ҚР мәдениет қайраткері, ақын, жырау, жерлесіміз Сардарбек Қожағұл ағамызбен көзі тірісінде кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сол кездесуде ол ұлт қайраткері Д.Қонаевпен кездесуі туралы әңгімелеп берді. Ал, кеше ғана Сардарбек ағаның жылдық асын беріп, рухына құран бағыштадық.
– Сардарбек Омарұлы, ақын, жырау болуыңызға кім ықпал етті?
– Мен музыка мектебінде оқыған емеспін. Менің әкем Омар домбыраны шебер тартатын еді. Өлең-жырға құмар болуыма өзімнің Сарқыт апам және ән-күйден сабақ берген мұғалім Қобылаш Жаймұратовтың, сондай-ақ көрші үйдің қыздары Рәш Наурызбайқызы, Роза Тәжібайқызы (Бағланова), міне, осы кісілердің ықпалы болды деп ойлаймын.
– Ал, мемлекет басшысымен қандай жағдайда кездестіңіз?
– Ұлт қайраткері Дінмұхамед (Димаш) Қонаевпен кездесіп, пікір алысып, сұхбаттасқан күнім әлі есімде. Бұл есте қалатындай сәтті күндерімнің бірі болатын.
1992 жылы қараша айында Мардан Байділдаев ағамыз үйге телефон соғып, «қазір домбыраңды алып, кинотехникумның алдына кел, мән-жайды келе түсіне жатарсың» деді. Айтылған жерге көп ұзамай-ақ бір ақ «Волга» көлігі келіп тоқтады да, ішінен жүргізуші шығып, «Сәке, мында келіңіз» деп шақырды. Көлікке енгенімде артқы орындықта дәрігерімен бірге Д.Қонаев ағамыз отыр екен. Сәлем бердім, «жырау болсаң, алдыңғы орындыққа жайғас, айналайын» деді. Содан көлік үлкен жолмен батысқа карай бет алды. Жол-жөнекей Димаш ағамыз жүргізушіден аты-жөнін, руын, «қай жердің азаматысың?» деп сұрап алды. Ол жігіт аты-жөнін айтып, «Бақанастың Жалайырымын» деді. Сонда Димаш ағамыз «Жалайырдың жігіттері әйелінен қорқады деуші еді жұрт, соның мәнісін білесің бе?» деді әңгімеге тартып. «Аға, жұрттың ол айтқаны рас, әкем шешемнен жаман қорқады, өзім де келіншегімнен қаймығамын» деді жүргізуші. Біз біраз күлісіп алдық.
– Барар бағыт қайда екенін сұрамадыңыз ба?
– Сұрап нем бар, үлкен кісінің болымсыз жерге апармасы анық ғой. Біз бір сағаттың ол жақ, бұл жағында Жамбыл ауданының бір елді мекеніне келіп тоқтадық. Дарбаза ашық екен. Жиылған жұрт нөпір болып, Елағасын шашу шашып қарсы алды. Төргі бөлмеге жайғастық, стол үсті түрлі тағамға жайнап тұр. Елағасының сол жағына мен, оң жағына дәрігері жайғасты. Бізге қарама-қарсы үй иесі отырды. Жез самаурын бұрқылдап, дастарқанға шаймен бірге қуырдақ та келіп үлгерді. Шай ішіп көңіліміз жайланған соң, Димекең «Мен Жамбыл жыраудан кейін тірі жыраумен бірінші жүздесіп, дастарқандас болып отырмын. Ендігі жыр кезегін жырау жігітке берейік» деді. Мен Балқы Базардан бастап Қарасақал Ерімбет, Дулат Бабатайұлы, Қашаған, Кердері Әбубәкір, Мұрат Мөңкеұлы, Тұрмағанбет және Сыр сүлейлерін тегіс айттым. Балқы Базардың толғауын айтқанымда, «бір өзекті жерін калдырып койдың ғой» деді Елағасы. Ағамның ескертпесіне өзім таңғалып, «қай жері екен?» дедім. Сонда ағамыз «Еңбексіз тапқан дүние, карары болмас жігітке, жоқтықтың зарын тартпаса» деді. Шынында да сол жерін қалдырып койыппын. Елағасы осыдан соң, «Сүйінбай мен Қатағанның айтысын білесің бе?» деді. Мен білмейтінімді айттым. «Қалқам, оны жаттауың керек» деді. Содан соң қызық үшін Сүйінбай бабамыздың Қатағанды жеңген толғауын өзі жатқа айтып берді. Үлкен кісінің бұл айтысына тағы да таңғалдым. Таңғалмасқа болмайтын еді.
– Үлкен кісінің бойынан не байқадыңыз?
– Димаш ағаның бойынан ең алдымен есте сақтау қабілетінің мықты екенін, халықтың жыраулық өнерінен де хабары бар екенін байқадым. Елге деген махаббаттың, кеңдік пен кісіліктің, тазалық пен тұлғалық болмыстың ғажайып үлгісін көрдім. Мен үшін ең маңыздысы Елағасымен, халықтың данасымен дастарқандас болып, шын ықыласына бөленіп, батасын алғаным болды. Сол үшін өзімді бақытты санаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Айбол БИТУҒАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!