Қармақшы аудан әкімдігінің қолдауымен Асқар Тоқмағамбетов атындағы Қызылорда қалалық мәдениет үйінде Сыр сүлейі, жыраулық өнердің көрнекті өкілі Жиенбай Дүзбенбетұлының 160 жылдығына арналған «Жыр жүйрігі – Жиенбай жырау» атты облыстық жыршы-жыраулар фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Фестивальдің салтанатты ашылуында мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досмамбетов, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева сөз сөйлеп, жыраулық өнердің тарихи және рухани маңызына ерекше тоқталды.
Фестиваль барысында республикаға танымал жыршы Әділхан Қуаңбаев пен Көшеней жыраудың ұрпағы Байбол Көшеней Сыр сүлейлерінің шығармаларын шеберлікпен орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Жиенбай жыраудың ұрпағы, Мәдениет саласының үздігі, жырау Бидас Үрістембеков шәкірті, жырау Айгерім Ешбаевамен бірге «Көрғұлы» дастанын орындап, ұлттық жыраулық дәстүрдің тереңдігін тыңдарман қауымға ерекше нақышпен жеткізді.
Фестивальге қатысқан жыршы-жыраулардың шығармашылық еңбегі жоғары бағаланып, олар Қармақшы ауданы әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!