Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ШАҚ-ШҰҚ!

04.07.2023, 14:07 306

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі сатира

Қандай түлен түрткенін қайдам, компания жұмысшыларымен бірге мен де наразылық митингісіне шықтым. Талабымыз біреу: «Еңбекақымызды көтермесе, жаппай жұмыстан кетеміз!»

Компания президенті бізге менсінбей қарап шықты да:

– Еңбек ақыларыңды көтеремін. Ол үшін ұялы телефондарыңдағы вацапқа дауыстап хабарлама жазасыздар! «Шақ–шұқ!» – дейсіздер. Кім қанша «Шақ–шұқ!» дейді, бухгалтер сағаттар бойынша «шақ–шұқтарыңызды» есептеп, айлықтарыңызды өсіреді. Әр шақ сөзі – жүз теңге, шұқ сөзі – екі жүз теңге. Егер асықпай, жәй айтып жазатын болсаңыздар, он-ақ теңгеге есептеледі! – деді.

Еріккен, кеңкелес президенттің мынаусына ұйықтап қалмасақ та, сол жерде хормен: «Шақ–шұқ, шақ, шұқ!» –деп айқайлай бастадық.

Сол жерде бір сағаттай «шақ–шұқтадық», ауызымыз алақандай болып, ауырып, тілдеріміз салаңдап кетті. Шетелдік жұмысшылардың айлықтары пәленбай мың, біздікі сиыр сигендей болған соң, көшеде келе жатып та, «шақ–шұқ!» –деумен болдым! Бала–шағамды асырауым керек қой! Бір кісі тоқтатып: «Жындыхана қай жерде?» –деп сұрап еді, «Шақ–шұқ!» –дедім. Бір әйелді байқамай соғып кетіп едім, кешірім сұраудың орнына: «Шақ–шұқ!» – дедім. Автобуста да аузым тынбады. Бәрі маған таңырқай қарайды. Содан, «Каспий» банктен бір қыз ызбандады. «Несиеңізді қашан төлейсіз?» – деп. «Шақ–шұқ! – дедім мен. Үйге кіргеннен «шақ–шұқтап» аузым жыбырлап, диванға жата кеттім. Бірақ, «Шақ–шұқты» қояр емеспін. Әйелім: – Есің ауысқан ба? Тамақ іш! – деді. «Шақ–шұқ!» – дедім мен. «Вермишель таусылды,» – деді ол. «Шақ –шұқ! «Немене, шақ–шұқ?» «Шақ–шұқ!» Әйелім басыма тәпішкесімен салып қалды. «Шақ–шұқ!», «Аштан қырыламыз ба?». «Шақ–шұқ!». Ол жедел жәрдем шақырды. Ақ халатты қыз: «Ағай, қай жеріңіз ауырады?» – деп сұрады. «Шақ–шұғым»! – дедім мен. Бір ай бойы «шақ–шұқтан» тынбадым. Бүгінде жындыханада жатырмын, шақ–шұқ!

Мұхтар ШЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: