Сынаптай сырғыған уақыт тағы бір жылдың аяқталып, жаңа жылдың келіп жеткенін көрсетіп тұр. Күнтізбенің жаңа парағы ашылды. Адам баласы әрбір күннен үмітті. Біз де, 20 жылдан аса уақыт бойы сергек ойымен, оттылығымен, тілінің өткірлігімен қоғамның болмыс-бітімін елеп-екшеп отырған «Халық» газеті де алдағы күннен үміт күтіп, шынайы оқырманы – қарапайым халыққа арқа сүйеп келеміз. Сол үміт отын үрлеуде шындық алауын шырағдан етіп ұстаған басылымыңыз, міне, 2025 жылы ширек ғасырлық мерейтойын атап өткелі отыр.
Осы жылдар ішінде Сіз бен Біз өмірден не түйдік, не көрдік? Жақсы мен жаманның қайсысы жоғары болмағын бағамдауға тырыстық. Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашаққа талпынысына қуана қолдау жасадық. Қоғамнан қағажу көрген кейбір қандастарымыздың тұрмысы түзелмегенін, ұрпақтың азып, салт-дәстүрдің тозғанын, жанайқайын мастанған шенділер мен шекпенділерге өткізе алмағанын, қоғамның құлдырағанын көрдік. Алдау мен амалдау арбасып, ермеліктің жетегінде желп-желп жүргендерді байқадық. Шындықтың ауылы алыстап, шыңыраудың терең түбінен талып жететін үндерді естідік. Шындықты шырылдап айтатындарды шырқау биікке жеткізбей, топшысынан қағатынды түсіндік…
Тәуелсіздік таңы атқан 30 жылда жасампаз істеріміздің аз болмағаны анық, ал жоғалтқанымыз да аз емес секілді. Жасыратыны жоқ, бұдан бес-алты жыл бұрын мемлекет басындағы ауыс-түйістен кейін елде жылымықтың лебі сезіле бастағаны байқалады. Әділетті Қазақстан құру жолындағы талпыныс талайдың үмітін үкілеп тұр. Әйтсе де, әлі көптің көңілі күпті. Дегенмен, демократиялық жолға түскен елде еңсерілген жұмыс жұрттың көз алдында көрініп тұр, кемшін түсіп жатқан тұсы да бар. Осы ретте билік пен бұқараның арасында алтын көпір болып, қай мәселені көтеруде де халық атын иеленген «Халық» газеті тартынып қалған емес, алдағы күні де аянып қалмайды. Бүгінгі қоғамның ақ пен қарасын ашып көрсетіп, айтып келеді, айта да бермек…
Елдің ыстық ықыласымен түлеп келе жатқан басылымыңыз да осы ширек ғасыр ішінде өз болмыс-бітімін жоғалтқан жоқ, жетістігіміз де аз емес. Бәрін былай қойғанда, кеше ғана шығарып салған жылдың соңғы күнінде «Халық» газеті бас редакторының орынбасары, жауапты хатшы Рыскелді Жахман облыс әкімінің «Жебе» сыйлығына қол жеткізіп, 1 миллион теңгенің сертификатын иеленді. Мұның өзі – барша патша көңілді оқырман мен ұжымның жеңісі.
Ақиқаты сол, баспасөз қашандағыдай өз қызметіне адал. Оның міндеті – елдің мүддесін, халықтың мұң-мұқтажын, бағыт-бағдарын жұртшылыққа жеткізу, бір сөзбен айтқанда, билік пен бұқараның арасына алтын көпір болу. Бұл бағытта тәуелсіз саналатын БАҚ-тың да қоғамға берер пайдасы барын жасырып-жабудың еш реті жоқ. «Қадірін білсең – дос қымбат, құнын білсең – сөз қымбат» демей ме ұлт даналығы. Сол айтпақшы, біз – сөздің құнын іспен сабақтаған кәсіп иесіміз. Бейресми басылым болсақ та, ақпарат заманында ел үмітін, мемлекет басшысы мен үкіметтің, облыс басшысының саясатын халыққа тұрақты және тыңғылықты жеткізіп, өмірдің өзекті мәселесін де өзектеп келеміз. Бұл үрдіс алдағы уақытта да өз бағытынан таймайды деп ойлаймыз.
Тұрлаулы тіршілікте бір кем дүние бітпес. Бәлкім, бітіруге болар. Оған ықылас пен ынта қажет шығар. Әлде әрекет керек пе? Бұл да бір кем дүние екен. Ықылас пен ынта дегеннен шығады, «Халық» газетінің таралымын көбейтуде кеңпейілділік танытып, қолдау көрсеткен қала мен барлық аудан басшылары мен ойлы оқырмандарына төл басылымның төрдегі орнын төмендетпегені үшін алғысымызды білдіреміз!
Ал, ендігі сөз, қадірлі оқырман, Құдай қаласа, 2025 жылы өзіңіздің «Халық» газетіңіздің жарыққа шыққанына 25 жыл толады. Сонымен қатар, газет жанындағы halyqline.kz ақпарат агенттігіне (сайт) 5 жыл толып отыр. Осы кезге дейін қолдап келесіз, алдағы уақытта да үлгілі үрдістен жаңылмайтыныңызға бек сенімдіміз. Одан қалды, қоғамда болып жатқан келеңсіздіктер мен жақсылықтарды салиқалы пікіріңізбен, сананы сілкінтер сөзіңізбен жеткізуде де тартынып қалмаңыз. Демек, саясаттан сыр ақтарып, күйбің тірліктің күрделі қырын сөз етіп, мәселенің мәніне үңілуге, көңіл түкпіріндегі түйткілді талқыға салуға Сіздің де мүмкіндігіңіз бар…
Алда бізді не күтіп тұр? Оны уақыт көрсетеді. «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды». Мұны ұлы Абай айтады. Демек, ешкімге ұқсамайтын халықтың болашақтан да үміті зор. Ендеше, үміт оты өшпесін!
Ескінің есті сөзі бар: «Әуелі Тәңірі жерге береді, жерге берсе, елге береді, елге берсе, ерге береді» деген. Құдай бергеннен таймасын, жүректегі иман азғындамасын, адамдар ақылынан айнымасын! Тірлікпен төрге озайық, бірлікпен белге шығайық! Жаңа жыл жақсылығымен келсін!
Нұржан ӘБЖАНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!