Ауыл әңгімесі
Көкемнің (Елшекен Қуанышбаев. – авт) дарияға төккен ауына сол күні біршама несібе ілігіпті. Жіп ауды абайлай тараштап, түскен балықты мен ашқан қаптың аузына лақтыра берген еді. Сонда есімде, аудағы ірілі-ұсақты балық атаулының ішінде дәу сазанның ерекше бұлқынғаны. Салмағы 10 келіден ары бар шығар. Бөлек қапқа салғызды оны. Бесінші класқа өткен маған бұл сазанның салмағы біршама жүк. Тырмыса көтеріп, көкемнің «лөккебайына» мықшыңдай арттым.
Сол күні кешке асылған сазанның иісі қазанаспадан бұрқырай шығып жатты. «Апыр-ай, көк май-ау, көк май» дейді Сайраш жеңгей қазан бетіне майы қалқыған сорпаны ұртай жүріп. Тұзын көргендегісі ғой. «Ыржанай» илерсің» дейді әжем де қосымша тапсырмасын жүктеп. Бүлкілдей қайнап, көзі әлдеқашан ағарған үлкен сазан иісі біздей бала-шағаның танауын жарғалы тыпыршып-ақ жүрміз.
Қамырына майы сіңген семіз балықтың кеспелері салынған қос табақ ортаға тартыла берген. Енді көкемнің табаққа қарай созылған қолын күту керек. Онсыз болмайды. Қасиетсіз болып көрінгің келмесе, асты үлкеніңнен бұрын бастамайсың. Солай.
Көкем алдымен балықтың басын өзіне тартты. «Бісмілләсін» айта отырып, көктемгі ерте туған қозының басымен пара-пар сазанның басын асықпай жей бастады.
– Әй, ана балаларға қабырғасынан бер, тікен кетіп, әке-шешелерінен басымыз бәлеге қалар.
Әжем осылай дейді. Сайраш та үнсіз келісіп, жазғы каникулға келген, қала мен даладағы ұл мен қыздан тараған немере мен жиендерге балық етін тікенінен ажыратып берер еді.
– Жарықтық, еркін жайылыпты-ау, – дейді көкем мұндайда майы қалқыған сорпаны іше отырып.
– Ее, бала-шағаның несібесі де, – дейді әжем де оны қоштап.
Сол күні ғой байқағаным. Балық жеп бітісімен Сайраш жеңгей дастарқанды жинауға кіріскен. Жинай жүріп, көкем алдындағы балық сүйектерін аударған. Аудара жүріп, сазанның дәу басынан қалған, сағалдырықты жабар жақ сүйегін алды. Екеуін де.
– Жеңше, оны не істейсіз?
– Керек болады.
– Аа.
Ары қарай даладағы ойынның қызығына еліттім бе, білмеймін, сыртқа ата жөнелгенмін.
Неге керек екені кейін белгілі болды. Былай еді. Күндізгі ыстыққа шыдамай, түнімен жайылатын біздің жақтың мүйізділері таң ата келетін. Онда да желіні сыздай бастаған соң ғана. Сиыр өзі мешкей жануар ғой. Қорадағы ішегін тарта мөңіреген бұзауына желіні толмайынша асықпайтын сабазың осылар.
Сонда ғой. Таңғы бесте сауылған бар сиырдың сүтін жеңгей үлкен қазанға құятын. Қорадағы қыстан қалған баулаулы сыпырықты әкеп қазақы ошақтың көмейіне тыға беретін. Кейде айырмен күн астына жайып кептірген көп жападан қалап кетеді. Иә, тезекке піскен нан да, сүт те, тіпті тамағың да дәмді емес пе?
Қайнаған сүттің артында қаспағы болады. Бұны да жеңгей әр балаға әр күні кезек-кезекпен береді. «Үкімет-үкімет, өшірет-өшірет» дейтін қағида біздің жеңгейге әбден сіңген.
– Әй, Ежөк, қаспақ жегің келсе тұра ғой.
Атып тұрдым. Қаспақ дегенде ұйқы да километрлеп қашады. Беті-қолыңды жумастан дүниедегі мейірімді де әділетті жеңшеңе жетіп барасың мұндайда.
Сайраш қазандағы қаспақты қырып тұрады бұл кезде. Қолында әлдебір зат. Қасық емес. Әппақ, бұрын мен көрмеген дүние.
– Енді түсіндің бе? – деді көзім жыпылықтай қазаннан көз алмаған маған қарап. – Қай күні көкеңмен бірге аулаған сазанның жақ сүйегі. Ертеректе теңіз жағасында тіршілік қылған шешелеріміз қазанды осымен тазалапты ғой…
Фери мен қазанқырғышың табылмайтын уақытта біздің жеңгей осылай жоқтан бар жасап еді-ау.
Қиын заманда балық сүйегінен ұн, шалаңынан шай қайнатып ішкен бұрынғылардың кез келген дүниені қажетке жаратқанына әлі де қайран боп келемін.
Ержан ҚОЖАС,
журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!