Әнші Жанар Айжанова Adal Adam youtube арнасына басында сериал болып шығып, кейін фильмге айналған «Аппақ келін» туралы айтып берді.
«Сержан деген сценарий жазатын бала айтқан «Карантин кезінде әлеуметтік желіде басқа нәсілді жігіттерге күйеуге қыздар шығып жатты, сол жерден келіндер әкеліп жатты». Содан идея алған ғой. Сонда қандай болады екен біздің менталитет деп, жазып маған келді ғой. «Жанар апа, осылай жазғаным қалай? Сосын басты рөлде сізді көріп тұрмын» деді. Жақсы екен, ойнап берем деп бастадық. Ол кезде бірінші маусымда басқа жақтан келін алғанды көрсеттік. Біздің менталитетке дұрыс емес екенін, ананың қызғанышы, екінші – құда-құдағи мәселесі», – деді актриса.
Сериал фильм болып шыққанда ата-әже мен әке-шешенің немереге таласын сюжетке енгізді.
«Бір қызығы, кемпір-шалдың өсірген балаларының бәрі лидер болып жатыр. Яғни ата-әженің тәрбиесі керек. Өйткені олар басқаша мейіріммен өсірген, олардың бірақ қатесі бар – эгоизм. Шешесін шеше деп айтқызбаған, жеңеше деген, болмаса атымен айттырған. Кейін олар өліп қалды. Бала тірі жетім болып қалды. Атасы мен әжесі жоқ, мыналарға қосыла алмайды, бұларды іздемейді. Шешесі суып кеткен одан. Айтайын десе, ата-әженің аруағынан қалай асам деп батпайды. Сол бірақ кесірі тиіп жатыр балаға», – дейді Айжанова.
Жанар Айжанова «бауырына басу» дәстүрі басынан өткен оқиға екенін, кейін есейгенде кесірін көргені туралы айтып берді.
«Шешесін мама деп айта алмай жүрген адам көп қазір. Бала кезінен төпелеп тастаған. Айту керек. Менің анам біраз жыл болды қайтыс болғанына. Айта алмадым «сені жақсы көремін» деп, бірақ ісіммен көрсеттім. Ол риза болып кетті. Куйеуім қайтыс болғаннан кейін мен біраз жүрдім ғой босанбай. Шешем келіп, сол кезде махаббатым ашылып түсіндім. Содан кейін жылы қарым-қатынас болды. Бірақ шешемді бауырыма басып көрмеппін. Менің ойымда әжем, оны қатты жақсы көремін», ‒ деді әнші.
Сұхбат жүргізуші «фильмдегі кемшіліктерді немеренің анасына соңында «мама» деп айтқаны үшін кешірдім» деп пікірімен бөлісті. Бірақ «ішіңе сиейін» деген енесінің сөзіне көңілі толмағанын айтып өтті.
«Ішіңе сиейін» деген сөзді талқыладық, ол көбіне батыста айтылады екен. Мен естіп өстім оны, әжелеріміз жерге бір табақ түсіп кетсе, «Ой, ішіңе сиейін» деп айтып жатады. Сонда да Сержаннан сұрадым ертең бұл ұят болмай ма деп. Не деп қорғанамыз. Бұл – әжелеріміздің, аналарымыздың ешкімге зияны жоқ қатты ашуланған кездегі қаруы. Үлкендерден сұрадым қалай естіледі деп. Құлағымыз үйренген, фольклор ғой ол. Жасыратыны ештене жоқ, боқтық сөзге жатпайды. Басқа елдің түсі басқа келінді алып келгенде ол не дейді енді, әкесінен боқтайды ма, шешесінен боқтайды ма. Сол кезде шығып кеткен сөз ғой негізі», – деп айтып берді актриса.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!