Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүрегіңде ноқаттай да кір болса…

31.07.2022, 16:00 564

HALYQLINE.KZ

1. Адамның үш қорғаны: ары, қайраты һәм махаббаты. Арсызда ұят болмайды. Қайратсызда намыс жоқ. Махаббатта барлық ең ізгі, мөлдір қасиеттер жатыр. Осы үшеуі иманға сияды.

2. Қуана білмеген адам жылай да алмайды. Екеуі екі түрлі күйді білдірмегенімен, екеуінің әміршісі – жүрек.

3. Тәкаппарды Құдай да сүймейді екен. Құдай сүймегенді мен қалай сүйемін?!

4. Жастықта қайрат көп секілді көрінеді. Егделегендегі ақылға суарылған қайрат болса, онда сенің мықты адам болғаның.

5. Арман алдамайды дейміз. Кейде сол арманды өзіміз алдап кететініміз болмаса.

6. Жарық, шуақты ойдан шұғылалы, сәулелі сөз шығады. Қараңғы қапастан не шығады?

7. Өмірдің мәні туралы үнемі айтамыз, ойлаймыз. Өзіңнің мәніңді ойлап көрдің бе?

8. Жалтақ адам жағымпаз келеді. Әрбір жағымпаздың артында қара бастың қамы тұрады.

9. Біреуге ұқсағысы келгенді жазғырмау керек. Бірақ ол соның көшірмесіне айналмаса болды.

10. Адамды сүю – Алланың берген тамаша қасиеті. Сүю жоғалған жерде бәрі жоғалады.

11. Жаным жарық болсын десең, үнемі жақсы ойла, жақсыны істе.

12. Құрметтің ең үлкені – риясыз сәлем беру, аман-саулық сұрасу.

13. Жүрегіңде ноқаттай да кір болса, ең әуелі Құдайды ізде.

14. Барымен мақтану – ақымақтың ісі. Көп ақша көзді байлайды, көкіректі жабады.

15. Тантық адам тасыр келеді. Тасырдың атуға тасы дайын тұрады.

Ерболат  Баятұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: