Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа сатиралық роман оқырманға жол тартты

23.04.2025, 11:40 301

HALYQLINE.KZ

22 сәуір күні Шымкенттегі А.Пушкин атындағы әмбебап кітапханасында кітапсүйер оқырмандар көңілін елең еткізген тағы бір елеулі оқиға болды. Бұл жолы көпшілікке көптен танымал шымқалалық сықақшы-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жақында ғана «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағын иеленген Мұхтар Шерімнің сатиралық романы «Супер бетсіздер» кітабының тұсаукесері өтті.

Қаладағы қаламгер зиялы қауым, кітапсүйер оқырмандар бас қосқан бұл жиында Қазақстан Жазушылар Одағының Шымкент қаласындағы өкілі, көрнекті жазушы Момбек Әбдіәкімұлы модераторлық етіп, алғашқы сөзді белгілі ғалым-әдебиет зерттеушісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбекке ұсынды. Профессор-ғалым қазақ сатирасының сардарлары Оспанхан Әубәкіров, Көпен Әмірбек, тағы басқа алдыңғы буын ағаларының жолын жалғастырып келе жатқан Мұхтар Шерімнің жаңа кітабында бүгінгі заман көріністері айқын бедер тапқанын айта келіп, жазушыға жаңа шығармашылық табыстар тіледі. Кейінгі сөзге шыққан бірқатар қаламгер әріптестері мен достары да тілі уытты, ойы өткір жазушыны жаңа шығармасымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ, тұсаукесер жиынында жазушының өмір деректері мен шығармашылық жолы туралы бейнебаян көрсетіліп, соңы әсем ән мен күмбірлеген күйге, кең дастарқан басындағы қызықты сыр-сұхбатқа ұласты.

Бекшүкір  Каршалов,

публицист-ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: