Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда»

27.05.2025, 15:35 272

HALYQLINE.KZ

Айтыс – өнер, айтыс – бәйге аламан,

Түйдек-түйдек сөз төгетін санадан.

Сәйгүліктей суырылар сол бір сәт,

Қаусырма жақ, найза тілді, дана адам.

Иә, тоғыз өнер жиынтығын бір арнада тоғыстырған айтыс өнері өткен аптада Ақмешіт аспанын жырмен көмкерді. Сыр сахнасындағы жыр жәрмеңкесіне жиылған жұртшылықта есеп болмады.

«Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» тақырыбын айдар еткен аламан айтысқа елімізге танымал ақындардың барлығы дерлік жиналды. Ат сүрінгенше ақыл табатын, аузымен құс тістеген кіл жүйріктерге қазылық жасайтын сөз зергерлері де осал емес. Абайдың «Айтушыдан тыңдаушы мықты болсын» дегені осындайда айтылса керек-ті.

Алашты аузына қаратқан ақтаңгер ақындар да аламанда аянып қалмады. Аузы-мұрнынан өлең атқылаған сөз жүйріктері бірінен-бірі қалысар емес. «Тәуіп айтқан мың сөзде пайда бар ма, тауып айтқан жалғыз сөз жан сақтайды» демекші, айтыс үстінде ақындардың әр тауып айтқан сөзіне қиқулап, қошемет көрсеткен халық та мұндай өнер додасына әбден сусындағандары көрініп тұрды.  

Жә, сонымен Қызылорда қаласының Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы болғанына 100 жыл толуына орай облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты республикалық ақындар айтысы дүркіреп өтті.

Осыдан бір ғасыр бұрын Алаш арыстарының басын қосқан қасиетті мекен – Қызылорда қаласы күллі қазақ даласының бақ ордасына айналды.

Тарих беттеріндегі айтулы оқиғаларды бүгінгі заман келбетінде жырға қосып, өткені мен бүгінін жас ұрпақ жадында жаңғырту, ұлттың ұйытқысы болған айтыс өнерін насихаттау, көрерменге сөз құдіреті арқылы мәдени-рухани азық сыйлау мақсатындағы айтысқа республикамыздың түкпір-түкпірінен 12 ақын қатысты.

Сөз бәйгесін ақын, филология ғылымдарының докторы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент мәжілісінің депутаты  Аманжол Әлтаев жүргізсе, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Сауытбек Абдрахманов, КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Жүрсін Ерман, айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, ақын, журналист, «Журналистикаға  сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ғалым Жайлыбай, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мэлс Қосымбаев  қазылық етті.

Айтыс шымылдығын Абай облысынан келген Рүстем Қайыртайұлы мен жерлесіміз, «Алтын домбыра» иегері Мейірбек Сұлтанхан ашты.

«Бірегейлер туылып, жазылатын,

«Қызыл кітап» секілді Қызылорда», — деп сөз саптаған Рүстемнің үлкен дайындықпен келгені айқын аңғарылып тұрды. Өз кезегінде Мейірбек те осалдық танытпады. Тап бергенде шап беріп, ұтқыр өлең, ұтымды жауаппен халық қошеметіне бөленді.

Айтыстың екі жас бөрісі атанған ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев пен шымкенттік Нұрмахан Жақыпбек жастық жалынмен шаппа-шап айтыстың нағыз үлгісін көрсете білді.

«Ал енді Ақмешітке келген адам,

Мешітке қалай кірсе, солай кіреді», – деп Сыр топырағының қасиетін меңзеген Нұрмахан тиісінше қарсыласынан бір таразы басым болды.

Қыз бен жігіт айтысының қара салмас жүйрігі қарағандылық Мақсат Ақанов пен «Жайықтың Жансаясы» атанған оралдық Жансая Мусина ел күткен үдеден бір мәрте кемшін түспеді.

Төртінші жұп. Сахнаға Сырдың алтын ұлы Мұхтар Ниязов шыққаннан халық қиқулап, «Шап, Мұхтар!» деп қолдап, қошеметтеп жатты. Қарсылас ақыны – астаналық Сара Тоқтамысова. Бұл есім айтыссүйер ағайынға етене таныс. Араға жеті жыл салып, өнер додасына қайта қосылған Сара әлі де бабында екенін байқатты. Жиырма жылға жуық бір сахнада қатар өнер көрсетіп келе жатқан қос құрдас мәреге үзеңгі қағыстырып, қатар жетті. Халық күткен айтыс осы екі ақын арасында өрбіді десек, артық айтқандық емес. Соған сай қазылар да ұпайдан құқай көрсетпеді. Бірінші айналымдағы ең жоғары ұпай алған да осы екі ақын болды.

«Алты Алаштың баласы ардақтайтын,

Ассалаумағалайкум, Алтын ордам!», — деп ақындық әлеуетінің зор екенін ә дегеннен аңғарта сөйлеген айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбеков шымыр шумақтарымен елді де, ерді де кәдімгі шабысынан жаңылмай, талантына тәнті ете білді. Сөз орайы келгенде ақиқатты да, қоғамдық өткір мәселені де жыр жебесіне нысана ете білді. Оның қарсылас ақыны да – анау айтқандай бөрікпен ұрып алатын екі ақынның бірі емес, талай айтыстың бас бәйгесін шаппай алған жүйрік Дидар Қамиев.

Баянауылдан келген Аспанбек Шұғатаев пен ақтөбелік Злиқа Наурызалина аға мен қарындас арасындағы әдемі әзілге құрылған шұрайлы айтыс тарту етті.

Сонымен финал басталды. Он екі ақыннан іріктеліп, төрт ақын екінші айналымның көрігін қыздырды.

«Семей мен Қызылорда пойызындай,

Семей мен Қызылорда шығып тұрмыз», — деп Мұхтар Ниязов айтқандай, финалда Рүстем мен Мұхтар, Сара мен Мейірбек айтысты. Екі Қызылорда, екі Семей. Төрт ақын да тартымды да, тартысты айтыс жасады.

Сонымен сөз додасының қорытындысы бойынша Жансая Мусина және Бекарыс Шойбек арнайы жүлде иегері атанса, жүлделі ІІІ орынды Мақсат Ақанов пен Рүстем Қайыртай, ІІ орынды үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, І орынды Мейірбек Сұлтанхан иеленсе, бас жүлдені Сара Тоқтамысова қанжығалады.

Тұрар  Бекмырзаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: