Тарихи, мәдени немесе этникалық айырмашылықтар негізінде қоғамды бір-біріне қарсы қоятын тайпалар ежелден алауыздық туғызатын күш болды. Сонымен бірге өскелең ұрпақ арасында рушылдықты алға тартып, оны қолдайтындардың қатары қалың екенін байқап келеміз. Елдің тұтқасын жастарға сеніп тапсырамыз дейтін сөзді көп айтамыз. Бірақ, бүгінгі буынның бойында трайбализмнің басымдығы оларға деген сенімге селкеу түсіреді. Ата-ананың басты қателігі – балаларының аз-кем бұзақылық істегеніне көз жұмуы. Иә, бала балалықпен бәрін жасайды. Бірақ, оған тоқтау қою, шекарадан шығармау үлкендердің құзырында емес пе? Қазір біреуді кемсіту, өзіне басымдық беру немесе менсінбеушілік қасиеттері «Z буынының» заманында алаңдатып тұр. Қоғамдық азғындыққа әкелетін бұл қасиеттер бағзыдан жақсы аталмаған. Осы кезде де алдын алудың әрекетін жасамасақ, болашақта бөлініске әкелетін ұлтты тәрбиелеп алуымыз мүмкін. Бұл пікірмен көптің де келісетінін байқадық. Жастар арасындағы трайбализм (ұлтқа, нәсілге бөлінуді айтады. – авт.) дертінің асқынуы етек алмай тұрған кезде, азаматтық институттардың жұмысын нықтап, барынша көңіл бөлуіміз керек.
– Балалардың арасында трайбализм үрдісі тоқтаған деп айта алмаймыз. Көзге көрінбейтін шоқ түгел орманды күлге айналдыруға қауқарлы секілді, бұл дүниенің де соңында үлкен дүмпу жасалмасына ешкім кепілдік бермейді. Оған «кім кінәлі?» деген сауал қойсақ, әркім әртүрлі жауап беруі мүмкін. Бірақ бастысы – үйдегі ата-ананың бұл нәрсені қаперге алмауы сеп болып отырған секілді. Бала деген оң-солын енді ғана танып келе жатқандықтан, оны қалай ие білу – өз қолымызда. Жақсы жаққа бұрып, руға, ұлтқа, дінге бөлінбеу қағидасына тәрбиелейтін болсақ, алаңдайтын да дүние болмайды. Негізінен, жастар арасында төбелес, құқықбұзушылықтың да біразы осы трайбализмнен туындап отыр, – деді мектеп мұғалімі Фариза Алтынбекова.
Жастардың тәрбиелену сатысы тек мектепте емес, одан кейінгі оқу орнында да жалғасын табады. Шынын айтсақ, ұлтқа, руға бөлінушіліктің айқын көрінісі осында болып жатыр ма екен дейсің. Өйткені, жастардың бір-бірін төмендетіп, ұлтқа бөлінуі көбінде осындай ортада болады екен. Азаматтық-құқықтық статистикаға сүйенсек, 2023 жылғы 3 айда бірінші сатыдағы соттардың қарауына 136674 өтініш келіп түскен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (105687) 29,3%-ға артық. Мұның ішінде азаматтарды ұлтына, нәсіліне, ұстанымына байланысты бөлу фактілері де бар. Алғашқы үш айдың статистикасы көп дүниені аңғартып тұр. Біздің ендігі жерде қолға алатын тірлік – трайбализммен күрес.
Трайбализмді жоюдың маңызды қадамдарының бірі – мәдени сана мен түсіністікке баса назар аударатын білім беру үрдісін жасау. Оқу бағдарламаларына әртүрлі көзқарасты енгізу және әртүрлі мәдениет туралы диалог болған кезде жастарда эмпатия және адам құны мен құндылығы турасында түсінік қалыптасады. Білім стереотиптерге қарсы тұра алады, біржақтылықты жояды және ортақ адамгершілік сезімін оята алады. Осыдан кеп, ішкі мәдениеттің дәрежесін де көтеріп, бауырмалдықты арттыруға жол ашылады.
Түрлі ортадан шыққан жастар арасындағы әрекеттер мен бастамаларды ілгерілету рулық кедергілерді жоюда маңызды рөл атқарады. Мәселен, мектептер, қоғамдық ұйымдар және әлеуметтік платформалар ұстанымдар мен трайбализм арасындағы алшақтықты коммуникацияға әкеледі. Сонымен қатар, толеранттылық пен сыйластық мәдениетін құруда да ерекше әрекеттер жасау керек. Жастар әртүрлілікті қабылдаудың, басқаларға құрметпен қараудың және әртүрлі көзқарасты бағалаудың құндылығын үйренуі керек. Мектептер, отбасылар және қоғамдастық көшбасшылары инклюзивті құндылықтарды ілгерілетуде, ашық көзқарасты тәрбиелеуде және кемсітушілік мінез-құлық пен теріс пікірге қарсы тұруда шешуші рөл атқара алады.
Рушылдық бөліністің соңында әділетсіздік ұғымының жалауы желбірейді. Бұл қай заманда да ешкімге пайда әкелмеген. Жастардың осы бір улы санамен күресуінде ұлттық тәрбиенің орны зор. Бұл туралы психолог Назира Кенжебекқызы:
– Қоғам арасындағы трайбализм – психологиялық тұрғыдан өте ауқымды тақырып. Жастардың рушылдық идеологияға бой бермеуі, дәнінің егілмеуі үшін оны жасөспірім кезінен дұрыс тәрбиелеу маңызды. Қазақтың тайға таңба басқандай жүзі, руы бар екені даусыз. Десек те, «қазақ жүзге бөлінбейді, жүзден құралады» дегендей, оның құралуы, бірігуі маңызды болуы керек. Бұл дүниені айтқанда сананың трайбалистікке басымдық беруінен бөлек, оның өмірін талқандауына да әсер ететінін айта өткен жөн. Егеменді еліміздің Ата Заңында адамдарды ұлтқа, дінге, нәсілге, руға бөлуге болмайтыны, оған қатаң шара көрілетіні жазылған. Сондықтан, жастарға «болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейді» деген бір ауыз сөздің маңызын ұғындыруға тиіспіз. Бастысы – сананы бұзбау керек. Оған артылып жатқан дүние өте көп. Қазіргі буын ақымақ емес. Түсінігі зор. Әліптің артын бақпас бұрын, алдын алсақ, соның өзі мақсаттың орындалғаны, – деп пікір білдірді.
Тағы бір айта кететін дүние бар. Трайбализмнің асқынған шегі мемлекетте болып жатыр десек те артық емес. Ол шенділер қарамағына өз жақындары мен қандас туыстарын жұмысқа тартуымен таразыланып тұр. Бір жерде аталас ағайын немесе рулас жақындардың шоғырлануын стереотип деп ақтай беруге болмайды. Бірі өз саласының білікті маманы болуы мүмкін, бірақ бәрі емес қой. Осындайда мемлекеттің экономикалық әл-ауқаты мен мықты кадрлық құрамына сын көзбен қарай бастайсың. Біз трайбализм жастарда ғана болып жатыр десек, қателесеміз. Өскін өседі, жас есейеді. Ал ендігісі есейген қоғам ессіздің тірлігін істемеуі керек. Дей тұрғанмен, барлығы өз қолымызда ғой.
Жастар арасындағы трайбализмнің аяқталуы күрделі де бірте-бірте азаятын іс болғанымен, нәтиже беретіні сөзсіз. Мәдени эмпатияны арттыру, өзара әрекеттесуді ынталандыру, толеранттылықты насихаттау, ортақ мақсаттарды қабылдау, технологияларды пайдалану және оң көшбасшылықты қамтамасыз ету арқылы біз тайпалық бөлінулерден жоғары тұратын ұрпақ жасай аламыз. Біз бірігіп, бірлік, сыйластық пен түсіністік үстемдік ететін, рушылдықтың жойқын құрсауынан азат болашаққа жетелейтін қоғам құра алатынымзға сеніммен қарауға тиіспіз. Қалғанын жүре көреміз.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!