Достар, сенесіздер ме, Түркияның Бурса қаласында көкпен таласқан алып ағаш бар. Ол алты ғасырдан бері жайқалып тұр. Биіктігі – 35 метр, діңгегінің шеңбері – үш метр, ал көлеңкесі 950 шаршы метр аумақты қамтиды. Табиғаттың осындай ғажайыбы – шыдам мен беріктіктің айқын дәлелі.
Сондай алып ағаштың бірі Ташкентте бар. XVIII ғасырда Ташкентті Төле би билегенде осы шынардың түбінде елдің игі жақсыларын шақырып, қымыз ішіпті-мыс.
2019 жылы Жаңақорған ауданында да Қорасан ата кесенесінің маңын көгалдандыру кезінде шынар көшеті отырғызылған еді. Бүгінде көктеп, көкке ұмтылған болар.
Бірақ айтар ойымыз – жеке бір ағаштың тарихы емес, шынардың шыдамдылығынан алар тағылым.
Бүгінде Алматы мен Шымкенттің саябақтарында да шынар ағашын кездестіруге болады. Көлеңкесі кең, діңі мықты бұл ағаштар бізге үш үлкен сабақ береді:
Біріншіден, ұзақ ғұмыр – терең тамырға байланысты.
Тамыры тайыз ағаш дауылға төтеп бермейді. Сол сияқты халықтың да тамыры – оның тарихы мен салт-дәстүрінде. Өткенін ұмытқан елдің болашағы баянды болмайды.
Екіншіден, биіктікке жету үшін шыдам керек.
Шынар бір күнде өсіп шықпайды, ғасырлар бойы жайқалып жетіледі. Мемлекеттің дамуы да осылайша ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ұзақ жол.
Үшіншіден, сая болу – үлкен қасиет.
Шынардың саясында талай жан паналайды. Ал мемлекеттің сая болар қасиеті – халықтың әл-ауқатын жақсарту, әділетті қоғам орнату, әрбір азаматқа қорған болу.
P.S. Шынар – жай ғана ағаш емес, ол – өмір мен қоғамға айна. Тамыры терең болмаса, ол биіктемейді; шыдамсыз болса, ғасырларды еңсермейді; саясы болмаса, адамға паналық етпейді. Сол сияқты халықтың да тарихы – тамыр, бірлігі – діңгек, әділетті қоғамы – сая. Осыны сақтаған ел ғана мәңгілікке ұмтылады.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!