Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлт руханиятының алтын көпірі: Мәшһүр Жүсіптің мұрасына тағзым

19.03.2026, 9:35 56

Ғылыми жобалар тек ақпарат жинау мен талдау алаңы емес, олар – өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір. Осы тұрғыда мен үшін ерекше маңызға ие болған сапар – Павлодар облысы, Баянауыл ауданына, ұлы ойшыл, ақын, шежіреші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кіндікқаны тамған қасиетті топыраққа жасалған жолcыйлық болды.

Бұл сапар – тек ғылыми ізденістің бір бөлігі емес, ұлттық сана мен рухани танымды тереңдете түскен тағылымды тәжірибе болды. Табиғаты көркем, тарихы терең Баянауыл өңірінде орналасқан Мәшһүр Жүсіп кесенесі мен мұражайы – ұлттық жадымыздың қайнар көзі. Кесене маңындағы ерекше тыныштық пен табиғи үйлесім, мұражай ішіндегі көне қолжазбалар, шапан мен күнделіктер – бәрі де бір ғасыр бұрынғы рухани биікті бүгінмен жалғап тұрғандай әсер қалдырды.


Сапардың аса мәнді бөлігі – Мәшһүр Жүсіптің шөбересі, Екібастұз қаласының тұрғыны, зейнеткер Абай Шарапиевпен өткен кездесу болды. Бұл жүздесу – тарихи тұлға жайлы деректі тірі естелікпен толықтырған маңызды рухани тәжірибе болды.

Абай Шарапиев – ұзақ жылдар бойы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқармада қызмет еткен, қаржы полициясының ардагері. Қоғам алдындағы адал еңбегімен ерекшеленетін бұл азамат – тек кәсіби тұрғыдан емес, адами болмысымен де зор құрметке лайық. Бізді үйінде керемет құрметпен қарсы алып, жары екеуі қазақы салтпен дастархан жайып, үлкен қонақжайлылық көрсетті. Бұл – отбасылық тәрбиенің, ұлттық дәстүрге деген шынайы құрметтің айғағы еді. Сапар соңында кесене жанындағы қонақүйде де арнайы дастархан жайылып, қонақжайлылықтың биік үлгісі көрсетілді.
Абай Шарапиевтің әңгімесінен Мәшһүр Жүсіптің болмысы мен дүниетанымы жайлы тың деректерге қанық болдық. Ол кісінің айтуынша, бабасы – аз сөйлеп, терең ой айтатын, таң намазынан кейін қаламын алып, шексіз рухани кеңістікке бойлайтын жан болған. Араб, парсы, көне түркі тілдерінде еркін жазған ойшылдың: «Менің сөзім тірі қалады» деген сөзі бүгінде ақиқатқа айналғандай. Абай атаның өзі де Мәшһүр Жүсіптің өлеңдерін жатқа айтып, шешендігімен, терең танымымен ерекше әсер қалдырды.

Сапар барысында Қазақстан Республикасы Ғылым академиясынан алынған мәліметтер де зерттеуіміздің ғылыми мазмұнын тереңдете түсті. Атап айтқанда, Мәшһүр Жүсіптің сирек қолжазбаларының сақталғаны – ұлт руханияты үшін баға жетпес мұра.

Осы сапар менің шәкіртімнің де жүрегінде рухани із қалдырды деп сенемін. Ол баба ізімен жүріп, ұлттық болмыс пен мәдени құндылықты көзбен көріп, жүрекпен түйсіне білді. Мәшһүр Жүсіптің мұрасы – тек әдеби ескерткіш емес, ұлттық сана мен адамгершіліктің темірқазығына айналған құндылық.

Бұл сапар – өткенге тағзым, бүгінге аманат, ертеңге үміт болып санамызға сіңді. Ұлттың рухани биігін танығысы келген әр адам үшін Мәшһүр Жүсіптің ізі қалған топыраққа табан тіреу – үлкен мектеп, өмірлік сабақ.

Айнұр Абубакирова,

І.Қабылов атындағы
№32 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі,

Жалағаш ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: