Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ЖЕРҰЙЫҚ»: Адамзаттың бәрін сүй…

04.09.2025, 9:20 986

Кинорежиссер Сламбек Тәуе­келдің «Жерұйық» фильмінің идеясы құнды. 130-ға жуық ұлт өкілін құшағына басқан қазақ халқының пейілі жердің жұма­ғындай мәнге ие. Жерұйық сөзі­нің символикалық мағынасы өте терең. Күн асты елінің ұлан-байтақ  жері Көк Тәңірінің құша­ғындай  кең.

Бүгінгі күні де жер шарында территория үшін соғыс, босқындар мәселесі, туған жерінің бо­лашағы жолындағы күрес әлі тоқтамады. Тарихи жады оқиғалардың қайталанып отыратынын дәлелдеді. Адамзаттың саналы шешімі барлық мағынасыз  күрес­ке  соңғы  нүкте  қоя  алады.

«Жерұйық» фильмінің идея­сы бір-ақ үндеуге негізделген. Абайша айтқанда: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым!» деп. Бұл – барлық ұлтқа тән маңызды тақырып. Әлемдік кинематографтың тарихында осы үндес тақырыптар ерекше маңыздылыққа ие. Себебі, жер шарындағы барлық ұлт бір-біріне  жат  емес.

Алайда, күнделікті тіршілік барысында адамдарды ұлтына, дініне, тіліне, салтына қатысты алалап бөлетін, адамшылдықтан ада істер де жоқ емес. Бұл фильм осының  айқын  үлгісін  ашып  берді.

Оқиға қазақ жеріндегі қиын кезеңдерді ашып көрсетеді. Нәубет, соғыс көп ұлтты халықтың қайғысын біріктірген негізгі себеп болды. Жер аударылып келген кәріс, шешен, неміс, түрік, еврей басқа да ұлттардың қазақ халқынан көрген қамқорлығы көрсетіледі.

Қиын сәттерде көшбасшылық қасиетімен  ауылдың барлық түйт­кілін шешудің тізгінін өз қолы­на алған ел ағасы Орын­байдың орны ерекше. Оның кеңпейілділік қасиеті бәріне үлгі. Нағыз тектілік адами қасиетпен өлшенеді. Фильм­нің басты желісі де оның ерлік қасиеттерін дәріптеуге  негізделген.

Таршылық кезеңде де қолындағы барымен бөлісетін қазақтың қонақжайлылығы мен кеңпейілділік қасиетін өз ғұмырнамасында баяндаған кәріс ұлтының өкілі Сон Лаврентийдің естеліктері арқылы  беріледі.

Ол өз отбасын қамқорлығына алған кең пейілді Орынбайдың дара жолына тағзым жасауды парызы санайды. Фильмнің идеясы да қазақ халқына деген риясыз құрмет пен ризашылыққа арналған.

Қазақ жерін мекендеп, ұрпақ­тары келешегін осы елмен байла­ныстырған көптеген ұлттың ынтымақтастығы мен достығы – фильмнің  басты  темірқазығы.

Соғыспаудың түпкі себебі – тәрбиеде. Бір үйдің балаларын алаламау, бір-біріне қарсы қоймау, мағынасыз бөлінбеуге үйрету – әр отбасы үшін маңызды қағида. Әр жеке отбасының ішкі тәрбиесі қоғамдық масштабты қарым-қатынастардың негізін құрайды.

«Жерұйық» фильмінің маз­мұны – жауласудың, күндесудің мағынасыз істер екендігінің дәлелі. Бұл оқиға бізге, адамзаттың бәрі бір-біріне пейіл тарлығынан сақтанудың маңызын түсіндіреді.

Идеяның басты тұжырымы адамзаттың бәрі бір-біріне жау емес деген ойды алға тартады. Жер бетінің жұмағы әр ұлттың өз отаны деп есептегенімізбен, жаратылыстың заңында орын алмастыру құбылыстары болып тұрады. Оның себебін жантану ғылымы ғана жүйелі түсіндіріп бере алады. Әр адамның ішкі соғысы тоқтағанда, соғысудың мәні  болмайды.

Шекара табиғи жолмен бұзылған цифрлық сипатқа ие осы ғасырда адамзаттың басты миссиясы – бірін-бірі жау көрмеу, мәдени өре деңгейінде іскерлік қарым-қатынас жасауды үйрену, өркениеттілік ресурстарын бейбітшілік жолмен тұтас адамзат игілігі  үшін  алмасу  маңызды.

Жер бетінің жұмағын іздеген әр адамға туған жерің – ата­мекенің,  ата-бабаңның  аманаты – сол  қауымның игілігі үшін қыз­мет ету екенін фильм авторлары Орынбай кейіпкердің мінездемесімен көркем ашып берді.

Гүлзат  КӨБЕК,

кинотанушы,

Өнертану PhD докторы,

«Тұран» университетінің профессоры

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: