Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теңіздей терең тұлға

23.12.2024, 8:45 57

HALYQLINE.KZ

Теңізді өлкенің төл перзенті, қаламы қарымды қаламгер, марқұм Айжарық Сәдібекұлы 1939 жылы 17 желтоқсанда Қызылорда облысы, Арал ауданы, «Қармыс» елді мекенінде дүниеге келген. Журналистиканың бастау бұлағымен сусындаған, очерк пен фельетонның патшасы болған, Арал тағдырын адам тағдырындай толғаған тума талант тірі болғанда бүгінде тоқсанға табан тіреп, ақылман аталарымыздың бірі боп отырушы еді. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» демекші, өткен аптада айдынды өлкенің ардақты азаматы Айжарық Сәдібекұлының 85 жылдығына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Тарихқа қалам тербеген» атты еске алу кеші өтті.

Кешке зиялы қауым өкілдері, замандастары, кітапхана оқырмандары қатысты. Іс-шарада Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы, ақын Қ.Есімсейітова, Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты А.Әбілов, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Б.Ұзақбаев және А.Сәдібекұлының балалары сөз алып, жазушының өмір жолы мен журналистігі хақында сыр шертті. Әр сөзден жазушының өр тұлғасы, жарқын бейнесі мен қайталанбас болмысы көрініс тауып, қаламгерді көз алдымызға қайта тірілткендей болды. Оның балалық шағынан бастап, әдебиет әлеміне қадам басқан кездері, қажырлы еңбегі мен адами қасиеттері әңгімеленді. Оның ішінде, жерлесі, ардагер қаламгер, жазушы-журналист Еркін Әбілов шығармашылық жолындағы естеліктерімен бөлісті.

Айжекеңді сонау 1974 жылдан бері танимын. Қазір міне, жарты ғасыр ғұмыр болыпты. «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газетінде қызмет қылған кезінен бастап қоян-қолтық араластық. Бүгін Айжекеңнің журналистік болмысын баяндағым келеді. Жалпы, жазушылық бөлек, журналистика бөлек. Тіпті журналистің жазушыға қарағанда қаламы ұшқыр, ойы өткір болуы керек. Ол кездің журналистикасы, басылымы бөлек болатын. «Ленин жолы» газетін білмейтін азаматтар болмайтын. Сол кездері очерк, фельетон жанрлары жақсы жазылатын. Айжекеңнің қолынан осындай талай туынды туғантұғын. Айта берсем, бітім-болмысы бөлек адам. Сөзі салмақты, мінезді адам. Әлдекімдер секілді мақұл-мақұл деп емес, ойын ашық айтып, таңдауын таразыға салып тұрып, екшелеп айтатын. Қайталанбас қаламгерлердің бірі деп білемін, – деді ол.

Іс-шара соңында соңында қаламгердің «Теңіз тағдыры» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Теңіздей терең тұлға Айжарық Сәдібекұлына арналған еске алу кеші әуезді әнмен, естелік суретке түсуге жалғасты.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: