Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің 95 жылдығы аясында байырғы редактор Қалқабай Әбенов атындағы дәстүрлі шығармашылық байқауының қорытындысы жарияланды.
«Сыр медиа» ЖШС және Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы мен Қ.Әбенов атындағы Сыр журналистикасы қоғамдық қорының үйлестіруімен дәстүрлі баспа БАҚ өкілдері мен тәуелсіз қаламгерлер арасында өткен «Туған жер – тұғырым» атты шығармашылық байқау өз мәресіне жетті. Аталмыш байқаудың бастауына негіз болған қазіргі «Сыр бойы», бұрынғы «Ленин жолы» газетінің бас редакторы, өмірінің жиырма жылын бір баспаның дамуына арнаған қаламгер, журналист Қалқабай Әбенов еді.
Шығармашылық байқаудың шарты бойынша қатысушылар туған жер құндылығы, рухани мәдениет, жастар саясаты туралы очерк, мақала, жолжазба, өлең сынды әртүрлі жанрда еңбектерін ұсынды.
Марапаттау рәсіміне облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов, Қ.Әбеновтың ұрпақтары және көзі көрген ардагер журналистер қатысты. Іс-шара барысында басқарма басшылығы Қанат Қалқабайұлына өз ризашылығын білдіріп, алхыс хат табыстады.
Арнайы бекітілген әділ қазылар алқасының таңдауы бойынша, ынталандыру сыйлығымен Егенберді Күнқожаев, Мұрат Бөленбайұлы, Нұрсұлтан Ертуғанұлы, Әнес Әуезов марапатталды. Ал 1-орынды «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Назерке Қазыбайқызы иеленсе, 2-орынды ардагер қаламгер Қайырбек Мырзахметұлы, 3-орынды «Сыр медиа» ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжалы Ерімбетов және ҚР Журналистер одағының мүшесі Дәуіржан Айболатұлы еншіледі. «Сыр журналистикасы» қоғамдық қорының демеушілігімен жүлде иегерлеріне арнайы сыйақы табысталды.
Үздіктердің үздігі деп танылған Назерке Қазыбайқызымен пікірлескен едік.
– Байқауға ұсынған мақаламның бірі – Қызылорда қаласында орналасқан К.Қаракөзов атындағы №235 орта мектепте жарты ғасырдан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан, «Музей апа» аталып кеткен Күләш Алматшаева туралы. Ол кісі екі мыңдай жәдігерді көненің көзіндей сақтап, мектептің төрін мұражайға айналдырған. Қазіргі күні осы мектептегі «Атамекен» музейінің меңгерушісі, – дейді ол.
Іс-шара соңы ыстық естеліктерді еске алумен аяқталды.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Н.Нұржаубай
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!