Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жемейін десем, аузым бар

30.12.2021, 9:00 236

– Как будто сендер саусыңдар?!?

Дейсіңдер бізді «жаусыңдар!»

Жемей қалай жүрейін,

Жемейін десем, аузым бар.

Әлемді бір-ақ асар емес,

Әттең шіркін, аузым тар.

– Бұларды жүрсек жоя алмай,

Не дейді мынау ой Алла-ай?!

Түйені тіпті түгімен,

Жұтса да жүр тоя алмай…

Осыларға отыз жыл,

Келеміз нүкте қоя алмай…

Заман түлкі болғасын,

Түспейін деп тұзаққа,

Қашып жүр-ау қояндай…

Ойпырмай, қалса өмірлік,

Озбырлық індет оянбай!

Болашақ алда бұндайға,

Басқалар жүрсе бой алмай!

Бар тілек осы ой Алла-ай!

ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

(Б.Омаровтың  «Туған  жер»  өлеңінің  ізімен)

«Жаралмағасын» әкім боп,

Жаралғасын ақын боп.

Туған жердің тағдырын,

Жырламасқа хақым жоқ.

Автор

Қараөзегім – ыстықсың сен өзгеден,

Кең далаңды қалды ма мен кезбеген…

«Адам түгіл қарлығаштың өзі де,

Жылан шыққан ұясынан безбеген».

Туған жердің қасиеті мен қадірін,

Түсінбейтін тексіз ғана сезбеген.

Қараөзегім – ыстықсың сен өзгеден,

Көре бергім келер сені көзбенен…

Саған деген аса ыстық сезімді,

Сездіруім мүмкін емес сөзбенен.

«Балапанды бірқазан» мен «Айнакөл»,

Аттарына заты қазір сай ма көл?!

Құс базары күнде қызып жататын,

Аққу ұшып, қаздар қонған қайда көл?!

«Шөгірлі», «Айқай», «Талды», «Қораз» – көлдерім,

Қазір қайда, қайда қазір, көрмедім.

«Ауызкөл» мен «Қарарын» да қақсыған,

Сағыныштан шөліркедім, шөлдедім…

Баяғыдан байырғы елге бағалы,

Болып келген Сауранбайдың каналы…

Соңғы кезде Сырдан оңды нәр алмай,

Қу тақыр боп құрғап қалды табаны…

Жазда гүлдеп жыңғыл, жиде, шеңгелі,

Ауқымды еді аймағымда шеңбері…

Қараөзекте бой түзеген Сыр талы,

Қарағайлы ормандардан кем бе еді?!

Бұл сөзіме сенбе мейлің, сен мейлің,

Сонда да мен туған жерден безбеймін!

Туған жердің торғайы да тым ыстық,

Шөлдеу менен шөліркеуді сезбеймін!

Сенде туып, сенен талай түледім,

Сені тастап кеткен емес түлегің.

Топырағыңнан айналайын, ТУҒАН ЖЕР,

Көгеріп сен көктей берші, тілегім!..

ӘЙ, БАЛА-АЙ!

Қартайған кісі кішкентай анау баладай,

Періште көңіл, пейілі дарқан даладай.

Аялап сені өсірген ата-анаңды,

Қарттар үйіне қалдырып кетпе қарамай!

Ата-анадан кетсең солай алшақтап,

Жерді басып жүрсең ойсыз талтақтап…

Олар сені ойлауменен отырар,

Жаны төзбей сау жүр ме деп жалтақтап…

Бүгін сен тұрсың аспанға тіреу болардай,

Ойың жоқ мүлде болатын ертең олардай.

Қара да тұр, қазір-ақ сен қартайып,

Сормаңдай кейін боласың тура солардай.

Дейсің бе бәрі өзіңше «бес» болады,

Өмірің өтіп, ертең-ақ еш болады.

Осы бастан ойламасаң алдыңды,

Өтіп кетсе, бәрі де кеш болады!

Ата-ананы көзі тірісінде аяла,

Аяла да соларды сен саяла…

Ар алдында болғың келсе адал ұл,

Ата-анадан бар жақсыны аяма!..

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ,

ҚР ІІМ-нің Еңбек және Құрметті ардагері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: