Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұрлықшы

05.10.2023, 9:20 247

Бірде  бір  кісі  мектептің  жанынан өтіп  бара  жатып  өзіне  бала  күнінде сабақ  берген  ұстазын  көріп  қалады. Жанына  барып,  амандасып,  хал-жағдай сұрасқаннан кейін әлгі ұстазынан:

– Ағай, мені таныдыңыз ба? – деп сұрайды.

– Жоқ, бірақ жүзің таныс, – деп келте жауап қатты ұстазы.

– Мен сіздің осыдан 20  жыл бұрын сабақ берген шәкіртіңізбін ғой, – дегенде ғана ұстазы көзі күлімдеп, шәкіртінің қолын қыса түсті.

– Иә, қазір кім болып жұмыс істейсің, мамандығың не? – деп үсті-үстіне сауалдарды бастырмалата түсті.

– Ағай, мен де қазір мұғаліммін. Және менің мұғалім болуыма сіздің әсеріңіз тиді, – дейді.

Ұстазы сәл үнсіздіктен кейін:

– Менің әсерім болды дейсің бе, қалайша? – дейді таңданысын жасыра алмай.

– Ол кезде бала едік. Қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келдім. Бірде сыныптасым сабаққа әдемі сағат тағып келіпті. Мен дәл сондай сағатты бұрыннан армандайтын едім. Ол сағатын бір киіп, бір шешіп, айналасына мақтанып отырды. Мен шыдай алмай үзіліс уақытында әлгі сағатты оның көзін ала бере жымқырып алдым. Сәлден соң ол сағатының ұрланғанын айтып, сыныптағылардан күмәндана бастады. Ал мен дым үндемеген күйі отыра бердім. Сол сәтте сіз барлығымызға:

– Қазір барлығың көздеріңді жұмып, теріс қарап тұрасыңдар. Мен сендердің қалталарыңды жеке-жеке қарап шығамын, – дедіңіз.

Бәріміз қаз-қатар тұрып, көзімізді жұмдық. Кезек маған келді. Менің қалтамдағы сағатты алдыңыз да білдіртпей әлгі баланың партасына апарып қойдыңыз. Сонда мен ұяттан әбден қызарып, жүрегім аузыма тығылардай болды. «Қазір сыныптың көзінше менің ұрлықшы екенімді айтып, масқарамды шығарса не істеймін?» деп уайымға салынып кеттім. Бірақ, сіз маған ләм-мим деген жоқсыз. Айыбымды жасырып, түк болмағандай сабақты жалғастырдыңыз. «Сабақ аяқталған соң менімен жеке болса да сөйлесіп, енді бұдан былай теріс әрекеттерге бармауымды ескертетін шығар» деп те күттім. Олай да істеген жоқсыз. Содан бері мен сіз секілді жүрегі жұмсақ, балаға мейірімді мұғалім боламын деп өзіме серт берген едім. Енді міне, өзіңізге еліктеген бала алдыңызда тұр, – деп сөзін аяқтайды.

Сонда ұстазы біразға дейін үнсіз тұрып қалды. Содан соң ғана шәкіртінің жүзіне қарап:

– Шын мәнінде мен де сол кезде сендердің қалталарыңды көзімді жұмып тұрып тексерген едім, – деп жауап береді.

Орыс  тілінен  аударған

Әйгерім  НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: