Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жолқараған» жол тартты

07.11.2020, 16:00 1331

HALYQLINE.KZ  Биболат Сәтжан! Сыр өңіріне ғана таныс есім емес. Ол – қазақ өлеңіне өзіндік сарынымен келген ақын. Өлеңге шөліркеген қауым Биболаттан кітап күткелі қашан!? Ал, оның жауабы әрдайым дайын еді…

Өткен жылы өмірі тылсымға толы ақын Әділ Ботпановтың 50 жылдығына орай өткен «Мені өледі деген сөздер – ертегі» атты республикалық мүшәйрада Биболат ақын бас бәйгені еншіледі. Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінде тағдырлы ақын Әділ Ботпанов жұмыс істеген. Биболат та сол жерде тілшілік тіршілікте болды. Ол аз десек, оларды байланыстыратын өлең еді. Сондықтан, Биболаттың бұл жыр мүшәйрасына дайындығы қалай болғаны туралы біз айтпаймыз, жазбаймыз.

…Төменде – мұң,

Төбемде түн барында

Ант етейін!

Жол қараса әр сәби,

Жел даланың ішегінен сауса күй,

Менің сені сағынғаным…

Бұл – Биболаттың Әділге арнаған өлеңі. Әділ досына арнау өлең өне бойын шымырлатып, тылсым бір белгі берді ме, белгісіз, руханият жанашыры, қолдаушысы Аманжол Сақыпұлы бас жүлде иегерінің кітабын баспадан шығарып беруге уәде етті. Уәде – Құдайдың сөзі. Жыл айналды. «Жолқараған» оқырмандарына жол тартып отыр. «Жолқараған» – кітап аты ғана емес, ақын Әділ Ботпановқа арналған өлеңнің аты. Дұрысы, әуелі өлең, одан соң барып кітап…

«Биболат өлеңдерінен албырттық пен шалқыған шабыттың шырайы көзге ұрады. Алайда жалаң сезім, сырғақ сөз емес, жатық ой, жалынды қуат бар. Таным талғамы ерен, позияға тән парасаттылық пен пайымды тең ұстайды. Бабадан қалған мирас – ұлт тілінің құнарын бойға жиған», – дейді ақын, журналист, кітаптың редакторы Дүйсенбек Аяшұлы.

Кітапқа аз-кем көз жүгірткенде:

…Бар мәні тамшы мұздай күзгі өмірдің,

Бір ғана сөз, ол сөз де мағынасыз.

* * *

…Өзім тапқан Құдайыма,

Жүрегімде жетеді орын.

* * *

…Бір сәтке көңілді болуың үшін сен,

Бақытсыз ет мені…

* * *

…Жаңа көйлегіңе сен мәз болғаныңмен,

Ұнамай жүр маған өз дауысым.

«Биболат өз бостандығының капитаны іспетті. Ол жалған құжат жасатпайды, басы ауырса, тіс дәрігеріне бара салады. Ол – бөбектей аңғал. Шынайы. Мөлдір» дейді ақын Батырхан Сәрсенхан. Иә, ол сондай. Бұл – Биболаттың тұңғыш жыр жинағы. Соңғысы болмасын!

            Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ


«Жолқарағаннан» жыр

* * *

Қауыс түнінде

Қолшамның жарығы

Кеңістік пен өмірдің араласуын

Және

Басқа да күңгірт кескіндерді көз алдыңа

әкеледі.

Желбегей жамылған пальтоның

Қоштасуға санаулы сәт қалғанын

білдіргеніндей

Мұң оған тән эстетикалық сезім ғана.

Бары сол.

Дегенмен,

Дымданған жапырақтардың иісі

Айналадағы көрініс біздің таңданысымыз

үшін

жаралмағаны жайлы

Ұдайы кезектескен сөйлемдердің арасында

буға айналады.

Бұлт көтеріледі лезде.

Үнсіз күрсіністердің таза тұнбасында ериді

Ымырт.

* * *

Ей, меһрибан,

Саған оның тағрипын сөйлемен!

Оның салғаны жалғыз аяқ жол еді,

Жақыны жоқ еді,

Жанынан басқа.

Аз халықтың алғашқы ақыны болудың

азабын

Оған тағдыры сыйлады.

Жоқ әліппені есіне түсірмес еді әйтпесе,

Сандырағын жаттамас еді бақсының.

Ебелектей елпеңдеп,

Аңызды іздемес еді даладан,

Уақыттың басталуы жайлы сөз жазып.

…Күн күркірін періштенің айғайына,

Адамдарды алғашқы көктемнің гүлдеріне

теңеді.

Жалғызаяқ жолдың қос қанаты тұтанды

осылай.

Күлтелері сөгіліп,

Түнекте қалған гүлдердің халі,

Пенденің мұңы

Оның жүрегіндегі жылумен

Ауасыз көкте күн мен айды тұтатты.

Ол – жаурағанда тіліңе оралған жылудың

дәмі.

* * *

О, анық бақытсыз жас едік біз деген,

Біздікі ақымақшылық еді қып-қызыл…

Мысалы

Әлдекім саусақ ұшынан әлемге қарайды,

Уақыт болса – түн ортасы.

Ол жыларман халде,

Оның айналасындағы ауа ағынының өзі

мұңды.

Мұнысын саған жымқыра тістеген ерні,

Жас үйірілген кірпігі сездіреді.

Оның мұнысы

Классикалық логиканың

Шексіздік алдындағы дәрменсіздігінен де

ауыр

Һәм

Одан да ауырлай түседі.

Ал, қараңғылық қоюлана түседі,

Түн тек мұның терезесіне ғана үңілгендей.

Тығындаулы құлақта тыныштықтың

ырғағы қайталана береді.

Жүрек демін ішіне тартады,

Сәлден соң үйрейден бүрісе қалардай.

* * *

Ауа райы

Иесіз қалған лашықтай,

Төңірек түгел қараңғы.

Күзгі түнде босағада бөгелмегін,

Ұстамағын есіктердің тұтқасын.

Құлдығым,

Саналарды тастап шығып

Сағанаңа оралшы –

Жоқтаулар да тоқтасын,

Көз жастары құрғасын.

Саған барар жалғыз жол –

Өмір ғана.

Я, жалғыз жол…

Биболат СӘТЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: