Қазақ қай кезден де өнер мен шығармашылықтан кенде емес. Әсіресе жыр елі атанған Сырдың халқы, оның ішінде қасиетті Арал топырағы – мәдениеттің мәйегіне айналған киелі мекен. Талай таланттардың бесігін тербетіп, өнер өлкесінде өзіндік орны бар әдебиет пен мәдениет майталмандарының кіндігін кескен осынау мекенде жырды жанына жалау еткен жас ақындар топқа түсіп, жазба ақындар мүшәйрасында бақ сынасты, деп хабарлайды аудандық «Толқын» газеті.
Аудандық мәдениет үйінде Абай ауылдық клубының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаевтың 70 жылдық мерейтойына орай аудандық деңгейде жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Төл туындылары «Қайталанбас дауыстар» Сыр саңлақтарының антологиясына енген, бірнеше кітаптың авторы, Ж.Әбдірашев атындағы республикалық әдеби сыйлықтың иегері атанған Толыбай Абылаев өзі қазылық еткен жыр бәйгесіне қатысқан ақындар екі кезең бойынша жүлдені сарапқа салды. Ақынға арнау оқу кезінде жергілікті ақынның шығармашылығын, өмір жолын барынша қамтыса, екінші айналымда еркін көсілген 8 ақынның арасынан мықтыны анықтау оңайға соқпады. Арал жұртшылығының жырға шөлдегені көрермендердің қошеметінен-ақ анық байқалды. Мүшәйра қорытындысын хабарлаған қазылар алқасының төрағасы Толыбай Абылаев:
– Біріншіден, менің өлеңге қосқан аз ғана үлесімді бағалаған жерлестеріме рақметімді айтамын. Әсіресе Қарақұмдағы ағайындарға ерекше алғыс. Қарақұм топырағы – қашаннан жыр мен ақынға бай жер. Сондықтан болар, өлең өлкесінде жүрген әр ақынға деген құрметі ерекше. Бүгін соның тағы да куәсі болып отырмыз. Әр ауылдан ақындық десе ішкен асын жерге қоятын жас ақындарды жинап, жоғарғы деңгейде мүшәйра ұйымдастыру – үлкен еңбек. Ақындарға да, ұйымдастырушыларға да табыс тілеймін. Қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырзалиев «Жүректен шықпаса жүрекке жетпейді» деп өлеңге үлкен баға берген екен. Бүгін жүрекке жеткен жағымды жырлардың тыңдарманы болдық. Десе де бабы мен бағы қатар шапқан ақындарды ерекше атауымыз керек, – деді.
Нәтижесінде Қамыстыбас ауылынан келген Данияр Қуанышбек пен бекбауылдық Ақгүл Үсенова Алғыс хатпен, аралқұмдық Диас Жанәділ арнайы жүлдемен марапатталса, Меңтай Шыналықызы Абай ауылының, Мөлдір Әбдірауышова Шөмішкөл ауылының қанжығасына жүлделі ІІІ орынды байлады. Ерімбетжағаның намысын қолдан бермеген Оңталап Жолдасов ІІ орынды, қосжарлық Аида Мырзабекова І орынды иеленсе, Арал қаласынан қатысқан Алтынбек Қыстаубаев бас жүлдені еншіледі. Сондай-ақ ақындарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!