«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер ең әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деген Ахмет Байтұрсынұлының тағылымды сөзі бүгінгі қоғам үшін бұрынғыдан да өзекті. Өйткені жаһандану дәуірінде ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтау әр халықтың басты мұратына айналып отыр. Қазақ тілі мен мәдениетінің қазіргі жай-күйі, әсіресе жастар арасындағы тіл мен дәстүрдің сақталуы – қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс маңызды мәселе.
Ақпараттық технологиялар мен шетелдік мәдени ықпалдың күшеюі қазақ тілінің қолданылуы мен ұлттық дәстүрлердің сақталуына жаңа сынақтар тудыруда. Соның ішінде, өкініштісі сол, қоғамда жарымжан сөздер жастар арасында кең таралып жатыр. Тіл тазалығына тереңнен мән берген, өткір, күшті, кең тіліміздің өзегіне өкініш те – осы жарымжан сөздер. Ал, төл тіліміздің мәнін кетіріп, түрлі «жаргон» сөздерді жиі қолдану бүгінгі буынның әдетіне айналып, сіңіп кетпесіне ешкім кепіл бермейді.
Тіл ұлттың тірегі болса, халқымыз «өнер алды – қызыл тіл», «тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деп, сөз құдіретін ерекше бағалаған. Қазақ тілі – ұлттың жаны, халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани қазынасы. Бүгінгі қоғамда тіліміз жаңа кеңістіктерге бейімделіп келеді.Соның бір айғағы –әлеуметтік желілерде, түрлі цифрлық платформаларда қазақ тілінде сөйлеп, жазып, ой бөлісе бастады. Бұл бағытта жас ұрпақтың тілді тек тұрмыстық деңгейде емес, шығармашылық пен технология саласында да қолдануы жетістікке жетер жолдың бір тармағы деп түсінеміз. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» дей отырып, өз ана тілін ұмытпау – нағыз мәдениетті азаматтың белгісі. Орыс шығыстанушысы, түрколог П.Мелиоранский: «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар – шешен әрі әдемі сөйлеудің хас шебері… Қазақтар халық әдебиетіне аса бай әрі жан-жақты» деген. Расымен де, қазақ тілі сүбелі сөзге, мақалға, шешендік сөздерге бай. Ана тіліңмен қатар басқа халықтың тілін білу – сол елдің тіліне көшті деген сөз емес, ол адамның өз-өзін шыңдауы.
Болашақ ұрпаққа ата-бабамыз аманат етіп қалдырған, ғасырлар бойы құндылығын жоғалтпаған салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз – ұлтты ұлт етіп сақтап тұрған ең басты рухани тірек. Өйткені дәстүр – өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғап тұрған алтын көпір. «Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр» деп халық бекер айтпаған.
Қазақтың әрбір салт-дәстүрінің түбінде терең тәрбие мен тағылым жатыр. Атап айтсақ, бала дүниеге келгеннен бастап шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер сияқты ғұрыптар арқылы ұлттың ізгі қасиеттері бойына сіңген. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, салт-дәстүрді көріп өскен ұрпақ елін, жерін, тілін қадірлеуді үйренеді. Ал үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – тәрбиенің тал бесіктен бастау алатынының айғағы.
Қазіргі уақытта жастар арасында ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деп, ақ батаның қадірін ұғыну, үлкеннің сөзін тыңдау қайтадан мәнге ие бола бастады. Әсіресе Наурыз мейрамының кең көлемде тойлануы – ұлттық рухтың жаңғыруының жарқын көрінісі. Бұл мейрам тек көктемнің келуін емес, бірлікті, татулықты, жаңаруды білдіреді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, Ұлыстың ұлы күні халық бір-біріне ақ тілегін арнап, өкпе-назын ұмытып, ынтымаққа бет бұрады.
Сонымен қатар, жастардың ұлттық тағамдарға, киім үлгілеріне, қолөнерге деген сұранысының артуы да – дәстүрге деген сый-құрметтің белгісі. «Ас – адамның арқауы» деп, қазы-қарта, бауырсақ, қымыз секілді тағамдардың қадірін тану – ұлттың дәм-тұзын ұлықтау. Ал, ою-өрнекпен кестеленген, қазақи нақыштың бейнесі бейнеленген киімдер мен зергерлік бұйымдар халық даналығын еске салады. Қолөнер – тек әсемдік емес, ұлттық тарихымыздан сыр шертетін тіл. Ұлттық құндылықтарды сақтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа нық қадам. Өйткені, дәстүрін құрметтеген халық тамырынан ешқашан ажырамайды, мәңгі жасайды.
Жастар арасында домбыра тартып, халық әндері мен күйлерін үйреніп, дәріптеуі қуаныш ұялатады. Бір кездері өнер мектептері жабылып, қазақтың ұлттық аспаптарын тек сөреден көруге болатын еді. Қазіргі күні өскелең ұрпақ ұлттық құндылықтарды заманауи форматта жаңғыртып, жаңа мазмұн беруде.
Дана халқымыз «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Тіл мен дәстүрдің сақталуы ең алдымен отбасынан басталады. Ана тілінде сөйлейтін, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін ортада өскен бала өз болмысын жоғалтпайды. Осы ретте мектеп пен жоғары оқу орындары бұл үрдісті жалғастырып, жастарға тілдің қадірін, дәстүрдің мәнін терең түсіндіруі қажет.
Қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны ғылым, білім, мәдениет пен технология тіліне айналдыру – уақыт талабы. Сандық технология кезеңінде және өркениетті елдер арасында заман ағысынан қалмай, озу шығу – бізге міндет. «Білімді мыңды жығар» дегендей, ана тілінде сапалы білім алған ұрпақ қана ұлттық құндылықтарды әлемге әйгілеп, қазақ халқын «қазақ» деп таниды.
Бойымызға анамыздың сүтімен дарыған тілімізді ардақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – басты парызымыз. Ана тілінің қадір-қасиетін ерте кезден-ақ түсіне білген халқымыз оны қасиетті мұраға балап, қастерлейді. Тіліміз – жан дүниеміздің айнасы, тәуелсіздігіміздің айғағы іспетті.
Әр адамның азаматтық қасиетті салт-дәстүрін сақтаумен, өзінің туған жерін, атамекенін сүюмен, өзінің ана тілін білумен өлшенеді. Қасиетті тілін біліп қана қоймай, күнделікті тұрмыста қолдану аясын кеңейтіп, тілге деген жанашырлық сезімінің болуынан көрініс табады.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөз бар. Қазақ тілі мен мәдениетіміздің жай-күйі, оның жойылып кетпеуі, ұрпағымызға мазмұны бұзылмай, сақталуы – жастардың еншісінде. Жастар ана тілін құрметтеп, ұлттық дәстүрді бойына сіңірсе, қазақтың рухани мұрасы мәңгі жасайды. Тіл мен дәстүр – өткеннің ғана емес, болашақтың да алтын қазығы.
Әділет Олжасұлы СМАҒҰЛ,
Серғали Толыбеков атындағы 3 It мектеп лицейінің оқушысы
Фото: egemen.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!