Бүгін ауданға қарасты Сексеуіл кентінде 22 наурыз – Жыл басы күніне орай, ұлттық құндылығымызды ұлықтаған әз-Наурыз мейрамы тойланды. Мерекелік шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысты. Шараға қатысқан құрметті қонақтардың қатарында аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төрахметов пен кенттің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен депутаттар, қоғам белсенділері бар.
Сән-салтанаты келіскен шуақты шарада жұртшылық алдымен кенттің басты көшесімен жүріп, халқымыздың көшпелі мәдениетін кеңінен дәріптеген керуенді күтіп алды.
Көпшілік бас қосқан басты мейрамда орталықтың сәнін келтірген ақшаңқан үйлер тігіліп, тақырыпқа сай, қазақы дәстүрге негізделген шаралар өтті.
Аудан басшысы кент тұрғындарын жаңару мен жаңа күннің басты белгісіне айналған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Қадірменді ағайын, құрметті жерлестер! Тыныс-тіршілікті оятып, жаңартып-жаңғыртқан, табиғат ананы жасартқан, Самарқанның көк тасына дейін еріткен жақсылықтардың жаршысы, жақсы істердің бастауы – Ұлыстың ұлы күні, әз-Наурыз баршаңызға құтты болсын! Жер-ана қайта түлеп, күн мен түннің теңелер шағындағы шығыс халықтарының ұлы мерекесі әз Наурыздың әрқашан орны бөлек. Қазақ танымында бұл мереке Ұлыстың Ұлы күні саналғандықтан халқымыз осы бір сәтті айрықша күтетіні белгілі. Әз-Наурыздың биылғы жылғы ерекшелігі қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келуінде деп ойлаймын! Осы сәтті пайдалана отырып баршаңызды қасиетті айдың төрімізге енуімен құттықтаймын! Ниеттеріңіз қабыл болсын! Осы жарқын мерекеде әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс пен молшылық, елімізге тыныштық пен тұрақтылық тілеймін! Көктемнің шуақты мерекесі әрбір отбасына шаттық пен қуаныш әкелсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын, – деген аудан әкімі А.Оңғарбаев кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында қолға алынған бірқатар жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
Кенттегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бақытжан Жалмырзаев жұртшылықты әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, ақ батасын берді.
Шара барасында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, кент әлеуетін еселуге атсалысып келе жатқан бір топ азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Мереке аясында киіз үйлерде қазақтың мерекелік асы наурыз көже дайындалып, кең жайылған ақ дастарқан басында келушілерге дәм ұсынылды.
Талантты өнерпаздар әннен шашу шашып, қос ішектен күмбірлеп күй төгілді. Осылайша сәні келіскен шуақты шара көпшіліктің кеуілін көтеріп, мерекенің мәнін айшықтай түсті.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!