты немесе қасақана бақылауды көше, үй, жұмыс орындарына келіп, физикалық қадағалау арқылы жүргізу. Мысалы, үйдің жанында ұзақ тұру, жұмыс орнында күтіп алу, адамның жүретін жолдарын бақылау. Мұндай форма әлі де қауіпті, себебі ол тікелей қорқыту мен физикалық қауіпке әкелуі бек мүмкін.
Екіншісі, киберсталкинг (онлайн сталкинг) – әлеуметтік желілер, мессенджерлер, электрондық пошта, орналасқан жерді көрсету (geotagging), жасырын аккаунттар немесе жалған профильдер арқылы адамның жеке өміріне үнемі қол сұғу. Киберсталкингтің қатері – ол тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтінінде, із қалдырмай бақылауға мүмкіндік беруі. Заманауи зерттеулерде жасөспірімдер мен жастар арасында осындай түрдің жиілігі жоғары екені байқалады.
Үшіншісі, интимдік/серіктестік сталкинг – көбіне қазіргі немесе бұрынғы серіктестер тарапынан жүзеге асатын сталкинг. Зерттеулер көрсеткендей, сталкинг құрбандарының айтарлықтай бөлігі, шамамен 40%-ы – қазіргі немесе бұрынғы интимдік серіктестер. Бұл форма жиі басқа зорлық-зомбылықпен (қол жұмсау, тосқауыл қою) қатар жүреді.
Төртіншісі, жұмыс орнындағы сталкинг – әріптестер, бұрынғы әріптестер немесе жұмысқа қатысты байланыстары арқылы болатын қудалау: жұмыс үстінде үстінен бақылау, ұрланып видео/фото түсіру, тұрақты электрондық пошта немесе қоңыраулар. Бұл – кәсіби қауіпсіздік пен психо-әлеуметтік жайлылықтың бұзылуы.
Бесіншісі, странгер (бейтаныс) сталкинг – құрбаны мен қудалаушының бірде-бір байланысы жоқ жағдайдағы үнемі бақылау. Әлеуметтік желілер мен ашық деректердің (жұмыс орны, фотолардағы орналасқан жер) арқасында бейтаныс адам да іздеп таба алады.
Алтыншысы, обсессивті «қатынастыққа ену» (Obsessive Relational Intrusion) – құрметсіздік көріністерінің бір түрі: телефон арқылы үнемі байланыс орнату, тосқауыл қою, қатынас орнату мақсатында тағы да басқа тұлғаларға қысым көрсету. Бұл әрі қарай романтикалық қатынасқа жету деген мақсатпен жүргізіледі және сталкинг аймағына кіреді.
Төмендегі көріністердің біреуімен кездесу әлі сталкинг деп танымайтының болуы мүмкін, бірақ осы әрекеттер қайталанып, жүйеленсе, жағдайдың маңызды сигналдарына айналады.
Олардың ішінде: үнемі, көп реттеліп келетін күтпеген қоңырау, хабарлама, электрондық хат; түсініксіз немесе қорқыныш туғызатын жазбалар; сенің үйіңе, жұмысыңа, оқу орнына жиі келіп қалу; күтпеген жерлерде кездесу; қолданушының әлеуметтік профильдерін үнемі қарап, құпия түрде фото-видео түсіру, орын белгілеулер арқылы орналасқан жерді бақылау; адам туралы жалған ақпарат таратылуы, заттарын бүлдіру, қорқытуға бағытталған нысандар қою.
Құқық қорғаушылардың, психологтардың атап өткеніндей, құрбандар арасында ұйқының бұзылуы, мазасыздық, әлеуметтік оқшаулану, жұмыстан шегіну сияқты психологиялық зардаптар жиі байқалады.
Заңгер, MNU оқытушысы Әйгерім Құсайынқызы ауыр қылмыстың көбі сталкерліктен басталатынын айтады.
– Ресейде сталкерлік жайлы заң қабылданбаған. Жақында Қазақстанда осы мәселе бойынша заң қабылданып, қылмыстық жауапкершілік енгізілген сәтте көршілес елден хабарласып, құттықтаушылар көп болды. «Қазақстандық арулар, сендер қандай бақыттысыңдар!» дейді олар. Жаңа заң жүзінде сталкерліктің алдын ала отырып, фемицидті, яғни әйел өліміне нүкте қоюға мүмкіндік бар.
«Қазақстанда жылына 400-ге жуық әйел өледі» деген жаңалықтарды қашанғы естиміз? Заң енгізу керек қой, — дейді жаңа баптың қабылдауына себепкер заңгерлердің бірі.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Көптеген елде сталкинг жеке құқық пен бостандыққа тікелей қауіп төндіретін қылмыс ретінде заңмен қатаң реттеледі. Әсіресе, Батыс елдерінде ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір түрі ретінде қарастырылып, дербес қылмыстық құрамға енгізілген.
АҚШ-та сталкинг алғаш рет 1990 жылдары қылмыстық құқыққа енгізілді. Қазір федералды деңгейде де, әр штаттың заңнамасында да арнайы баптар бар. Мысалы, Калифорнияда сталкинг үшін 1 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, ал егер ол қарумен, бұрынғы серіктеске қатысты немесе сот бұйрығын бұза отырып жасалса, жаза мерзімі артады.
Ұлыбританияда 2012 жылы «Stalking Protection Act» қабылданған. Ол бойынша адамды жүйелі түрде қудалау, әлеуметтік желілерде аңду, жалған аккаунттар ашу немесе үнемі мазалау қылмыс саналады. Жаза түрлері: айыппұл, белгілі бір аймаққа жақындауға тыйым салу, тіпті 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Германияда «Nachstellung» деп аталатын қылмыс түрі 2007 жылдан бері Қылмыстық кодекске енгізілген. Бұл заң бойынша, егер адамды жүйелі түрде аңду оның өмір салтына ауырлық түсірсе (жұмысын тастауға, үйден көшіп кетуге мәжбүрлесе), қудалаушы 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жапонияда да сталкингке қарсы арнайы заң бар. Ол «Stalker Control Law» деп аталады (2000 жылдан бері қолданыста). Онда тікелей жазбаша ескертуден бастап, полицияның қорғау шараларына дейін түрлі механизм қарастырылған. Егер ескертуге қарамастан қудалау жалғасса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады – 2 жылға дейін түрме жазасы немесе ірі айыппұл.
Оңтүстік Кореяда 2021 жылы сталкингті жеке қылмыс ретінде танитын заң қабылданды. Бұған дейін ол тек тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір бөлігі ретінде қаралатын. Енді жүйелі аңду мен қудалау үшін 3 жылға дейін түрме жазасы немесе шамамен 20 мың доллар көлемінде айыппұл салынады.
АЛ ҚАЗАҚСТАНДА ШЕ?
Қазақстанда сталкингке қарсы жаңа заң 2025 жылдың шілдесінде қабылданып, Қылмыстық кодекске 115-1-бап ретінде енгізілді. «Сталкинг» деп аталатын бұл норма Президенттің қол қоюымен бекітіліп, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Заңда сталкинг зорлық-зомбылықсыз, бірақ адамның еркіне қайшы жасалатын әрекеттер жиынтығы ретінде анықталады. Яғни біреумен мәжбүрлі қарым-қатынас орнату, үнемі ізіне түсу, телефон соғу, онлайн бақылау немесе қорқыту сияқты әрекеттер адамның психологиялық, әлеуметтік әл-ауқатына зиян тигізсе, ол қылмыс ретінде қарастырылады.
Жаңа заң бойынша сталкингке барған адамға түрлі жаза түрлері қарастырылған: 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 50 тәулікке дейін қамауға алу. Бұл ретте заң жеке өмірге қол сұқпау, қозғалыс еркіндігі мен психологиялық қысымға қатысты құқықтарды қорғауды басты назарға қояды.
Сонымен бірге, егер сталкинг әрекеті зорлық-зомбылық, қорқыту, бопсалау немесе жеке өмірге заңсыз қол сұғумен ұштасса, ол Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша да қарастырылуы мүмкін. Ал бірінші рет осындай әрекетке барған адам өз еркімен кінәсін мойындаса немесе құқық қорғау органдарымен ынтымақтасса, жаза жеңілдетілуі ықтимал.
Дегенмен, тәжірибеде бұл бапты қолдану белгілі бір қиындықтарға тап болуы мүмкін. Көбіне жәбірленушінің өзі ұсынған дәлелдерге, мысалы скриншоттар, хат-хабарлар немесе бақылау деректеріне сүйену қажет болады. Ал қоғамда сталкинг ұғымы әлі толық қалыптаспағандықтан, ақпараттық түсіндіру жұмыстарының жетіспеуі де байқалады.
Мәселен, Бас прокуратура өкілі Әсет Шыңдалиевтың айтуынша, сталкинг үшін 90 күнге дейін қамау қарастырылуы мүмкін, бұл қылмыстық жауапкершіліктің бір түрі ретінде заңда бекітілген. Сондай-ақ азаматтардың жеке шекаралары бұзылып, үнемі аңду, телефон арқылы мазалау немесе онлайн бақылауға ұшыраған жағдайда, олар құқық қорғау органдарына жүгінуіне толық құқығы бар. Заңда мұндай әрекеттер заңсыз қудалау деп көрсетіліп, жәбірленушінің қорқыныш сезімін тудыратын кез келген әрекетке қатаң шара қолдану көзделген.
«Маркизант» заң орталығының заңгері Азамат Талғатұлының айтуынша, сталкингке қарсы баптың енгізілуі – қылмыстық заңнаманың уақыт талабына сай қабылданған қадамы. Өйткені қудалау әрекеттері ұзақ уақыт бойы әкімшілік деңгейде ғана қаралып келгендіктен, жәбірленушілерге нақты құқықтық қорғаныс жетіспейтін.
– Жаңа бап арқылы енді адамның жеке кеңістігі мен психологиялық жайлылығы құқықтық тұрғыдан да қорғалатын болады. Бұл – тек физикалық қауіпсіздік емес, адамның еркін жүріп-тұруы мен тыныштығына кепілдік беретін маңызды норма. Әсіресе киберкеңістіктегі қудалау түрлерін реттеу қазіргі заманда өте өзекті, — дейді заңгер.
Сонымен қатар Азамат Талғатұлы тәжірибеде бұл норманы қолдану кезінде дәлелдемелер жинау мәселесі қиындық туғызатынын атап өтті. Себебі сталкинг фактілері көбіне телефон хабарламалары, әлеуметтік желідегі әрекеттер немесе бейнебақылаудағы көріністер арқылы ғана дәлелденеді. «Қоғамда сталкингтің нақты не екенін түсіндіріп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды. Әйтпесе, бұл баптың тиімділігі толық көлемде іске аспай қалуы мүмкін» дейді ол.
Заңгердің ойынша, жаңа бап құқық қорғау органдарына да қосымша міндет жүктейді. Әрбір арызға салғырт қарамай, дер кезінде әрекет ету заңның өміршеңдігі мен қоғамдағы сенім деңгейін арттырады.
ТҮЙІН. Сталкинг мәселесі бүгінгі қоғамның тыныш та бейбіт көрінетін сыртқы бетінің ар жағында жасырын жатқан үлкен проблема екенін аңғартады. Бұл құбылыстың қауіптілігі – ол бірден қылмыстық әрекетке ұласуы міндетті емес, бірақ жүйелі түрде жалғаса берсе, адамның күнделікті өмірін күрт өзгертіп, еркіндігін шектеп, психологиялық тұрғыдан күйзеліске түсіретіні хақ. Өзге мемлекеттерде қудалаудың қылмыс ретінде танылып, қатаң жауапкершілікке тартылуы – бұл құбылыстың қаншалықты қауіпті екенінің айқын дәлелі. Қазақстанның да бұл бағытта заң қабылдауы қоғамдағы қауіпсіздікке басымдық беріп, азаматтардың жеке кеңістігін қорғауға жасалған маңызды қадам дер едік.
Алайда заң қабылданды, мәселе толық шешілді деп кесіп айтуға да негіз жоқ. Заңды іске асыру үшін құқық қорғау органдарының кәсіби дайындығы, сот тәжірибесінің қалыптасуы және ең бастысы, қоғамның түсінігі қажет. Сталкингті «жай әзіл», «қызығушылық» немесе «қызғаныш» деп жеңіл қабылдау әдеті жойылмайынша, бұл қылмыстың зардабы азаймайды. Қоғамда әрбір адамның жеке шекарасын құрметтеу мәдениеті орныққанда ғана, заңның шынайы нәтижесі көрінеді.
Перизат ЗАХРАДИН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!