Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жас ақындардың жарқылы

13.12.2021, 15:45 760

 HALYQLINE.KZ Өткен аптада өлеңге үйірсек Сыр жастары бір арнаға тоғысты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында бір емес, үш ақынның поэзиялық кеші өтті. Облыстық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы, қазақ эстрадасындағы көптеген танымал әннің авторы Ақжол Түменбай, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті гуманитарлық-педагогикалық институтының магистранты, ақын Аружан Оралбай, университет түлегі, ақын, журналист Айдар Сайлауовтың шығармашылығына арналған кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Поэзия кешінің алғашқы құттықтау сөзі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартайға берілді. Өз кезегінде Жандос Нұртайұлы ақындарды алғыс хатпен марапаттады.

Одан соң үш ақын кезек-кезек сахнаға шығып, өз өлеңдерін оқыды. Ақындар сөзін жазған әсем әндер шырқалды. Диалог өлеңдер оқылды.

– Жас ақындарға қолдау аз. Жыл сайын жинағы шығып, маңдайы жарқырап жүрген өңір ақынын көрмейсің. Шықса да демеушіледің арқасында там-тұмдап, мұхитқа тамған тамшыдай руханиятқа үлес қосуда. Ал, жеке шығармашылық кешін өткізіп, мерейін асырып, жазып жүргенін оқырманға таныстыруда ҚР Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филалы ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істеп жатқан жоқ.

Сондықтан, ауызына Алла сөз салған ақындар өзіміз бірігіп, «Поэзия кештерін» өткізіп жүрміз. Баса айта кетейін, бұл дүниені еш жер қаржыландырмайды. Бәрі – ақындар мен жанашырлардың өз күші. Кеше ғана Қорқыт ата университетінің қолдауымен және «Поэзия кеші» жастарының бірігуімен үш бірдей ақынның керемет кеші өтті. Халық дән риза. Екі сағат уақыттың қалай зырғып өтіп кеткенін аңғармай қалдық. Кештен соң да «тағы өте ме?» деп сұраушылар көп болды. Енді осындай кешті жауапты мамандар қолға алып, қаламгерлерге қолдау танытса, нұр үстіне нұр болар еді. Ал, ақындар жан рақаты үшін өлең жаза беруден танбайды, – дейді ақын Айдар Сайлауов.

Ақын өлеңдерінің әр жолы, әр сөзі оның өмір жолы, баспалдағы екені белгілі жайт. Шығармашылық кеш ақындардың өлеңін сүйіп оқитын оқырман қауымның өнерімен жалғасты. Шараны ұйымдастырушылар алдағы уақытта «Сыр ақындарының антологиясын» жарыққа шығару туралы жаңалығымен бөлісті. Өздері өткізіп жүрген іс-шараға облыс орталығындағы ғана емес, аудандардағы ақындарды да қатыстыруға ықпал жасап жатқанын айтты.

Негізі көптеген жас өлең жазады, таланты бар, бірақ ашылмай қалып жатады. Сондай жастарды қолдау мақсатында 2019 жылы университетте «Сырлы қалам» жас ақындар клубын аштық. Содан кейін сол жастарды аға буын ақындармен араластырғым келді. Бірде Талғат Меңдібаев досымыз ой айтты, жас ақындардың поэзия кештерін өткізейік деп. «Жастар орталығында» 2 апта сайын жиналып, еркін поэзия кештерін ұйымдастырып тұрдық. Фейсбук желісінен кештерімізді көріп жүрген Мағжан Ералиев бірде кешімізге келіп, риза болғаны сондай «кітап шығарып беремін» деді, – дейді Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың Тәрбие жұмыстары және жастар саясаты бөлімінің басшысы.

Екі сағатқа созылған поэзиялық кеш жастардың рухани кемелденуіне ықпал етті дей аламыз. «Сыр елі – жыр елі» дейтін өңірдің өлеңге өлермендігі байқалып-ақ жатты. «Мұндай поэзиялық кештерді тұрақты түрде өткізіп тұрамыз» дейді ұйымдастырушылар.

Рыскелді ЖАХМАН,

Фотоларды түсірген – Жомарт Кемелханов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: