Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сіздің «мәжбүрлемеу» сөзіңіз арандату құралына айналып бара жатыр

05.05.2025, 8:20 357

HALYQLINE.KZ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат

Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сізге ақыл айту ниетім жоқ. Ел ішіндегі тыныштық пен бейбіт өмір – әрбір ақыл-парасатты қазақ үшін де, Сіз үшін де баға жетпес құндылық.

Сіздің «Қазақстан халқы Ассамблеясындағы» сөзіңіз салмақты әрі дипломатиялық сипатта өтті, бұл – стиліңізге сай келетін үндеу.

Алайда «бір-бірімізді мәжбүрлемеу» туралы айтылған сөзіңіз қоғамда түрлі пікір туғызды.

Кез келген ізгі ниет – дұрыс түсінген адам үшін айқын әрі мөлдір, ал теріс түсінетін жан үшін ласқа айналады.

Сіздің «мәжбүрлемеу» деген сөзіңіз қазақ тілін талап етуді «арандату» деп қабылдайтын адамдарға сый болды. Ол мемлекетке, оның тілі мен халқына құрметсіз қарайтын жандарға дем берді.

Қазір «Қай тілде сөйлегім келсе, сол тілде сөйлеймін» дейтін өзімшіл адамдардың бойында от лаулап тұр. Бұл кез келген қоғамдық орында ашық қақтығысқа ұласуы мүмкін.

Мен – Қытайдан келген қазақпын. Қазақстанда әлі де «орыс тілі үстем» екенін ескеріп, тарихи Отанға оралмай тұрып-ақ орыс тілін үйреніп алғанмын. Бірақ Алматыға келгенде «өз ана тілім» деп қазақ тілі үшін күресіп жүргендердің қатарына қосылғым келді. Бұл мемлекет құраушы ұлттың орынды әрі кешіккен қадамы еді.

Бүгінгі Алматы мен бұрынғы «Алма-Ата» – жер мен көктей! Мен барлық жерде қазақша сөйледім. Айғай-шусыз, мәдениетті түрде талап еттім. Елін, жерін құрметтейтін орыстілділер мені дұрыс түсінді. Олар маған қазақшасы шала болса да жауап берді, немесе қазақша білетін қызметкерді шақырды. Алайда, өкініштісі сол, мені дұшпан көріп, жеккөрінішпен қарап, ашық агрессия танытқандар да болды.

Енді, міне, менің «Мемлекеттік тілде жауап беріңіз» деген мәдениетпен айтқан талабым «мәжбүрлеу» деп қабылдануы мүмкін.

Егер мен журналист ретінде мінбердегі мемлекеттік орган өкілінен қазақша сөйлеуді сұрасам – «арандатушы» атануға тәуекел етемін.

Иә, тілді пайдаланып, ұлтаралық араздықты қоздырғысы келетіндер бар екенін жоққа шығармаймын. Бірақ мәселенің түп-төркіні қайда жатыр?

Қазақ тілін білмейтін қазақты «артта қалған» деп менсінбей, оған құрметсіз, тіпті адам ретінде қарамайтындар жоқ па?

Бұның осындай қарым-қатынасқа кезіккен әр қазақтың жанын жаралайтыны рас емес пе? Бұл – шындық.

Ал осындай дау-дамай туындамас бұрын оны тоқтата алатын мекеме бар ма? Мысалы, сол Ассамблея. Қазақ мемлекеттік тіл туралы заңның орындалуын талап етсе – билік оны тоқтатады. Тіпті ренжіп жатады. Коммерциялық блогерлер бұл тақырыпты «саудалауға» кіріседі. Ал отқа май құйып жүрген кінәлілерді кім тәрбиелейді? Ассамблея өкілдерінің біреуі осындай адамдарға үндеу жасағанын көріп пе едік?

Жасырмаймын, мен де Даурен Абаевтың «үңгірлік ұлтшылдық» туралы сөзін естідім.

Бірақ оны дұрыс түсінуге тырыстым. Неге?

Себебі түсінікті: адамның барлық ашуы тілі арқылы көрінеді. Өз елінде жұмыссыз отырған, қарызға батып, ата-бабасының байлығы ұрланып, сөз сөйлегені үшін түрмеге қамалып, дұрыс ем ала алмай, жанын демалдыра алмай жүрген адам – егер өз тілінде сөйлей алмаса, не істейді?

Ондайда оның бар қасіреті тілде тоғысады!

Басқа дүниеден үміт үзгенде, елінің атауындағы «қазақ» деген сөзден жұбаныш іздейді!

Мемлекет мәртебесін алған тілден медет күтеді.

Шын мәнінде, арандатудың негізгі себебі – «үңгірлік ұлтшылдық» емес, «үңгірлік тілсіздік». Мемлекеттік органдар орысша сөйлейді, құжаттар орысша жазылады, қызмет көрсету – орысша! Қазақтілділер орысша сөйлеуге мәжбүр. Ал Қазақстанда жүз жыл тұрып жатқан орыстар мен орыстілділер қазақ тілін мүлде білмесе де өздерін еркін сезінеді. Осы «жазылмаған» заң бәрінен маңызды. Егер «Әділетті», «Жаңа Қазақстан» ҰБТ-ға қатысушылардың 80 пайызы қазақ тілін таңдайтынын, халықтың 70 пайызы қазақ екенін түсінсе, мұндай шындықты елемеуі тиіс емес еді…

Ел ішіндегі бейбітшілік – біздің басты құндылығымыз. Алайда тіл – сол бейбітшілікті бұзатын факторға айналуы әбден мүмкін. Әрине, орыс тілін білу – артықшылық. Бірақ қазақ тілін – мемлекеттік тілді білмеу – кемшілік. Мұны ашық айту керек. Кеше тарихи Отанына оралған қазақтар ана тілінде сөйлейтін. Бүгінде олар орысша үйреніп, еркін сөйлеп жүр. Ал ата-бабасы осында көшіп келіп, осы жерде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері мен ана тілінен айырылған қандастарымыз неге мемлекеттік тілге менсінбей қарайды? Бұл – нағыз арандату емес пе?.. Қазақ жастары даяшы болып жүріп, орысша сөйлеуге тырысады. Ал орыстілді сатушылар қазақша сөйлеуге ұялады!!!

Құрметті Президент мырза!

Ұлы даланың төсінде мемлекеттігін сақтап қалған қазақ ешқашан басқа ұлттың тіліне, дініне, мәдениетіне қарсы болған емес! Сол себептен болар, біз олардың құндылықтарын сақтауға миллиардтаған қаржы бөліп отырмыз. Алайда бабасының жеріне табаны тиіп, өз тілінде сөйлей алмай, өз тілінде қызмет ала алмай жүрген жан – түбі бір пәлеге душар болады! Сіздің «мәжбүрлемеу» сөзіңіз арандату құралына айналып бара жатқанын көріп отырмыз.

Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету – бұл мәжбүрлеу емес екенін, ал өз тілінде қызмет алғысы келетін қазақ – арандатушы емес екенін кім түсіндіреді? Бүкіл халық осы сұраққа жауап күтуде.

2019 жылы жазған хатымда: «Хатыңызда көтерілген мәселелер жұмыс барысында ескерілетін болады» деген үміт отын тұтатқан жауап алдым. Бұл хатты да үлкен үмітпен, сол бір тілектің жетегінде жолдап отырмын – «жұмыс барысында ескерілсе екен» деген тілекпен.

Құрметпен,

Біләл  Қуаныш,

«Қамшы»  ақпарат  агенттігінің  жетекшісі

Коллаж: aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: