Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теңіздей тұңғиық тұлға

09.10.2025, 9:40 319

«Қарап  тұрып  мынау  түпсіз  теңізге,

Қалай тайыз боламыз, ей, жігіттер!», — деп ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, айбынды Арал теңізінің тумасы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доцен­ті, филология ғылымдарының кандидаты, тіл табиға­тын зерттеуші ғалым, замандас-досым Шанжархан Бекмағанбетов осы заманның тау тұлғалы азаматтарының бірі десем, артық айтқан­дық емес. Арал топырағында Қаратерең балықшылар ауылында туып, теңіз жағалап, көк толқынмен жарыса ойнап өскен бала, бүгін­де  елге  белгілі  ғалым, азамат, ұлағатты ұстаз  мерейлі  жетпіс  бес  жасқа  толып  отыр.

«Балықшының балаларының бәрі бірдей балықшы болмайды» деген ел сөзіне жүгінсек, Қаратерең – Еңбек Ері атанған балық­шыларымен қатар көк кеңістігін меңгерген ұшқыштарының көптігімен, елге белгілі қарым­ды қаламгерлері және ғалымдарымен де танымал  өлке.

Жерлесіміз Шәкеңнің ғылымдағы, қоғамдық  өмірдегі жеткен  табыстары  мақтанышпен айтып, көңіл марқайтуға  жарап  жатса,  бұл  бір ғанибет  емес  пе!?

Ұстаздық қызметін Қаратерең елді мекеніндегі Т.Г.Шевченко атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім­дігінен бастады. Мектеп оқушыларына ұстаздық ете жүріп, арманы қазақ тілінің табиғатын зерделеп, зерттеу басты мақсатына айналды, сондықтан облыс орталығындағы байырғы жоғары оқу орнына, сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқытушылық қызметке ауысты. Мектептегі тәжірибесі және өзінің ғылымға деген құштарлығы, сол кездегі қызметтес болған тәжірибелі ғалым-ұстаздардың қолдауымен ғылыми жұмыспен тікелей айналысуына мүмкіндік туды. Нәтижесінде кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, доценттік ғылыми  атағын  алды.

Қазіргі уақытта Шанжархан Бекмаған­бетов Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті және жур­на­листика»  кафедрасының профессоры, жас­тарға  ана  тіліміздің  ғана емес, жалпы, адамзат тілінің жаратылыс табиғатын ғылыми түрде меңгертуге зор еңбек сіңіріп жүр. Сонымен қатар, бірыңғай поэзиямен айналысатын Сыр жастарының әдеби орталығы ретінде танылып келе жатқан «Жас толқын» әдеби-шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, «Құс қанаты – Қызылорда» қоғамдық қорының басшысы ретінде талантты жастардың поэзия мен прозаға деген талпынысын шыңдап, бағыт-бағдар беруде. Жалпы, Шәкең­нің ғылым жолындағы, педагогикадағы шеберліктері туралы өзімен үзеңгілес, бір сала­да қызмет жасайтын әріп­тестері жазар, мен досымның кісілік келбеті мен өмір сүру қағидалары  жайында  айтқым келеді.

Шәкеңмен дос, қатарлас ретінде араласып келе жатқаныма қырық жылға жақындады. Осы жылдарда теңіздің тұнығы мен тереңдігі қандай болса, бұл азаматтың да білімі, біліктілігі, даналығы соңдай терең екендігіне көзім жетті. Бір сөзді, уәдесіне берік, күллі саналы өмірін тағылым мен тәрбиеге арнап, мыңдаған шәкіртке өмірлік азық болар тәлім-тәрбие мен білімнің алтын қамбасын ақтарып, әр адамның тұлға болып қалыптасуына ат салысып келе­ді. Өзі жетекшілік жасап, қолдау көрсеткен шәкірттері білім кеңістігін бағындырып, зор табысқа жетуде. Оның өмірлік принципі: көздеген асқақ мақсат-мұраттарға жету үшін аянбай еңбек ету, бар мүмкіндік пен жағдайды аса ұтымды да, ұтқыр пайдалану, сонда жеңіс те, табыста сен жағында болады. Ол бір істі бас­таса, аяғына жеткенше тыным таппайды, басқаға да тыныштық бермейді, бүгінгі бітіретін  істі  кейінге  қалдырмайды.

Сырт қарағанда түсі суықтау, адам ығатын сипаты бар болғанымен, жақын сөйлесе кетсеңіз, оның кейде өмірге философиялық тұрғыдан қарап байсалдылық танытса, енді бірде ақындық шабыты қысып, толқындай толғанып, теңіздей буырқанып түйдек-түйдек жыр тудыратын қасиетіне куә боласыз.

Шәкең: «Қазақта «айналайын», «айналып кетейін» дейтін қастерлі сөз қанша ғасыр өтсе де құнын жоғалтқан жоқ. Әсіресе, ата-ана осы сөзді кішкентай нәрестесіне айтып, өбектейді. Айналайын сөзінің астарына көз жүгіртсең, «бәле-жаладан, тіл-көзден сақтайын сені» деген мағына қалқып шыға келеді. Біле білсеңіздер, әлемнің өзі айналудан тұрады. Күнді жер айналады. Қазақтың ағаш үйі дөңгелек, айналма. Неге адамның кіндігі дөңгелек, неге ана құрсағындағы шарана дөңгелек? Неге жабайы аңдардың үңгірі дөңгелек!? Барлығы айналудың  құдіретінде  жатыр», — дейді.

Шәкең – бақ пен бақыт қонған, сыйлас­тығы мол отбасының иесі. Жұбайы Бақтылы екеуі – ұл-қыздары мен немерелердің ата-­анасы. Балаларының бәрі білімді, қызметте. Дегенмен, өмірдің бәрі тас жолдай түзу емес, ақ пен қара, қайғы мен қуаныштан тұрады. Ер жетіп, азамат болады деп үміт артқан ұлынан қапияда көз жазып қалды. Тағдырдың ауыр соққысына төтеп бере алған асыл әке қабыр­ғасы сәл бүгілсе де, сынбады. Сынаққа төтеп бере алу да – мықты қасиеттің бірі…

Қалған балалары өмірден өз кезектерімен орынын табуда, айналасы ағайын-туыс, жора-­жолдасқа толы. Ұрпақтарымен мақтанады. Үнемі аталық лебізін білдіріп: «Немере тәтті, әрине. Өйткені ол ең әуелі сенің ұрпа­ғыңның жалғасы ғой. Аллаға шүкіршілік етесің. Соларға қарап әулеттің ертеңін бажайлайсың. Екіншіден, олардың сәби күлкілері, риясыз қылықтары жаныңды баурайды. Таза періште көңілмен айтқан әр сөзі қызық, ал әңгімелесе бастасаң, шетіне шыға алмайсың. Немереден періште тазалықты көріп, жалпы жаратылыстың құдіретіне өзгеше көзбен қарап, таңырқағандай сезімдерге бөленесің. Менің де бірнеше немерем бар, алды есейіп қалды, тіл-көзден аман болсын деп шүкіршілік жасап жүрген жайымыз бар. Әрқайсысының өзінше бөлек мінезі, қылығы қызық. Енді осылардың жаманшылығын көрсетпей, дұрыс тәрбие беріп, азамат қатарына жеткізсек деген  ата  тілекпен  келеміз»  деп алға көз  тігеді.

Қазақта  «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақыл бар, мен де жетпіс бестің биігіне шыққан досыма жүрек жарды лебізімді  білдіруді  жөн  көрдім.

Өтеубай  ҚОЖАҚҰЛЫ,

Қорқыт  ата  атындағы  Қызылорда  мемлекеттік  университетінің  профессоры, 

тарих  ғылымдарының  докторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: