Ауыл шетінде отырған қарияның қасына бір жас жігіт келіп:
«Бұл жерге менің бірінші рет келуім. Осы ауылда қандай адамдар тұрады? »,-деп сұрапты. Қария:
«Бұрын өзің тұратын ауылдың адамдары қандай еді?»,-десе, жігіт:
«Нашар, шетінен қара басының қамын ойлайтын адамдар болатын, сондықтан мен ол жақтан кетіп қалдым», – депті. Қария:
« Ендеше сен кеткен сол ауылдың адамдары қалай болса, бұл ауыл да дәл сондай», – деп жауап беріпті. Сәлден соң тағы бір жас жігіт келіп, қарттан:
«Бұл ауылдда қандай адамдар тұрады?»,- деп сұрады. Қария тағы: «Сенің келген жеріңнің адамдары қандай еді?» – деді.
«Оо! Олар өте жақсы және қонақжай адамдар болды. Менің көптеген достарым қалды. Оларды қиып кетуім қиын болды »,-дегенде қария:
«Сен дәл сондай адамдарды осында да көптеп кездестіресің»,-депті.
Екі әңгімеге де куә болға келесі бір адам қарияға:
«Сіз екі адамның бірдей сұрағына неліктен қарама-қарсы жауап бердіңіз?» – деп кінәлапты.Сонда қария:
«Балам, әр адам өз әлемін жүрегіне сақтап алып жүреді. Бұрынғы тұрған жерінен жақсылық таппаған адам мұнда да таба алмайды. Ал жақсы достары болған жас жігіттің мұнда да адал достары болады. Балам, айналамыздағы адамдар, олардан біз не көреміз, дәл солай болады! » деп жауап беріпті.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!