Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зиялы қауым не деді?

12.02.2020, 16:53 1382

Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақов аймақтың зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Мұндай рухани кездесу осымен 7 жылдан бері екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Жиынға жиналғандар алдымен аймақ басшысының алғысөзін тыңдап, соңынан көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

– Осыған дейін «Сыр Медиа» ЖШС, облыстық көркемсурет галереясының жұмыстарымен танысып, ерекше әсер алып қайттық. Енді өздеріңіздей қарымды қалам иелерімен кездесіп, өзара ортақ пікір алмасу мақсатында бас қосып отырмыз. Тәуелсіз еліміздегі жарқын жаңалықтардың жаршысы бола білген БАҚ өкілдері мен ақын-жазушы ағаларымыз күрмеулі мәселелерді ортаға салып, бірге талқыласақ, шешімін бірге түйіндесек деген ниетіміз бар,- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Қазақстан Жазушылар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры, «Qyzylorda» телеарнасының журналисі Қ.Есімсейітова әріден орағытпай, аймақтық қалам иелерінің басты мәселелеріне бірден тоқталып, бірауыздан қолдау тапқан ұсыныс-пікірлерін атап өтті.

–  ҚР Жазушылар Одағына облыс бойынша 20 адам мүше болып тіркелген. «Мирас» қоғамдық кеңесі ҮЕҰ болып тіркелгеннен кейін қаржы мәселесі қиындау болып тұр. Республикалық шараларға қаржының қолжетімсіз болғандығынан көпшілігі қатыса алмай, жан-жаққа шыға алмай ЖҮР. Айта берсек көп. Енді біздің облыста рухани құндылықтар орталығы, сол жағалаудан руханият алаңы ашылып, онда өңірімізден шыққан әдебиет майталмандары туралы естеліктер қойылса деген ұсынысымыз бар. Танымал ақын-жазушыларды насихаттау мақсатында кездесулер ұйымдастырылып, оқу орындарында олардың өмірі мен шығармашылығынан лекциялар оқылса, шығармашыл тұлғалардың мерейтойларына әкімшілік тарапынан қолдау көрсетілсе де құба-құп болар еді,- деді ол.

Естір құлақ барда, ауыз айтарынан таңсын ба, жиналғандардың барлығы жаппай болмаса да, ішінара түртіп қойып жүргендерін жеткізді. Осы орайда ақын Шәкизада Әбдікәрімов «Мирас» қоғамдық кеңесінің мемлекеттік сатып алуда кездесетін кедергілердің алдын алу және оларды жоюға аймақ басшысының баСа назар аудару қажеттігін сұрады.

– Бұл орайда Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы әдебиет майталмандарын кеңінен насихаттайтын, шығармашыл тұлғалардың кітаптарын шығаруға мүмкіндік беретін арнайы жобаларды қаржыландыруға лот шығарсын. Сонда біз кітап шығаруға, кездесулер ұйымдастыруға қаржы сұрамай-ақ күнімізді көрер едік,- деді ол.

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібозұлы «жылына бір рет жазушы, ақын мен ғалымның кітаптарын жарыққа шығарып отырсақ» деген ойын білдірді. Содан соң балалар әдебиетінде айрықша қолтаңбасы қалған Адырбек Сопыбековтың ізбасарлары «балаларға арналған әдеби кітаптарды шығаруды бәрінен де бірінші орынға қою керек» деген де пікірлерін жеткізді.

Қорытындысында облыс әкімі Қ.Ысқақов айтылған мәселелердің назардан тыс қалмайтындығын және «бәрі бірден шешіле қояды деп уәде де бермеймін» деп кесіп айтып, жиынды қорытындылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: