Бірде Төле би бабамыз төсек тартып, қатты бір дертке душар болып, ауырып жатқан шағында оның бас жағында Әйтеке би, Қаз дауысты Қазыбек би, аяқ жағында Көкі би, Мәлік би, Ержан би отырса керек.
Сол сәтте сәлем беріп, үйге ұқыпты, қызылды-жасылды әдемі киінген, үстіне қару-жарақ асынған, егде тартқан үш адам кіріп келеді. Келгендердің біреуінің көзі шапыраштау, енді бірі шашы селдір қасқабас, ал үшіншісі доғал имектілеу, құстұмсық екен деседі.
Келгендер Төле биге қарап: «Біз үшеуміз үш жүзден сіздің көңіліңізді сұрай келдік. Халқымыздың ендігі алдан күтер бақыты бола ма, аяулы еліңізге қандай өсиет айтып кетесіз?» – депті келген топтан ұшқырлық танытып сөйлеген құстұмсық кісі.
Төле би жөткірініп, басын көтеріп алып:
«Жүзге бөлінгендердің жүзі қара,
Руға бөлінгендердің құруға асыққаны,
Атаға бөлінгендер адыра қалады.
Хан азса, халқын сатады,
Халық азса, хандыққа таласады, – дей келе, қазақ халқы осы күнге дейін өзара достық, ынтымақта болып келдік, ендігі қазақ бақыты таздың басында, соқырдың көзінде, пұшықтың мұрнында қалмаса екен», – депті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!