Аружан ОРАЛБАЙ
Жас ақын Аружан Оралбай 1999 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келді. 2017 жылы «Жиделіарық» орта мектебін тамамдап, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне оқуға түсіп, 2021 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен филология ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. Қазір республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі қызметін атқарады.
Жақында ғана ол Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының «Жас ақын» жобасы аясында ұйымдастырылған «Алматы – арман қала» республикалық мүшәйрасынан 3-орын иеленді. Оның нәп-нәзік сезім мен махаббатқа, өмір туралы толғанысқа толы өлеңдерінде ерекше құбылыс бар. Біз бүгін жас ақынның бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Кісі болдым… боқтап кеттің біреуің,
Кішірейдім… аттап кеттің біреуің.
Қайран менің, астан-кестен көңілім,
Қайран менің, қырық жамау жүрегім.
Табан асты тапталған соң биігі,
Бұл жүректің естілмей жүр жиі үні.
Жақын көрген адамыңның жат ойын
жанарынан оқып қою – қиыны.
Күнге теңеп көтеріп ап, күндейді ел,
Ал сонан соң жыламай көр, күлмей көр.
Кеше біреу «жер – домалақ» деп кетті,
Өз басының доп екенін білмейді ол.
Сағым сынды, бір ой қозғап бір ойды,
Сартап мұңым сарқылатын сыңайлы.
Пенде біткен пәк болса егер,
Құранда
«кешірімді» демес еді-ау Құдайды.
Жалқы-сыңар жанымды ерте-кеш ұғар,
Шамаң жетсе шапанымды шешіп ал.
Жұмақты айтып қызықтыра алмасам,
Тозақты айтып қорқытамын, несі бар?!
Тұрақ таппай не аспаннан, не жерден,
Татқан уым таңдайымда кезерген.
Өзегімді жарып шығып, түбінде
Өлмес өлең жазарымды сезем мен.
***
Еңкілдейді көкте бұлт егілмей кеп,
Жер-дүние киіп ап керім көйлек,
Құбыладан жел есер,
Қобалжыған
жас жігіттің жып-жылы деміндей боп.
Мына көктем мен күткен көктем бе еді?
Гүл біткенді қырып сап бөктердегі.
Шыр айналып билеген қара құйын
көз алдымнан кетпей жүр көптен бері…
Көптен бері көз алдым астан-кестен…
Астан-кестен дүние-ай бастан көшкен.
Жер бетіне қай кезде құлап түстің?
Жарығым-ау,
Жеті қат аспанда өскен!
Құлатты ма құйындар құлдилатып?
Жалқы үмітті бір құрап…
бір қиратып…
Жалықтым мен сүреңсіз тіршіліктен,
Ширегін де ғасырдың сүрмей жатып.
Сенің жаның адами мұңнан аман,
Мені де ала кетсең ғой бұл қаладан!
Жұбата алмай өлеңді аласұрам,
Жүрегімнің ішінен іңгәлаған.
Көңіліңнің аспаны күлгін еді!
Көңілімнің мың қатпар мұңды реңі.
Алты жыл сап араға,
қайта оралған
КӨКТЕМ – сенің есімің…
Кім біледі?..
***
Тереземнен жалғыз жұлдыз көрініп,
Ұйқыда әлем, сұлық түн.
Кеудеме мұң, кірпігіме сор іліп,
Жоқ үмітпен жүріппін.
Ертегідей бір ғажайып қалар ем,
Тым кеш екен… құбылды ой.
Бақыт тілей салшы хабарламамен,
Менің туған күнім ғой.
Тілектерді қабыл етсе бір Құдай,
Жылар ма едім бұл күні?
«Теңіңді тап. Бақытты бол» – шіркін-ай,
«Сүйгеніңе сүрінбей жет» – күлкілі.
Тілеп жатыр ғұмыр, қуат, бақ, бәрін,
Бірі – жалған, бірі – шын.
Өмірімнің өтіп бара жатқанын
тойламаймын. Құрысын.
Бір сәт күйбің тіршіліктен түс аттап,
Жетегіне тәтті ойдың.
Сені сүйген жүрегімді құшақтап,
Он жетімде қап қойдым.
***
Сондай тұнық көздері, бар-ды реңі,
Сондай таза, кіршіксіз жан жүрегі.
Қас-қағымда қалпымнан адастырып,
Он жетіме оралтып алды мені.
Көрінгеннен артып ап өкпе, қайғы,
Көрмей жүргем күнді де, көктегі айды.
Сөздер, сөздер…
Мәнсіз һәм мағынасыз.
Сенің бала жанарың неткен ойлы.
Құдіретке осынау құмарта қап,
Сағынышым оянды сыңар қанат.
Жасаған-ау, бұл тұнық жанар әлі
Жыламаған шығар-ау күнә арқалап.
Өмір жұмақ болмай қап жұрт ойлаған,
Адам тәтті шақтарын шырқайды әмән.
Жанарың мен жанарым түйіскенде,
Сырымды оқып қоярдай сырт айналам.
Шаттықтан да баз кешіп шаршаған күн,
Ырғағына ілесіп аңсар әннің,
Тазалықты сендегі табам ба деп,
Жанарына үңілем барша адамның.
Сол сәттерді сүйретіп мәңгі алшаққа,
Күндер көшті қайрылмай, қармансақ та.
Сен жоғалып кетпеші,
Менің соңғы
жұбанышым көзің боп қалған шақта.
***
Айтылмаған сезімдер де,
Ақтармаған сырлар да.
Е-е-е, қайтейін? Езіл, кеуде!
Енді ол мені тыңдар ма?
Шыдам біткен. Шыны шағып,
шыңғырғым кеп тұр неге?
Дәл осылай ұғысалық,
Үндемейін. Үндеме.
Түгесілем… тозар жаным,
Мұңға қойды теліп түн.
Көктен неге көз алмадың?
Аспан жақтан не күттің?
Сәл бақытты, сәл азапты
сәттер кештім. Түсім бе?
Бұлттар ауып бара жатты
жанарыңның ішінде.
Мұң қармаған, мен енді ойшы,
Ойым кейде өрескел…
«Тәңір көкте» деген қайсы?
Жүрегіңде емес пе ол.
Шерленемін, шырай қалмай
даңғазада, дүрмекте.
Жүрегіңде Құдай бар ғой?
Құдай бар ғой… Кірлетпе!
***
Қабіріме қашалмас, мейлі өлеңім,
Қашанғы «көңілі үшін…» дей беремін?
Қанатым жоқ.
Шіркін-ай, аспан жаққа
ұшып кеткім келеді кейде менің.
Өкініш-ау… өткен күн өтемесі,
Бақытына баратын төте көші.
Жолы болғыш адамдар бұ Тәңірге
Не өткізіп қояды екен осы?
Шынында, күлкім – жалған, шекер – мұңым,
Шер ақтарсам, шертеді шекемді кім?
Дүние қуғандарға қайтіп айтам?
Кебіннің қалтасы жоқ екендігін…
Бәрі жалған екенін жиі ұқтырып,
Өтеді өмір. Өтеміз күйіп-күліп.
Апыр-ай, сонда-дағы биік-ті үміт,
Тағдырды тәңір берген сүйікті ғып.
Біз әсте, халімізден сыр берген бе ек?
Ал, халің кімге уайым, кімдерге ермек?
Өзімдей көргендерім өкіндіріп,
Өзегімнен итеріп жүргендер көп.
Естеліктің шырқатып ежелгі әнін,
Көкейдегі көмескі кезерді ағын.
Көңіл-ай, көзді жұмып қарасам да,
Көз жұмып кетпейінше, сезем бәрін.
Жүрегіме қылғанмен жырымды егіз,
Арқа қағып, айтпайды ғұмыр лебіз.
Қиялдаған қанатым бітпесе де,
Көкке ұшып кетеміз ғой түбінде біз.
***
Бар бұлақтан, мөп-мөлдір бар тұмадан,
Мұңды қалай жаныңнан тартып алам?
Көзім түсіп кеткенде күрсінеді:
Жүрегіңнің тұсында жалғыз өлең,
Жанарыңның ішінде жарты ғалам.
Қамшы тілген қам аттай сауырлығын,
Жүрегіңіз жылай ма жауынды күн?
Жан азамды жаза алмай жүрмін әлі –
Жаназадай жаныма ауыр, күнім!
Құдай айдап кеп қалған бұл әлемге,
Жұлым-жұлым жанымды жұла берме.
Жатырынан безініп жатырқайды,
Мен жазбаған секілді мына өлең де.
Бірін ұқпай көзіңнен бірін ұғып,
Жан дүнием алқам-салқам, ұлып-ұлып.
Тілдесе алмай жүргенде,
Ғұмырымыз
тіліне анау сағаттың тұр ілініп.
Неше сенген, көңілім неше қалған,
Ессіз күннің елесі еседі алдан.
Мұнша қымбат болар ма бір ауыз сөз,
Сонша құнсыз болар ма кешегі арман?
Ұқпады деп жанымды тұғырлық ұл…
Кеттім-ау деп сүйе алмай ғұмырды бір…
Адамзатқа жатармын өлең оқып,
Қара жердің астынан күбір-гүбір.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!