Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Үздіктер салтанаты» кітап фестивалі

22.04.2025, 16:50 287

Бүгін Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Ұлттық  кітап  күніне  орай «Үздіктер салтанаты» атты кітап фестивалі өтті.

Мерекелік кеш аясында қатысушыларға кітапхана ғимаратының алаңында «Кітап – жан азығы, өмір қазығы» атты жаңа кітаптар көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар, жас ақындар аллеясы, «Менің сүйікті кейіпкерім» тақырыбына асфальтқа сурет салу, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы, арт-территория – шығармашылық алаңы және түрлі интеллектуалды ойындар мен кітап инсталляциялары ұсынылды.

Тағылымды іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішов, кітапхана оқырмандары қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы құттықтау сөз сөйлеп, мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене қатысып жүрген бірнеше оқырманды «Үздік оқырман-2025», «Отбасылық оқудың қуанышы», «Ардагер оқырман», «Ең көп оқитын отбасы», «Ең кішкентай оқырман», «Белсенді оқырман» номинацияларымен марапаттады.

– Ұлттық әдебиетіміздің алтын қорындағы шығармалардан халқымыз рухани нәр алса, еліміздің келешегі кемел болады. Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйыламыз» деген заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтың сөзі бар. Кітап оқитын адам ақыл, парасат, таным, білім, тіл байлығы мен мәдениеттің ізгі қасиеттерімен ерекшеленері сөзсіз. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, ұлт руханиятының дамуына үлес қосар әрбір кітап – келешекке қалдырған асыл мұра. Оқырман жүрегіне жол тапқан кітаптың ғұмыры ұзақ болғай. Әдебиетіміздің жауһарлары айтқан ақыл-ойлары топтастырылған кітаптарды жоғары талғаммен қабылдауымыз қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов.     

Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына жеке кітапханасынан 700-ден астам кітапты сыйға тартты. Бұл кітаптарға оқырманның қолжетімділігін арттыру мақсатында кітапхана ішінен арнайы бұрыш ашылып, кітаптар мазмұны кеңінен таныстырылды.

 Өз кезегінде іс-шара қонақтары кітап оқудың маңыздылығы жайында атап өтіп, кітапхана оқырмандары жақсы кітапқа деген қажеттілік, жанға тыныштық сыйлайтын кітапхана атмосферасы жайында ойларымен бөлісті. 

Жаһандану заманында тілсіз тәрбиеші саналатын кітаптардың маңыздылығын арттыру – «AMANAT» партияcының да негізгі миссиясы екенін атап өткен партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Әбілқасымұлы партия Президент бастамасын іске асыруға дәнекер болатын «Кітап-AMANAT» жобасын іске қосқанын жеткізді.

– «AMANAT» партиясы барлық өңірде отандық әдебиет пен баспагерлерді қолдауға бағытталған кітап орталықтарын ашты. Жоба ел азаматтарының отандық әдебиетке, жалпы кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған. Кітап орталықтарының ашылуы – партия филиалдарын руханият орталықтарына айналдырып, азаматтардың партияға өз мәселесін шешу үшін ғана емес, рухани баю үшін де келіп, отандық авторлардың ең озық кітаптарымен танысуына жасалып отырған мүмкіндік, – деді партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов.

Іс-шара қорытындысында жергілікті жас әншілер әсем әннен шашу шашса, жас ақындар өз шығармашылығынан кітап, оқу, білім туралы өлеңдерін оқыды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: