«Фантомас» фильмін көрдіңіз бе? Андре Юнебельдің картинасы ғой. 1964 жылы шыққан фильм 1967 жылы Кеңес үкіметінде прокатқа шығады. Комедиялық сарындағы киноның салдары қызыл империя үшін ауыр соққан еді. КСРО-да қылмыс атаулы өршіді. Тіпті, ағайынды Толстопяттар «Фантомас» атты қылмыстық топ құрып, бетпердемен жүзін бүркемелеп, қанау-тонауға көшті. Басбұзарлар телефоннан «Фантомас сізге келеді» деген қоқан-лоққы көрсетуді әдетке айналдырады. Ол уақытта қайдан және қай абоненттен қоңырау шалып тұрғанын анықтау мүмкін емес еді. Тіпті, елдегі мұндай қылмыстардың алдын алу үшін «Сізді Фантомас шақырады» телебағдарламасын жасақтады. Міне, фильмнің мақсаты, киноның идеологиялық міндеті.
КИНО – ҚАРУ
Кино – шынында қару. Ол – жай қару емес, идеологиялық қару. Оны кез келген киногер де, билік те, идеолог та, тіпті десеңіз, кино көрермені де мойындайды. Оның мақсаты – санаға түрткі салу, ойды өзгерту, өмірлік тұлға қалыптастыру. Сөзімізге илану үшін мысал келтірейік, коммунизмнің орнауына қарсы шыққан Колчакты білетін шығарсыз?! Бірнеше жыл бұрын Ресей киногерлері «Адмирал» фильмін түсіріп, күллі орыс жасы бой түзейтін батыр жасап шығарды. Осылайша Ресей қоғамы кедей мен жатақтың төбесіне әңгіртаяқ ойнатқан қылмыскерді ұмытып, «Ұлы Русьті» сүйген патриот Колчакпен қауышты.
Комикстен табыс табушы Марвель компаниясының «Кек қайырушылар» фильмінің соңғы екі бөлімінде киногерлер «Американдық мұратты» айқын көрсетеді. Картина арасында 18 мың ғаламның қанішері, тұтас ғаламшарларды қанқақсатқан Танос пен «Темір адам», найзағай «құдайы» Тор және капитан Америка айқаса кетеді ғой. Титандардың патшасы «кекқайтарушылардың» үшеуін де жер етеді. Бірақ, «Ұлы американың» сарбазы капитан Америка жығылған жерінен қайта тұрып, Таносқа тұра ұмтылады. Нені аңғардыңыз? «АҚШ тізерлеуі мүмкін, жығылуы мүмкін, қайта тұрып, есесін қайтарады» деген ұран жатыр астарында. Құдды, 11 қыркүйектегі террорлық шабуылда жығылып, дұшпанға қайта тұрып шүйліккенін суреттегендей.
Теледидар – идеологиялық қарудың жарылыс ошағы. Қазір түріктің тарихын ұйқысынан оятқанда үтір һәм нүктесіне дейін баяндап берер буын қалыптасты. Оған себеп, Осман империясын насихаттаған тарихи телехикаялар. «Ғаламат ғасыр: Сүлеймен», «Ғаламат ғасыр: Көсем империясы», «Қалыптасу: Осман», «Жүрегімнің сұлтаны», «Алыпарслан: Ұлы селжұқтар», «Ертұғрыл», «Аңыз», т.б. картиналары арқылы Түркияның өткенін көрермен санасына сынаптай құйды. Оған дейін кәрістің, үндінің салт-кеңістігінде де қалықтағанбыз. Кейін Ресейдің 90-жылдардағы қылмыс әлемін паш еткен «Жігіт сөзі» («Слово пацана») телехикаясына да талай сана уланды. Сенбейсіз бе? Үйдегі кішкентайлардың «чушпан», «пацан» сөздерін естіген боларсыз?! Жалпы, кино – әр ұлттың салт-дәстүрін, болмыс-бітімін, әдет-ғұрпын, кемеңгерлігі мен философиясын, ұстанымы мен тыныс-тіршілігін арқау етіп, сол арқылы ұлтын әлемге таныту үшін дүниеге келетін туынды.
ТАРИХТАН ЖЕТКЕН ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ҮН
«Мен еркін даланың батырымын». Осы сөздерді оқып отырғанда ойыңызға «Бандыны қуған Хамит» киносы оралады. Бұл – Құдіренің сөзі. Кеңес заманының «құрбаны» болған образ шын мәнінде батыр еді. Қазақ даласының сардары-тын. Оны айғақтау үшін фильмдегі мына диалогқа мән берелік:
Хамит: Совет өкіметі сендерге теңдік алып берді. Ал сендер Совет өкіметін бандыға сатасыңдар.
Адамдар арасынан шыққан дауыс: Сенің Сәбет өкіметің Құдіренің аяғына домалап, қатынша жылады.
Хамит: Бұл қайсың?!
Адамдар арасынан шыққан дауыс: Саттар. Осында туып-өскем. Осында бала-шағамды асырап жүрмін. Ал сен кімсің?
Хамит: Мен Совет өкіметінің өкілімін.
Саттар: Сейсенбаев та сәбет өкіметінің өкілі болатын. Одан сенің артық жеріңді көре алмадық.
Хамит: Тұтқынға ал…
Дәуірінде өзіне шыққанды қызыл империяның жауы ететін Хамитті жұрт батыр деп білді. Ал, өз жеріне келіп, әмірін жүргізуге тырысқан коммунистермен айқасқан Құдірені қор көреді. Фильмді қайта қарап шығыңыз. Құдіренің образынан анау айтқандай жауыз емес, сырттан келіп туған жері мен еліне әмір жүргізуге тырысқан қызыл әскермен күрескен «еркін даланың батыры», Ақан шалдың сақалын сыйлаған иманды адам, қазақтың салт-дәстүрін құрмет тұтатын тұлға айшықталады. Коммунистердің қылышынан қан тамған сәтте қазақтың «ұлы мұратын» Құдіре арқылы айшықтаған А.Қарсақбаевқа қалайша бас имеске?!
Бүгінгі дәуірге оралайық. Қазір қазақ қоғамы еркін. Талай кино туынды көрерменге жол тартуда. Кешегі «Міржақып. Оян, Қазақ» туындысы қазақ қоғамында дүр сілкініс тудырды. Оған дейін түсірілген және одан кейін жарық көрген «Жау жүрек мың бала», «Кейкі мерген», «Құнанбай», «Біржан сал, «Мұстафа Шоқай» кинолары санада аз-маз әсерін қалдырды. Ал, «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін…» картиналары «Оян, қазақтай» әсері болмады. Мойындау керек. Мұқағалиді әспеттеймін деп әсірелеп, әсіре қызылдай тез оңдырды. Идеясы жоқ дей алмаспыз. Бірақ, нақты мақсатына жете алмады. І.Есенберлиннің «Көшпенділеріне» негізделген «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», «Қазақ хандығы. Алтын тақ» телехикаялары «Ғаламат ғасырдай» ұлттық идеологияны тірілте алмады. «Көшпенділер» фильмін айтпай-ақ қоялық. «Мене мен сенеге» толы «Томиристің» жайын өзіңіз де түсініп отырсыз. Себеп неде? Тапсырыс пен қаржы игерудің көлеңкесі.
ҰЛЫ ОБРАЗДАРҒА ОРЫН КЕРЕК
Қазақтың тарихы Осман империясындағы билеушілерді он орап кететін тұлғаларға толы. Тұнып тұр. Тұнығын алып, телехикаяның неше атасын жасақтауға болады. Әрісі Сақ пен Ғұн, берісі Түркі қағанаттары, Алтын Орда, Қазақ хандығында алмағайып дәуірде ұлт тағдырын жасақтаған есіл ерлер жетеді. Әріге бармаймыз дегеннің өзінде, Керей мен Жәнібектен кейін Қазақияның ұзақ жылдарға шегарасын шегендеп, ұлы мемлекетке айналдырған Қасым ханның өзі талай фильмге арқау болады. Қазақтың соңғы билеушісі Хан Кене жайында көрерменді солқылдатып жылатар туынды жасайтын жағдайымыз бар. Батыстың «Бэтмен», «Спайдермен» сықылды қолдан жасалған батырларын мың орайтын «Көктемір» есімді өмірде болған кейіпкер де ұлттық идеологиямызды тірілтуге үлкен сеп болар еді. Патшалы Ресейдің озбырлығына қарсы шайқасып, тіпті, қазақ билеушісі Нұралы ханның билігіне де қауіп төндірген Сапура Мәтенқызының образы үш фильмге арқау болған «Зорродан» қай жері кем? «Көрінбейтін батыр» атанған осы тұлғаны көгілдір экранға шығарсақ, санасы спайдерменденген бала біткен қазақ теңдігі үшін күрескен «Көктемірге» ұқсауға тырысар еді-ау…
Айтпақшы әдетте шетелге мойын созатын біздің киногерлер АҚШ ұры-қарысына дейін фильм түсіріп жүргенін ескерер ме екен? Джонни Дилленджер деген қанқұйлы қылмыскер бар. Тіпті, уақытында АҚШ президенті құрама штаттардың бірінші жауы деген атақ берген екен. Алайда, сол қылмыскер туралы американдықтар 6 фильм түсіріпті. Соңғысы – айтулы актер Джонни Деп түскен картина. Ал, британдықтар өздерінің батыры деп білетін аңыздық кейіпкерді фильмге арқау етуден алдына жан салған емес. Артур король жайында 22 фильм, 7 телехикая түсірген. Француздар билеуші Людовик XIV хақында 16 фильм түсіріпті. Ал қазақтың Қасым, Есім, Кенесары, Тәуке, Тәуекел, т.б. хандары шетелдің ұры-қарысынан кем бе?
Бұл мақалада мемлекеттен теңге түгіл тиын алмай, идеологияны тірілтуге емес, қоғамды бұзуға бағытталған «бизнестік фильмдер» туралы сөз етпедік. Неге? Қызын қорлаған әке («Әке қорлығы»), ез жігіт пен еркектің міндетін арқалаған еркекшора («Қайрат чемпион. Девственник», «Таптым-ау сені»), қорланған қазақтың қызы мен ана («Дала экспресі» мен «Ұлжанда» француздың, «Астана – менің махаббатымда» түріктің, «Махаббат тәлкегінде» орыстың ермегі болды қазақ қызы), арзан күлкі һәм әжуа («Джохан», «Қазақша бизнес», «Бишарашки», «Күшік құда», т.б.) әспеттелген фильмдер идеологияны қалыптастырмайды. Тек аздырады.
ТҮЙІН. Көгілдір экранға телмірген дәуірде киносыз идеялогияны көзге елестету мүмкін емес. Бір жылдары Абдулла Қарсақбаев түсірген «Менің атым – Қожа» фильмін көгілдір экраннан көрсетпеу керегі мінберлерден көтерілді. Мұндай пайым ұсынғандар фильмді балалар психикасын бұзады деген тұжырым жасапты. Дейтұрғанмен, 50 жылдан бері Қожаның образынан бұзылғандар аз да, кеше шыққан «Жігіттің сөзі» («Слово пацана») телехикасына санасын улағандар көп болды. Маңайдағы кей уақиғаларды сараптасаңыз көз жеткізесіз. Сондықтан, ұлттық рухты қамшылайтын картиналар қазір аса қажет.
Дастанбек САДЫҚ,
журналист
Коллаж ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!