Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттың рухани темірқазығы

07.08.2025, 11:20 536

Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев­тың туғанына – 180 жыл. Ғибратты ғұмырнамасында артына өшпес өнеге қалдырған хакімнің  өмір  жолы  көпке  өнеге.

Абай тақырыбы – мәңгілік тақырып. Ол – сол  мәңгілік  мұрасы арқылы өз мұнарасын тұрғызып кеткен адам. Мерейлі мерейтойы аясында біз де хал-қадірімізше қалам тербеуді жөн  көрдік.

Ұлы ақын туралы қалам тербемеген жазушы, өлең жазбаған ақын кемде-кем болар. Ол сөзімен де, ісімен де ұлтқа ұран, ұрпаққа үлгі танытты. Абай әлемі – мәңгілік мұра. Оның терең парасатты поэзиясы – қазақ руханиятына тірек. Ұлы ақынның ұлағатты жолы әмбеге аян. Әңгіме тінін әріден тарқатсақ, Абайдың бойындағы даналық, ділмарлық, шешендік, шайырлық қасиеттер әкесі Құнанбайдан дарыған деседі. Халқымызда «тектіден текті туады» деген тәмсіл сөз осындайда айтылса керек-ті. «Алма да ағашынан алыс түспейді» демей ме?! Расымен де, Абайдың елге етенелігі, жақынға жанашырлығы секілді туабітті қасиет­тері атаның қаны, ананың сүтімен келген кие деп ұғынуға негіз бар. Өлеңдерінен қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің  шындығы, қазақ халқының сезім-­сыры, арман-­тілегі, ұлттық ерекшелік қасиеттері  айқын  сезі­ліп  тұрады.

«Абайдың қазақ  әдебиетіне XIX  ғасырда және XX ғасырда тигізген әсері орасан. Абайдың өзін көрмей, сөзін оқу арқылы, естіп, ұғыну арқылы әлеуметтік мәселеге, адамгершілік, ағартушылық турасына арнап өлеңдер жазған талай ақын бар. Әсіресе, бұлардың саны Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған са­йын  молая  түскен»  дейді  Мұхтар  Әуезов.

Абайдың қазақ әдебиеті алдындағы ұлы қызметі – ұлттық  әдебиет­ке деген жанашыр­лығы. Талант тұр­ғысынан талғам таразысын топ­шылай алатын алғырлығы. Оның қайсыбір шығармасын қарасаңыз да, адамгершілікті, дос­тықты, адал сезімді тыс қалдырған емес. Ол өз заманының ахуалын терең зерделеу арқылы қазақ даласына өшпес өміршең дүниелер алып келді. Сол арқылы әрбір санаға сәуле шашып, жүректерге  шамшырақ  жаға  білді.

Ақын орыс ұлтының шығарма­ларымен де терең сусындап, әлем әдебиетіне атын алтын әріппен жазып қалдырды. Бұл оның білім биігін­дегі байсалдығын байқатады. Әрбір әлеуетті  өлеңдері  сол  дәуірдің өзінде-ақ өміршеңд­ігін дәлелдеген. Абай адам мұратын қалыптастырып қана қоймай, соған жету жолын бағдарлап берді. Қайырымдылық, қанағат секілді адамның қалыптасуына себепші қасиеттерді талдап танытты. Нағыз адамды білімділік, ақылдылық, біліктілік, ғылымсүйгіштік қасиеттер  анықтайды  деп  тұжырымдайды.

Дана  ақынның  пайымынша,  адамшылықтың негізгі құралы – шығармашылық ойлау. Нағыз адамның мұратына жетудің шартын еңбек, қыз­мет деп қарастырады. Сол арқылы еңбектің өмір сүру құралы екендігін баршаға насихаттайды. Сонымен қатар, ғылымды игеру, тану, білімді болу – еңбектің мәні. Сондықтан ақын еңбек пен мақсатты өлеңдерінде де асқақтата жырлады. Ол қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, озық мәдениетке сүйреді. Елді сол жолда бірігуге үндеп, ынтымақтастыққа ұйыстыра білді. Уақыт талабын күні бұрын түсіну – Абай даналығының  белгісі.

Өлеңдерінен де, қара сөздерінен де қазақтың ұлттық табиғатына тән тазалықты табасың. Сондықтан да Абай шығармасы әрбір қазақ баласына темірқазықтай жол нұсқап келеді. Ұлы ақынның есімі ұлт санасынан өшпек емес. Ол Конфуций, Шекспир, Вольтер және Гете сынды  аты  әлемге  әйгілі  алыптар  қатарында  тұр.

Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды. Қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қыр­ларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсеміз. Абай туған елімен мәңгі бірге жасайды. Ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар  тауларға шақыра береді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен  10 тамыз – Абай күні болып бекітіліп, мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Бұл әрбіріміз үшін үлкен жаңалық, қуанышты  хабар  екені  сөзсіз.

Абай күні аясында да еліміз бойынша ең бірінші бастамашы болып, түрлі мәдени-әдеби іс-шаралар өткізген де – осы Сыр өңірі. Мұның барлығы – ақынға деген аймағымыздың құрметі. Біз мұнымен тоқтамақ емеспіз және бұл соңы да, басы да емес. Қазақтың дара ақыны, ғұлама ойшылы, ағартушы Абай есімін ұлықтау мақсатында облыс бойынша үш елді мекенге ақын аты берілген. Атап айтар болсақ, Қызыл­орда қаласы, Қосшыңырау ауылдық округі, Арал ауданы, Қарақұм ауылдық округі, Қазалы ауданы, Сарыкөл ауылдық округіне ақын есімі берілді. Сонымен қатар, төрт білім ордасы ақын атымен аталады. Сыр өңірінде сексен алты көше ақын есімін еншілеген. «Мұрагер» мектебінің ауласына ескерткіші орнатылып, ақын аты  беріліп  отыр.

Ұлы ақын дүниеге келген Абай облысында өткен аптада мерейтойлық онкүндік басталып кетті. Аталған өңір осы жылдың рухани орталығына айналмақ. Семей қаласы мен Жидебайға туристердің көптеп келуі күтілуде, Абайдың музей-үйіне қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жаңа экспозициялар ашылады және кең ауқымды «Абай форумы» өтеді деп жоспарлан­ған. «Абай жолымен» атты туристік науқан арқылы ақынның өмірі түрлі бағытта, яғни ақын мұрасы көпшілікке  фильмдер, подкасттар мен мобильді қосымшалар  арқылы  таныс­тырылмақ.

Мерейтой аясында поэзиясы мен философиясын дәріптеу кең тарауда. Сондай-ақ Абай өмірі туралы жаңа тарихи драма жанрындағы авторлық телесериал әзірленуде. Ақынның адамгершілік, білім, еңбек, өзара сыйластық пен ақиқатты іздеу жөніндегі идеялары – жастарға, қоғамға және мемлекетке әлі де өзекті тақырып. Министрлік Абай Құнанбайұлының мерейтойы жай ғана атаулы күн емес, ұлттық идеяға, мәдени тереңдікке және адамгершілік құндылықтарға назар аударатын маңызды күн екенін  айтқан  болатын.

Бүгінде Абай Құнанбайұлы – мектеп бағдарламасындағы кезекті тұлға ғана емес, ұлттық дүниетанымның айқын бағдары. Ақын халық поэзиясын философиялық тереңдікпен ұштас­тырып, қазақ тіліне әдеби өрнектің жаңа деңгейін сыйлады, Шығыс пен Батыстың арасындағы рухани көпірге айналды. Оның «Қара сөздері» – жай ғана өсиет емес, қазақтың мәдени санасының алғашқы манифесі. Жаңа оқу жылынан бастап, еліміздегі барлық мектеп пен университеттерде Абайдың өмірі мен мұрасын арқау еткен Абайтану сабақтары өтпек. Еліміз бойынша мектептерде, ауылдар мен аудан орталықтарында жәрмеңкелер, көрмелер, концерттер мен флешмобтар ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Астана қаласының орталығында Абай бейнесінің заманауи түсіндірмесіне арнал­ған  интерактивті  инсталляция  орнатылады.

Осылайша биылғы жылы еліміздің түкпір-­түкпіріндегі ауылдардан бастап елордаға дейін, оқушыдан ғалымға дейін ұлы Абай мұрасымен тыныстап, рухани жаңғыру жолына түспек. Бұл мәңгілік ұлы ақынның аласармас биігі болатын. Мұның барлығы – ақынға деген елдің ілтипаты. Ақын мұрасы мәңгілік өшпек емес. Өйткені, Абай – Алаш даласының шамшырағы, ұлттың рухани темірқазығы.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: