Тамсантады өзің жайлы тәтті елес,
Кербез күннің қытықтайды шуағы.
Біздің күй ол санадағы сәтті егес,
Таусылмайтын сезімдердің сынағы!
Босаңсыған бойымды бір от қарып,
Сарсаң уақыт сынаптайын сырғиды.
Сүйген жанға әппақ сырын ақтарып,
Тұман ойдың жетегіне сүңгиді.
Махаббаттың бөлек болған мәні де,
Сен жолыққан кездер қайтып оралмас.
Айналып та үлгергенсің әніме,
Жанарыңмен тілдескенде сол алғаш!
Өзің барда айтушы едім төкпелеп,
Саған аян сырларыммен сыңармын.
Болмашыға бар жаныммен өкпелеп,
Болмашыға қуануды шығардым!
Білінер ме білеу-білеу сиқымнан,
Ойға аламын халі қалай деп кейде.
Түсіме еніп оятпашы ұйқымнан,
Ұйқысыз көп түн өткіздім, жетпей ме?
* * * Сары гүлден сыр шығар, Сезімімен құлшынар. Қосылғалы келеді, Бір сыңарға бір сыңар.
Уақыттың ап уәдесін,
Сыйлап жүрек сәулесін.
Бір болуға сөз байлап,
Жоғалтардай нақ есін.
Қадамасын көзін де, Түйремесін сөзін де. Жұптар бақыт тапсыншы, Тым керемет емес пе, Күю, сүю, төзу де!
Жанарында тұрса үміт,
Қабағына мұң салып.
Ғашықтарға тимесін,
Ауыр іс жоқ мұншалық!
Деп тұрғандай сары гүл,
Сары гүлде сары нұр.
Кесапаттан көлденең,
Сақтасыншы тағы жыр.
Барлығын да гүлдетер,
Махаббат қой бәрібір!
Пенделік
Шектегенде шексіз дүние асылдан,
Бақытым деп баққа қарай бас ұрғам.
Көріктім деп көкке қарап күлімдеп,
Жақұтымды кім болды екен жасырған?!
Тағдырыма тұр ма сезім тең келіп,
Жо жоқ.. қиял, арман қуу сенделіп?
Бақыт іздеп басы айналған жандарға,
Не істетпедің пенделік?!
Бағың сенің жүрген шығар жаныңда,
Ерік бермей көз алданар сағымға.
Қолда барда біл алтынның қадірін,
Тек сезімге тарылма!
Зылиха Жаңабай
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!