Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Спорт алаңдары мұқият тексеріледі – Бейсембаев

09.08.2023, 17:20 211

HALYQLINE.KZ

Астанада футбол қақпасы баланың үстіне құлап, салдарынан оқушы қаза тапқан. Полиция қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқу-ағарту министрлігі осы оқиғадан кейін еліміздегі мектептердің спорт алаңдарын түгел тексеріп шығатын болды.

Куәгерлердің айтуынша, 10 жастағы бала қақпада тұрғанда кенет басына оның бағанасы құлап, көп ұзамай көз жұмған. Болған жағдайдан кейін қақпаны сыммен байлап қойған. Дегенмен қақпа әлі де шайқалып тұр. Қақпасы жерге бекітілмеген, тоз-тозы шыққан алаңда балалар күнделікті доп тебеді екен. Қоршалған алаңның сыртында бұдан үлкенірек футбол алаңы бар. Екеуінің де жағдайы мәз емес. Зілдей футбол қақпасының құлап кеткенін өз көзімен көрген ойын балалары бұл жерде доп ойнамастай болған.

«Біз арғы алаңда ойнап жатқан едік. Бергі тұстан баланың жан дауысы шықты. Жүгіріп келсек, бет-аузы қан-қан. Бірден қақпаны көтеруге тырыстық. Осы маңда жүрген ер адамдар да бізді көріп көмектесейін деп еді. Алайда ол бала қанына қақалып, жағдай одан бетер ушыға түсті. Жедел жәрдем көлігі 20 минуттан соң жетті. Артынша ата-анасы келіп, өзін қоярға жер таппады. Енді бір қарағанда баланың үстіне көк жамылғы жапты. Сұмдық жағдай. Енді мұнда футбол ойнамайтындай болдық», – дейді оқиға куәгері.

Қайғылы оқиғадан кейін оқу-ағарту министрі барлық өңірдің мектеп аумағындағы спорт алаңдары мен құрал-жабдықтар жіті тексерілетінін айтты.

– Бұл бір жағдай ғана емес, Қазақстандағы барлық мектепте, мектеп айналасындағы мұндай заттардың нақты орнықтырылғаны туралы тексеруді қажет етеді. Сондықтан міндетті түрде бүкіл Қазақстандағы мектептің бәрін қайта қарауға байланысты тапсырма бердім, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: