Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шешемнің сыйластығы

06.09.2023, 10:35 205

HALYQLINE.KZ

Өткен ғасырдың 60-жылдарында халық жаппай ішкілікке салынып, Кеңес үкіметі идеологиясының «құдайы беріп» тұрған шақ. Арақ-шарап кез келген жерде, мезгілсіз де сатылып жатты. Сол кездегі саясат үшін де, дүкеншілер үшін де бұл әдеттегі жағдай. Өйткені, қалайда сауда жоспары орындалуы керек. Бұл үрдіске жергілікті билік өкілдері де, құқық қорғау органдары да көз жұма қарайды. Бір қызығы, қанша ішсе де, халық бүгінгідей емес. Бір-біріне ешқашан жамандық ойламайтын, ақкөкірек адал жандар болатын. Арақ-шарап көп, азық-түлік тапшы. Мас адамдардың әлеуметтік жағдайларына қарауға, топшылауға мұршалары бола бермейді. Әрі жұрттың бәрі тең, бәрі кедей болатын. Кеңестік идеологияға да, саясатқа да, руханиятқа да керегі осы болатын.

Менің шешем Зиба да осы шырғалаңның қақ ортасында жүрген дүкенші болатын. Яғни, рабкооптың дүкеншісі. Шағын дүкені теміржол бойында. Ішінде шамалы азық-түлігі болғанымен, арақ-шарапқа сіресіп тұрды. Ол аз десеңіз, үйіміз толған арақ-шарап! Әкеміз Олжай соғыста алған жарақатынан еңбекке жарамсыз боп қалған. Екінші топтағы мүгедек. Контузиясы өте ауыр болғандықтан, мамандығы бухгалтер болса да, еш жер жұмысқа алмады. Көбіне-көп үйде. Азаннан қара кешке дейін бірдеңелерді жазады да жатады. Басқа тірлігі жоқ. Одан қалса, үйге арақ алуға, не ішуге келгендермен әңгімелесіп, дауласып, не әзілдесіп жататын.

Үйге келмейтін адам жоқ. Шешемнің қонақжайлығы сонша – бүкіл ауылмен қоса, жолаушылар да біздің үйге соқпай кетпейтін. Жасыратыны жоқ, бәрінің басты мақсаты – арақ-шарап ішіп кету. Одан бөлек, шал мен кемпірлер де біздің үйге әуес. Олар шешем тығып қойған азын-аулақ тәттімен қою шай ішіп кеткенді тәуір көреді. Ал, әкеме жетім-жесірлер үйір. Көбіне күйеулері, балалары соғыста мерт болып, зейнетақы, жәрдемақы ала алмай жүргендер ағылып жатады. Қысқасы, ауыл орталығында орналасқан біздің шағын үй бейне ауылымыздың рухани орталығы іспетті. Адамдар арасындағы небір қағытпалар, пікірталастар, айтыс-тартыс, қысыр әңгімелер, әзілдер, басқа да «халық шығармалары» дәл біздің шаңырақта туындап, жан-жаққа, жер-жерге тарап жататын.

Шешемнің түрі көрікті, әрі сұсты болғанымен, өте мейірімді адам еді. Өзі Төре руынан ауылдағы жалғыз қыз болса да, келім-кетім, жоқ-жұқа адамдардың баршасын өзіне жақын тартатын, баршасын туысқан санайтын. Жасы үлкендерді «қайын аға», «шешей» деп өбектесе, құрдастарын «құрдас», жасы кішілерді «қайным», «сіңлім» деп еркелетіп жатқаны. Тағы бір ерекшелігі – бәрінің аттарын атамай, өзі ат қойып алатын. Солардың ерекше есімде қалғанын, сыйластықтарын, қарым-қатынастарын қағазға түсіруді парыз деп санадым.

«Төре»  қайын  аға

Шешем ешкімді де бөле-жара қарамайтын. Алайда, осы Әбиболла Жәрімбетов (Арал аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы боп қызмет атқарған Жәрімбетов Әйтекенің әкесі, қазаққа белгілі меценат Жәрімбетов Жантекенің әкесі Қалиламен бірге туған) әкемізге деген ықыласы ерекше болды. «Төре» қайын аға деуден танбады. Мүмкін, әкемнің нағашы апасы Қаламқасты (қазаққа белгілі жырау Мұрат Сыдықовтың асыл жары Базар Қостаева апасы, Әйтеке ағамның екінші анасы) бірінші жары Сыпайы қайтыс болғаннан кейін, асыл жары қып алған соң ба, әлде әкем Олжай мен Қаламқас апам екеуінің тентектігі сондай, жай әңгімелескендерінің өзі қатты керісіп жатқандай әсер беретін мінездеріне басу айта алатын бірден-бір жан болғандықтан ба, әйтеуір осы кісіні шешем өмір бақи сыйлап өтті.

Кейін білдік қой, мүмкін сонау жоңғар шапқыншылығы кезінде Арал өңірінде жасақталған «Мың бала» жасағын әскери дайындықтан өткізген, түп-тамыры Төре руынан тарайтын Бүкірек батырдың тікелей ұрпағы болғандықтан ба, әйтеуір Әбиболла әкемізді жақын тартады-ау! Өйткені, шешемнің өзі де Төренің қызы болатын.

Қамбашта бізбен көрші тұрған Әбиболла Жәрімбетов әкеміз 1901 жылы қазіргі Арал ауданы Райым ауылдық округінің маңында шаруа отбасында дүниеге келген. Бала кезінен ауқатты адамдардың малдарын бағып жалшы болған. 1917 жылы Кеңес үкіметі орнағаннан кейін құрылған балық аулау артельдерінде балықшы, балық аулау бригадирі қызметтерін атқарған. 1921 жылы Арал балықшылары Лениннің әйгілі хатына орай, Еділ бойы жеріндегі аштыққа ұшыраған халыққа көмек ретінде жіберген 14 вагон балықты аулауға және Қамбаш станциясынан теміржол арқылы жөнелтуге белсене атсалысқан. (Бұл жөнінде 1980 жылы «Правда» газетінде жазылған болатын). Бұдан кейін балық шаруашылығында жұмысын жалғастырып, Ауан, Бөген, Ұялы балық зауыттарында директор болып істеген. 1942 жылы күз айында өз еркімен соғысқа аттанып, маршал Конев басқарған майдан жауынгерлерінің сапында рота старшинасы ретінде Сталинградты қорғау, Курск шайқастарында ұрысқа қатысқан. Одан кейін Венгрияны, Австрияны азат етуге, Кенигсберг (кейінгі Калининград) қаласын алуға қатысқан. 1945 жылы қаңтарда оң қолынан жараланып, госпитальда емделіп, сол жылы жаз айында елге оралған. Келген соң, Қамбаш балық қабылдау пунктінде меңгеруші, Ауан,Ұялы, Сарбасат, Аманөткел балық зауыттарында директор болып қызмет атқарып, 1955 жылы Қамыстыбас (Қамбаш) балық қабылдау пунктінде меңгеруші болып жүріп, 1961 жылы зейнетке шыққан. 1965 жылы мамыр айында ауыр науқастан қайтыс болды.

 Соғыста көрсеткен ерліктері үшін 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейінгі еңбегі үшін КСРО балық министрлігінің, Қазақ ССР-ның Жоғарғы кеңесі Президиумының құрмет грамоталарын алған.

Әбиболла әкеміз өзінің шаруасы болмаса, не әдейі шақырмасақ, үйге себепсізден-себепсіз келе бермейтін. Есесіне, Қаламқас апамыз өзінің әулиелігін, көріпкелдігін, басқа да қасиеттерін айтып жиі-жиі соғатын. Әңгімесін қоштап отырмасаң, тез ашуланатын. Сол мінезіне қарап, біздер «Әулие апа» дейтінбіз.

Бір күні әдеттегідей дәлізде қызу әңгіме басталды. Сыртқы есік ашық тұрған. Шамасы, апамыз әлдекіммен керісіп қалса керек. Әлгіні жерден алып-жерге сала отырып, кенеттен орнынан ұшып тұрып: «Сені Хрушевтің орнына келген бастыққа (Брежневті айтып отыр – Н.Ж.) айтамын!» деп саусағын шошайта, қалай айғайлағанын көрсетіп, суреттеп берді.

Сол-сол-ақ, мұны көрген әкем ішек-сілесі қата рақаттана күліп алды да, сөз арасында «әулие» апамнан әлгі шенеунікке қалай айғайлағанын қайта-қайта сұрап қояды. «Әулие» апам да сол сәтте ерінбестен орнынан атып тұрады да, әлгіндегідей кейіпке түсіп: «Сені Хрушевтің орнындағы бастыққа айтамын!» дедім» деп тағы бір желпініп қалады. Әкем болса, рақаттана күлуден бір жалықпайды. Сондай бір қөрініс қайталанып жатқан сәтте екеуінің әңгімелерін рақаттана тыңдап отырған мен, кенеттен түшкіріп қалмасым бар ма?! Мұны естіген «әулие» апам орнынан атып тұрды да, маған тәу етіп: «Жәрекімолла! Әне, періште түшкіріп, қолдап отыр» дегені. Мұндай сәттерді қалт жібермей, жақсылыққа ұмтылатын басым, кенет ойлана қалдым. «Е-е, менің түшкірігім пайдалы екен ғой! Өткенде столда тұрған қара бұрышты иіскеп қап қатты түшкіргенім бар. Тағы да иіскеп қап, түшкіріп, әңгімелерін қыздыра түсейін! Сөйтіп, «әулие» апама қолдан келген бір жақсылығымды жасайын!» деген ниетпен ішкі бөлмеге өтіп, столдың үстінде тұрған қара бұрышты иіскеп қап, дереу орныма қайта отырып үлгердім. Содан… Иә, содан кенет түшкірік басталсын!…

– Ә-ә-т-пішу!…

– Жәрекімолла!… Айттым ғой, періште деп!

Басымнан сипап, тәу етті.

– Әт-пішу! Әт-пішу-у!…

– Жәрекімолла!

«Әулие» апа мен менің, яғни «періштесінің» арасындағы «жекпе-жек» жуық арада тоқтар емес! «Қызық әңгімеден» қағылған әкемнің сабыры таусылып, жыны ұстай бастады.

– Әт-пішу!

– Жәрекімолла!

– Әт-пішу!

– Жәрекімолла! Уа, болды енді!

– Ә-ә-т-пішу!

Енді «жекпе-жекке» әкем араласты.

– Өй, шешеңді…! Тоқтат!…

-Әт-пішу!

Кенет желкемді әкемнің қарулы қолы сығымдап ұстай алды. Бірақ, сықпыртып боқтап үлгере алмады.

– Әт-пішу!

– Ах, шешеңді…!

Кенет ұшып бара жатқанымды сездім. Сонда да, «әтпішулеп»бара жатырмын. Көзім түшкіріктен ашылар емес. Жерге жайсыз «қонғаным» ғана есімде қалыпты. Сөйтсем, есіктің алдындағы үюлі тұрған құмға баспен қадалыппын. Сонда да түшкірігі бар болғыр райынан қайтар емес! Жылауға мұрша жоқ.

– Әт-пішу!

Енді «әулие» апам қорқайын деді. Әңгіме жайына қалды.

– Әй, мына бала ауырып тұрғаннан сау ма?!

– Әт-пішу

Тым жақсы әңгімеден қағылған әкем жындана айғайлады.

– Өй, шешесін…!

– Әт-пішу!

Мына қылығыма енді әкем де таңданып, қорқайын деді. Қанша дегенмен баласымын ғой!

– Әй, мынаған, шынымен де, не болды?!

– Әт-пішу!

Әкем таңғалғаннан, жауап та қатып үлгермеді. Осы кезде Құдай айдап, беймезгіл келе бермейтін Әбиболла әкеміз келе қалды. Мен болсам басым құм-құм боп, «әтпішулеген» күйім, жерде аунап жатқам. Әбіржіген түрімді көріп, жалма-жан көтеріп, бауырына басқан Әбиболла әкеміз аса мейірімді, жұмсақ қоңыр үнімен:

-Не боп қалды, балам? – деді.

– Әт-пішу!

– Түшкірігіңнен айналайын! Ал, қәне, енді айта ғой! Не болды?!

Мен «әтпішулеп» тұрып, әрең түсіндірдім.

-Мен күш-ті періш-те боп көрін-гім кеп,қара бұрыш-ты мұрыны-ма… әт-пішу!

Жағдайды бірден ұққан Әбиболла әкеміз сөзімді ары қарай айтқызбай, бауырына мәпелей қыса түсті.

– А-ай!…Тентегім-ай!…

Біраздан соң, әкем мен «әулие» апама ұрыса бастады.

– Ай,сендер балаға енді тиісуші болмаңдар! Бала сендердің көңілдеріңді тапқысы кеп, мұрынына қара бұрыш сеуіпті. Баламысың деген… Нағыз періште де, әулие де осылар ғой!… – деді.

Бұл сөзге үлкендер қатты күлді. Мойындады.

Осы оқиғадан кейін, Әбиболла әкеміз болмаса, үлкендердің әңгімесіне көп араласпайтын болдым.

Бір күні шешемнің «Төре» қайын ағасы тағы келді. Әңгіме қызды. Әңгіменің төркіні ит болды. Бала «ит» десе, қызбай тұра ала ма?! Тағы да еріксіз құлақ түрдім. Әбиболла әкеміздің ұрғашы овчарка иті бар еді. Жылда күшіктейді. Күшіктері өте қарулы, әрі қабаған боп өседі. Күшіктері тым көбейіп кетті. Соған мезі болды ма? Бір күні Қызылордадан келген қонаққа ұрғашы итін беріп жіберіпті. Қонақ көзін байлап, пойызға салып алып кетіпті. Иті тағы да буаз екен. Барған соң, көп ұзамай күшіктепті. Күшіктеген соң, енді қашпайды деп ойлап, байлаудан босатыпты. Босана сала туған жеріне қашқан ит теміржолды жағалап отырып, қырық күн дегенде ауылына әрең жетіпті. Аяғы тілім-тілім боп ісіп кеткен. Аштан өлуге келіпті. Әбиболла әкемізді көргенде, еркелеп кеп, мойнына асылыпты.

– Ой, жарықтық-ай! Көзінде жас. Туған жерін әбден сағынып қалған-ау! Жерге аунай береді. «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мәтелді кейде осындай есті хайуандар жоққа шығарады-ау деймін! – деп сөзін аяқтаған.

Кейде Әбиболла әкеміздің осы әңгімесі еске түскенде, осы күні оқу іздеп, шетелге кеткен кей жастарымыздың отанына оралмай, жылы орындарында қалып қойып жатқандары еріксіз ойға оралады екен.

«Наубай»  қайын  аға

Шешемнің «Наубай» қайын ағасы Қамбаш жұмысшылар тұтыну одағының, яғни рабкооптың нан пісіретін наубайханасында наубайшы боп қызмет атқарған Жиенәлі баласы Бозғұл деген әкеміз еді.

1912 жылы осы ауылда дүниеге келген оның балалық шағы да, жастық шағы да Кеңес заманының кесапатқа толы уақытында өтті. Соғыстың да, сталиндік зұлматтың да қанқұйлы саясатының құрбаны болды. Алайда, рухы сынбаған ол барлық қиындыққа төзе білді. Жеңіп те шықты. Кеңес Одағының ең суық жері Воркуттада айдауда жүріп, өзі сынды мұңлық татар жігітінің 16 жастағы қызымен отау құрды. Жеңгеміздің аты-жөні Хисматуллина Гүлзейнеп Хисматқызы болатын. Жас айырмашылықтары – 25 жыл! Махаббат деген жасқа қаратпайды-ау!

1958 жылы тұңғыштары Ерали дүниеге келгеннен кейін, көп ұзамай айдаудан босанып, елге қайтты. Көп қиындықпен осы ауылдағы наубайханаға нан пісіруші-наубайханашы боп қызметке орналасты. Айдауда жүріп, аспаз болғанының себі көп тиді. Осылайша, Бозғұл әкеміздің қалыпты өмірі басталды. Қалыпты дейміз-ау, сырт көзге солай көрінгенімен, ол кез халық үшін аса ауыр кезеңнің бірі еді. Халықтың дені аш болатын. Нан жоқтың қасы. Бар нанның өзі қатаң бақылауда. Елдің дені – жетім-жесір, мүгедек! Ер-азаматтар, жұмысқа жарамдылар азаннан қара кешке дейін ауыр еңбектің мехнатын көрудей-ақ көруде! Осындай жағдайда Бозғұл әкемізді сағалайтын адамдардың көп болатыны айдан анық болатын. Ұлтын сүйер азамат, небір тозақтың отынан өткен жанкешті әкеміз шолақ белсенділердің, жандайшаптардың, тексерушілердің сұрқиялықтарынан айласын асырып, жоқ-жұқа адамдарға жақсылығын аямады. Бір көсек нанды бөліп беруде асқан азаматтық жасады.

Ол-ол ма?! Тіпті, мұғалімдер, дәрігерлер сынды ауыл зиялыларының да бір сәт наннан ауыз тигізуде шеберлік танытатын. Дүкен сөрелерінде сықап тұрған арақ-шарапты алып, ішуді себеп қылып наубайханаға келген қызметкерлерге «закусканы» сылтау етіп, ыстық нанға маргарин майын тығып ерітіп, қарындарын тойғызып жіберуді шебер ұйымдастыратын. Ол кез үшін арақ-шарап ішу еш әбес емес еді. Тексерушілер үшін де арақ-шарап ішу қылмыс боп есептелінбейтін. Сол себепті, нан жеу арақтың тасасында қалатын. Осы сәтте біздің үйде де арақтың қызу саудасы жүріп жататын. Жәшік-жәшік арақтар лезде көзден ғайып болатын. Үйдің маңы топ-топ боп арақ ішкендердің гу-гу әңгімелері араның ұясындай гуілдейтін. Біздер, інілерім Әжәп пен Нұртай, қарындасым Ғалия, шешемнің қайын ағасы – «Наубай» қайын ағаның тапсырмасымен, яғни жұрттың іше алмай қалдырып кеткен арағын жинап қоюға қызу кірісіп жататынбыз.

Балалық қой! Ақ арақты бір бөлек, қызыл шарапты бір бөлек жинап қоятынбыз. Бөтелке толса, бір үлкен істі тындырғандай Бозғұл әкемізді тағатсыздана күтетінбіз. Үйдегі нанға да тыным жоқ. Үздіксіз алмасып отырады. Кейде аш отыратын кезіміз де болатын. Өйткені, үйдегі азын-аулақ нанды арақ-шарап ішкендер «закуска» деп жеп қоятын. Есесіне, шешемнің «Наубай» қайын ағасы арақ ішуге келгенде, қойнына нан қыстырып әкеп, толтырып қоятын. Арақ ішіліп жатқанда, қызу әңгіме, пікірталас, ақындар айтысы, қағытпа әзілдер шарықтау шегіне жететін. Сондай қағытпаның бір сәтінде Бозғұл әкеміз:

– Бүгін Гүлзейнепті ренжітіп алдым, – деп, бір әңгіменің ұштығын шығаратын.

Мұны естігенде, құрдастары, інілері:

-Неге?!… Неге?! – деп сұрақты төпей жөнеледі.

Сондай сәтте Бозғұл әкеміз өзіне тән сабырлылықпен жан-жағына асықпай көз жүгіртіп, ұзын-сонар әңгіме бастайтындай кейіпте:

– Әуелі анадан құйып жіберіңдер! – деп арақты мегзейтін.

«Қызық әңгіме айтылмай қалады-ау!» деген қауіппен інілері жалма-жан арақты құюға ұмтылатын.

Қырлы стақан толы арақты бір-ақ қылғытатын шешемнің зор денелі «Наубай» қайын ағасы стақанды төңкеріп тастап, көп күттірмей әңгімесін бастап кетеді.

– Қатыныңның жас болғаны да бір жағынан жақсы! Бір жағынан – проблема!

Пікірдің бұлай өрбуі, әңгіменің жас қатын туралы болғаны, жан-жағылардың тағатын тауысып, әсіресе, жас жігіттердің делебесін қоздыратын.

– Содан?!…

– Содан?!…

Мұндайда Бозғұл әкеміз рақаттана кеңкілдеп күліп алады.

– Қатыныңның жас болғаны өзіңе ұнамды болғанымен, кей-кейде жағдайың бола бермейді ғой! Оны жас қатын қайдан түсінсін!…

– А-а ?!…

Сондайда Гүлзейнеп: «Киләсіз дә, китәсиз! Рыс-трайват итәсиз!» деп қатты реніш білдіреді.

– Не дейт?!…

Жан-жағын қаумалаған жұрт қыран-топан болады. Арақ-шараптың буы мен шынайы күлкі жұрттың көңілін көкке көтеріп тастайды. Бәрі мәз-мейрам.

Енді бірде Бозғұл әкеміз:

– Бүгін Гүлзейнеп: «Бозғұл әкәміз бүгін құрметләді! деді», – деп, мәз болып, жұртты тағы күлкіге қарқ қылады.

Осылайша, махаббат қызық мол жылдар да зуылдап өте шықты. Балалары ер жетті. Қыздары бой жетті.

Бір күні Бозғұл әкеміз қабағында кірбің бар, қатты ренжіп келді.

– Гүлзейнеп бүгін мені ренжітті! – деді көңілсіз.

– Уа, не болды?! – десті жан-жағындағылар әртүрлі көңілде.

– Ауылда балаларыма жұмыс жоқ. Проблема көбейе бастады. Ми да қатып кетті. Осынымды байқаған Гүлзейнеп: «Ала сиыр сатарға керек! Қазанға көшерге керек!» деп қарап тұр.

Шуылдақ жұрт:

– Сен не дедің?! – деп сұрақты қойып та үлгерді.

Сол кезде Бозғұл әкеміз басын әнтек көтеріп алды да, табан асты жадырап сала берді де:

– Мен не дейін ?!… «Мә, саған ала сиыр! Мә, саған Қазан!» деп құлақ шекеден бір қойдым.

– Апыр-ай, мына тоқпақтай қолыңмен бір жерін майып қылмасаң болар еді, – десті былайғы жұрт Бозғұл әкеміздің бұл әрекетіне күлерін де, жыларын да білмей дағдыра.

– Жастық шағымды алыста айдауда өткізген маған қашанда туған жерім ыстық қой! – деді мұңая.

Бозғұл әкеміздің бұл сезімін ол кезде әркім әрқалай түсінді. Оны тек қасында егіз қозыдай тел өскен, соғыста қан кешіп, тұтқында болып, одан қашып шығып, қан майданда ауыр жараланып, украин қызына үйленген Жалғас Мәмбетәлиев әкеміз ғана жан дүниесімен сезінсе керек. Үнсіз қалды.

«Жақсыға сөз ереді, жаманға шөп ереді» дейді ғой атам қазақ. Бозғұл әкеміздің артында жақсы сөзі мен жақсы ісі қалды. Әсіресе, Гүлзейнеп жеңешеміз екеуінің арасындағы өшпес диалогтары жұрт жадында мәңгілікке қалып, сағыныштарын өлместей етті.

Әкімқаралар, депутаттар ауылымызға келіп, халыққа уәделерін үйіп-төгіп, артынша ат ізін суытып, көзден ғайып боп, ештеңе орындамаса, әлгілерге Гүлзейнеп жеңешеміздің: «Киләсіз дә, китәсиз, растрайват итәсиз!» деген сөзін іздерінен ертіп жібереді. Немесе, қызынып кетіп уәдені төгіп жатқан шендіні жұрттың арасынан шыққан кейбір батылдаулары сөзін бөліп жіберіп: «Гүлзейнеп жеңешеміз айтқандай, уәденің арты «Киләсіз дә, китәсиз, растрайват итәсиз» боп жүрмей ме, әйтеуір! деп жұртты қыран-топан күлкіге қарқ қылатын мәтелге де айналдырып алған-ды.

Кейде уәдені орындаған шенеуніктерге: «Гүлзейнеп жеңешеміз айтқандай, «Бүгін уәдеде тұрып, елді құрмәтләдіңіздер!» деп тағы күлкіге ұшыратады. Бұл биліктегілердің ел арасында сенімнен айырылып қалғанының белгісі-ау, сірә!

Міне, менің шешем Зибаның «Наубай» қайын ағасынан қалған, сағыныш сағымына айналған бір естелік.

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамбаш  ауылы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: