Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Шанхайдың» жігіттері, Мырзамұрат естеріңде ме?

11.08.2025, 16:45 296

HALYQLINE.KZ

(Досымның жүзі 23 жасындағы кейпінде сақталып қалды)

«Пырза», ол оның лақап (кличкасы) аты еді. Ол кездегі де, қазіргі кездегі жігіттер де бір-бірін есімдерін қысқартып айтады. Марат болса Мара, Болатбек болса Булла деп атап, жастары қырыққа келгесін Маке мен Бөке деп атай бастайды.

Пырзаның азан шақырып қойған есімі Мырзамұрат Отаралиев еді. Қазіргі Әйтеке би кентіндегі, ол кездегі Жаңа-Қазалы поселкесіндегі М.Жұмабаев (Ванцетти) көшесіндегі еңбекқор адал адамдар Ысқақ пен Тынымның отбасында 1957 жылдың 2 сәуірінде дүниеге келді. Апасы Қарашаш Отаралиева менің апам Марияшпен бір сыныпта оқыды.

Әке-шешесіне тартып Мырзамұрат та еңбекқор, әрі досқа адал жігіт болып өсті. Достары қандай өтініш айтса да, өзінің жұмысын кейінге ысырып қойып орындайтын.

Екеуіміз теміржолға қарасты №420 мектепте оқыдық, ол менен екі жас үлкен болғандықтан, совет армиясы қатарында борышын өтеп келген соң қысқа да болса да, үш жылға созылған достығымыз басталды.

ХХ ғасырдың 70-жылдарының соңында Қазалыда эфирге шығу жастар арасында жаппай үрдіс болды. Қысқа толқында эфирге шыққасын, сол кездегі Қазалыдағы аэродромнан ұшатын АН-24 ұшағының радио байланысына кедергі келтіргесін, Қызылорда қаласынан арнайы эфиршиктерді аулап анықтау үшін пеленгатор машинасын шақыратын. Учаскелік милиционер арқылы эфир машинкасын және магнитофонын тәркілеп, айыппұл салғанмен, Қазалыдағы эфиршиктерді тоқтата алмады!

Оны да түсінуге болады. Кешкі сағат жетіде телевизордан «Время» ақпараттық хабардан кейін бір кино көрсетеді, сосын хабар аяқталып, телевизор экраны аппақ болып азанғы 11-ге дейін жыпылықтап тұрады.

Мызамұрат жас кезінен радио мен телевизорды жөндеуді өздігінен үйренген болатын. Оны қолды-аяққа тұрғызбай үйінен алып кететін еді. Міне, Мырзамұратқа, эфирге шығатын машинкасы тәркіленгендіктен Шанхайдағы үйіне келіп машинка жасатып алатын. Ол кезде «Шанхайда» тұратын Болат «Адамша», Асқар «Монте-Карло», Тақа (шын есімін ұмыттым) «Толик», Большевик көшесінде тұратын ағайынды Переплетовтар «Карлсон», Қадыр «Талисман» болып шығатын. Бұдан басқа Қазалының «Барсакелмес», «Ақмешіт», «Айқай-Шу», «Бомбей», т.б. крайларында көптеген эфирщик болды. Эфирдегі аттары (позывной) айқайлап тұратын: «Арсенал», «Европейец», «Александр», «Валентин», «Петр Первый», «Черная борода», «Атаман Бурнаш», т.б. деп аталатын. Мен тек есіме түскенін ғана жазып отырмын. Жас жігіттер кеш болғасын көшеде қаңғырмай, бір-бірімен сөйлесіп, жаңа запись (әндер) қойып уақыт өткізіп отыратын. Эфиршиктерді қыздар да тыңдайтын. Ол кезде барлығы да жұмыспен қамтылған еді және демалуға да құқығы бар еді.

Тақырыптан ауытқып кеттім, енді досым Мырзамұратқа келейін. Мырзамұрат эфирге «Саулешка» болып шықты. Оның өз тарихы бар еді, армиядан келген соң, моторды да жөндей алатын Мырзамұрат насос станциясында моторист болып істеген еді. Осы мекемеге практикаға келген прокурордың қызы Сәулемен сөйлесіп достасып кетті, тіпті ғашық екенін айта да алмай, эфирге «Саулешка» болып шыққанын білемін. Сәуленің практикасы аяқталып, Алматыдағы оқуына кетті, ол жерде енді жұмыс істегісі келмеді, себебі, мекеме ауласындағы тал түбіндегі орындықта Сәулемен әңгімелесіп отырғаны есіне түсіп, неге оны сүйетінін айта алмағаны үшін өзін-өзі іштей кінәлайтын.

Сосын қолы алтын жігіт Мырзамұрат аудандық пионерлер үйіндегі радио-техника үйірмесіне жетекші болып қызмет істейтін Азат жұмыстан кеткеннен соң, соның орнына тұрды. Иә, ол кезде бір жұмыстан екінші жұмысқа тұру қалыпты жағдай еді ғой. Қазір ғой, қос-қостан дипломы бар жастар шабашник болып жүргені…

Осы жерде жүргенде Мырзамұратпен достығымыз одан әрі жалғасты, Қазыбек үшеуміз талай рет Қызылорда қаласына түрлі жарыс пен көрмелерге оқушыларды апарып жүрдік. Осы пионерлер үйінде жүргенде «М» есімді қызға ғашық болды, ол орыс мектебінде оқыған еді және әкесі үлкен лауазым иесі еді. Ол қыз да Мырзамұраттың өзіне деген көзқарасын, біздің әзілдеп айтқанымыздан білетін. Ал, өзіне оңашада: «Сен Пырза, талғамың өте жоғары екен, прокурор не партократтың қызына ғашық боласың, шын үйленгің келсе талғамынды өзгерт, екеуміз де, жұмысшының отбасынан шықтық қой» деген едім.

Сосын қайғылы жағдайға ұшырады, 1980 жылдың 1 мамырында мерекені атап өту үшін ұжым жастары апалы-сіңлілі музыкант қыздардың үйінде таң атқанша болдық. Мырзамұрат болса «Шанхайдағы» жастардың вечерінде боламын деп, Қазбектен фотоаппарат сұрап алды. 2 май күні музыкант қыздарымыздың анасы Әсия апай: «Тұрыңдар, Пырза келіншек әкеліпті» деп бәріміздің ұйқымызды шайдай ашқан соң, дастарқан басында, досымыздың тоққа түсіп қаза тапқанын айтты. Бәріміз сене аламай Ванцетти көшесіндегі үйіне барғанда естідік. Жастар бас қосқан үйде, жарық өшіп қалғасын, үйдің қасындағы трансформаторды ашып көрмекші болады, сол күні түнде жаңбыр да жауған болатын…

Жаназасына барлық крайдың жігіттері жиналды, әншейінде төбелесіп, бастары піспейтін край жігіттері сол күні қатты қайғырып, соңғы сапарға шығарып салды. Күннің ерекше ыстық болғаны соншалық, табиғат ананың өзі қайғыдан қайнап тұрғандай әсер етті.

Ағасы Төремұрат пен жеңгесі Гүлханыс Мызамұратқа арнап ас берген болатын, «Шанхайдағы» қатарлары сиреп қалған екен ғой, кейбіреулері басқа жаққа қоныс аударып кеткен. Садақаға екі-ақ замандасы келіпті. Гүлханыс жеңешесі: «Қайнымның бойы ұзын, ақшыл жүзді, барлығына қамқор, адамдармен қарым-қатынасы өте жақсы еді, той-томалақтарда сөйлеуі мәнерлі, жүйелі сөйлейтін еді» деген болатын.

Мырзамұрат досымның бейнесі мен үшін сол 23 жасындағы кейпінде сақталып қалды.

Фотоның екі шетінде тұрған Мырзамұрат.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

ҚР Журналистер мен Халықаралық жазушылар одағының мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: