Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Текемет тоқып, оюды оқып…

20.03.2025, 8:40 68

Қазақ халқының қолөнері – ғасырлар бойғы тарихы бар, атадан балаға мирас болып келе жатқан бай әрі мәдени мұра. Кезінде көшпенді өмір салтына сай дамыған аталған өнердің әр бұйымы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, өркениеті мен мәдениетімен тығыз байланысты. Киіз үйді қоса айтқанда, оюмен көмкерілген әсем бұйымдары тек қазақтың керегіне жараған күнделікті қолданыстағы заты емес, өткенінен сыр шертетін мәдени ірі мұраға айналды десек, артық айтпағанымыз болар.

Дегенмен де уақыт өте келе заман талабына сәйкес фабрикалық өндіріс бірте-бірте ұлттық қолөнеріміздің қолданысын тежей түсті. Оны жасыра алмаймыз. Дәстүрлі өнерді меңгеріп, жанына серік еткендердің қатары сиреп, нағыз шеберлерді саусақпен санап қалдық. Десе де, соңғы жылдары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурызды атап өту үрдісі жаңашылданып, әйелдер арасындағы креативті индустрия дамып, нақты қолдау берілгелі бері ұлттық құндылықтарға бетбұрыс жасалып, қазақы нақыштағы бұйымдарға сұраныс қайта артқан секілді. Бұны тарихына үңілгендердің көбейіп, мәдени мұрамызды кәсібіне айналдырғандардың жемісі деп білеміз.

МАҚСАТШЫЛ  МАЙЯ

Сондай ісмерлердің бірі, мақаламыздың кейіпкері – Майя Қалжанова. Ол кісі ұлттық қолөнерді заманына сай жаңғыртып, ел арасында қалыптасқан «қолөнер бұйымдары бүгінде тек әдемі естелік ғана» деген таптаурынға нүкте қойып, сұранысқа ие кәсіп ретінде дамытып келеді. Кейіпкеріміздің жасаған бұйымдары қазіргі таңда көптің көңілінен шығып, қазақ қолөнерінің жаңа кезеңге қадам басуына үлесін қосуда. Қолөнерді табыс көзіне айналдырған жандардың ерен еңбегі ұлттық мұраны сақтап ғана қоймай, оны жаңаша жандандырудың теңдесіз үлгісі болып отыр.

Кейіпкерімізбен тілдесіп, әңгіме-дүкен құру оңайлыққа түскен жоқ. Түсінеміз, Наурыз мейрамы келісімен тапсырыстар күрт артып, қатысу керек конкурстардың да саны көбейіп, ағыл-тегіл күй кешіп жүргенін өзі де жасырмады. Бірақ та қойған сұрақтарымызға уақытылы жауап  беріп, ақпарат  беруден  еш тайынған  жоқ.

Ең алдымен Майя ханымның жеке өмірбаянына тоқтала кетейік. Майя Қара­батырқызы – маманды­ғы басқа болса да, ұлттық өнерді жүрегінен өшірмеген жан. Ол 1982 жылы Қызыл­орда облысы, Шиелі ауда­нында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып, информатика мамандығын меңгеріп шықты. Бүгінде Жуантөбе елді мекеніндегі мектепте информатика пәнінің мұғалімі әрі бағдарламашы болып қызмет  етеді.

Анасы қолөнерге жақын болған соң, өзі де сол қа­сиетті бойына сіңіріпті. Майяның анасы – ата-бабадан мирас болып қалған терме тоқу өнерін жетік меңгерген жан. Киіз үй жабдықтарынан бастап, ұлттық нақыштағы баулар мен бұйым­дарды жасауда шеберлігімен танылған. Осы мұра қызынан айналып өтпеді. Бала күнінде тоқымаға қызыққан Майя 2016 жылы саналы түрде осы өнерге қайта оралып, терме тоқуды үйренуге кірісті.

Оның шеберлігі бірте-­бірте шыңдалып, 2016 жылы Арал  ауданында Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен өткен «Ұлттық терме алаша өнерін жаңғырту» семинар-тренингіне қатысып, арнайы сертификат алады. Одан бері анасының қолдауымен алаша, уық бау, шашақ бау, киіз үйдің ішкі-сыртқы бауларын тоқуды меңгеріп, ұлттық өнерді жаңа деңгейге көтеруге  бел  шеше  кірісті.

Кейіпкеріміздің қол­өнерге деген адалдығы мен ізденісі нәтижесінде 2017 жылы Алматыдағы «Менің Қазақстаным-2017» көрме­сіне қатысып, марапатқа ие болды. Сол жылы Қызыл­орда облысы әкімінің дип­ломымен марапатталып, EXPO-2017 көрмесінде ұлттық өнерді таныстырып, туристерге шеберлік сыныптарын өткізді. Шымкентте өткен «Іскерлік қатынастар» семинарында да біліктілігін жетілдіріп, өз ісін дамыту жолын  үйренді.

Бүгінде  ол  терме әдісі­мен алаша, киіз үй баулары, қоржын, бойтұмар, қолдорба, жайнамаз сынды ұлттық бұйымдарды заманға сай үйлестіріп жасаумен айналы­сады. Қолөнерді кәсіпке айналдырып қана қоймай, ұлттық мұраны дәріптеуде өз үлесін  қосып  келеді.

Отбасында аяулы ана, ардақты жар. Жолдасы Алмасбек Өтегенұлы «Құмкөл» кенішінде еңбек етеді. Алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері. Майя үшін қолөнер – тек хобби емес, бабалардан жеткен аманат, кейінгі ұрпаққа қалдырар қазына.

Жаңа айтып өткендей, қолөнерші қазіргі таңда көрмеге тығыз дайындық үстінде. Біздің «Бұл салаға қалай келдіңіз?» деген сұрағымыз­ға  ол  былайша  жауап  берді.

– Бұл істі нақты 2016 жылы бастадым. 2017 жылдың ақпан айында кәсіпкерлік серіктестік ашып, сол бойын­ша қайтарымсыз грант конкурсына қатыстым. Конкурстан сәтті өтіп, 530 мың теңге грант ұтып алдым. Ол уақыттары әр аудан бойынша екінің біріне ғана аталған мүмкіндік бұйыратын-тұғын. Ол қаражатқа тек қажетті материалдар  алдым.

Ең алғашқы көлемді тап­сырысым EXPO өтіп жатқан шақта болды. Нақтырақ айт­қанда, мәдениет басқармасынан екі киіз үй тоқуға ұсыныс келді. Екі сегіз қанат­ты үйді тоқу, шыны керек, өте қиын болды. Бұл шаруа­ға шамамен бір жарым айдай уақытымды арна­дым. Не де болса, үлгердік. Бірнеше ше­бермен барып, EXPO-ның басы-­қасында жүрдік. Шетел­ден  келген қонақ­тарға шеберлік сабақтарын да өткіздім. Сондай-ақ, жеке саудамды да жүргізіп қайттым, – деді  ол  өз  сөзінде.

Кейіпкеріміз 2017 жылды артқа тастап, 2018 жыл келгелі ісінің оңға баспай, қиындыққа тап болғанын да жасырмады. Тіпті, жеке серіктестігін жабуға тура келгенін де  атап  өтті.  Басқа конкурстарға қатысуға ниет­тенген ол мектепте, яғни мемлекеттік мекемеде қызмет еткеннен соң келісім ала  алмағанын  айтады.

– 2018 жылы істі қойға­ныммен, тұрақты тұтыну­шыларымнан айырылмадым. Алматы, Астана қалаларынан  да  туындыла­рымды  іздеп, сұраушылар  болды.  Күні бүгінге дейін жеке тап­сы­рыс­тармен  жұмыс істеп келе жатырмын. Жақында ғана бес ай бойы қолға алған 16 қа­нат­ты   үй  тоқуды аяқ­та­дық, – дейді ол осы тұр­ғыда.

Алты баланың анасы кәсібінің дөңгелеуіне бала­ларының да көмегі әжептәуір екенін алға тартады. Айтуынша, үш қызы да қолөнерге жақын. Наға­шы жақтан дарыса керек. Дегенмен, бұрындары үздіксіз, шаршамай жұмыс істейтін Майя бүгінде кей тапсырыстарды қабыл­да­майды екен. Кейіпкеріміз мұны жастың келуімен байланыстырады.

ҰЛТТЫҚ  ӨНЕР – ЗАМАНАУИ  ТЕХНОЛОГИЯМЕН

Бұдан бөлек Наурыз мейрамына сәйкес ұлттық өнеріміздің тағы бір жанашыры, киіз басудың заманауи технологиясын зерттеп, ғылыми тұрғыда ізденіс жасап жүрген Айдана Әлай­даровамен  де  тілдестік.

Айдана Әлайдарқызы – ұлттық өнерді дәріптеп, оны білім мен ғылыммен ұштас­тырып жүрген тәжі­ри­белі маман. Ол 1976 жылы Қызыл­орда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келіп, 1997 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне «Интерьер дизайн» мамандығына оқуға түсіп, оны үздік тамамдады.

Өнерге деген сүйіспеншілігі оны білім жолына алып келді. 2001 жылдан бастап өзі оқыған университетте «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының оқытушысы болып қызмет етіп, болашақ мамандарды тәрбиелеуге атсалысты. Ғылымға деген қызығушылығының арқасында 2013 жылы магистрлік диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының магистрі  дәрежесін  алды.

Қолөнерді дәріптеу мен дамыту  жолында  аянбай  еңбек еткен Айдана 2014 жылы Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі атанды. Оның шығармашылық жолы көптеген көрме мен беделді байқауларда бағаланып, марапаттармен еленді. 2017 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дамуына қосқан үлесі үшін «Үздік түлек» алтын медалі­мен  марапатталды.

Ол ұстаздық қызметпен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыс­тарымен де белсенді айналысады. «Композиция», «Сурет», «Кес­кіндеме», «Визуа­лды өнер» атты оқу құралдарының авторы, сонымен қатар 30-дан астам ғылыми мақаласы жарық көрген. Айдана Әлайдарқызының еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де таныстырылды. Ол Ресей­дегі Қазақстан-­Ресей ынтымақтастық форумын­да, Моңғолиядағы халықаралық конференцияда қазақтың дәстүрлі  өнері мен киіз өңдеу технологияларын насихат­тап, шеберлік сабақ­тарын  өткізді.

2023-2024   жылдары   Қы­зыл­­ордада   «Ұлттық   қол­өнер – тәрбие көзі» атты  жеке көрмесін өткі­зіп, көпшілікке шығармашылығын таныс­тырды. Сондай-ақ,  туған  жеріне  деген құрметін білдіріп, Сыр­дария  ауданында «Туған жерге тағзым – перзенттік парыз» атты көрме ұйым­дастырды.

Бүгінде Айдана Әлайдар­қызы ұлттық өнерді жаңғыр­ту жолында ғылыми және шығармашылық ізденісін жалғастырып, шәкірт тәр­биелеуде. Оның еңбегі дәс­түрлі өнердің болашақ ұрпаққа аманат болып жетуіне жасалған маңызды қадам іспеттес.

– Бұл өнерге келу себе­бім, дизайнер болғаныммен, апа-әжелеріміздің қашанда қасында отырып, жүн түтіп, қолғабыс жасау арқылы кілем, текеметтердің қалай жасалатынын аңғарып, қызығу­шылығым пайда болды. Сол себепті де бұл өнер бізге таңсық емес. Кәдімгі өзі­міздің қазақи өнер болып саналады. Сол базалық ілімнің ізімен мен өзіме 2010 жылдан бастап «неге осы қастерлі өнерімізді қазіргі заманауи технология­мен байланыстыр­масқа?» деген сұрақ қойып, өзіме мақсат  қылып  алдым.

Осы мақсаттың төңірегінде қаншама шеберлік курсынан өттім. Сондай-ақ, шетелдік ғалымдармен қатар жұмыс істеп, Ресей, Венгрия мамандарымен тәжірибе алмастым. Соның арқасында қазіргі таңда интерьерге арналған құмыралар, қазақи нақышта  киім тігу, текемет тоқу секілді бұйымдар жасау үстіндеміз, – дейді  дизайнер.

Бұл кейіпкеріміздің бас­ты мақсаты – креативті индуст­рияны дамыту. Ғалым қолөнерші киіздің өзіндік ерекшеліктері бар екеніне тоқталды. Оның айтуына сүйенсек, текемет керек емес, жаман энергия, шаң секілді дүниелерді жинап, астына тастап, әрқашан бетін таза ұстайды екен. Соған орай Айдана ханым қолөнер өнімдеріне тек мәдени емес, ғылыми көзқараспен қарап, пайдалы жақтарын жария ету керек екенін алға тар­тады.

Бүгінде ұлттық нақыш­тағы бұйымдарға деген сұраныстың артуы – қазақы құндылықтарға деген құрметтің белгісі. Бұл үрдіс жалғаса берсе, қолөнер жойылып кетпейді, керісінше, заман талабына сай жаңғырып, ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі ретінде өмір сүруін жалғастырады. Ұлттық өнерді кәсіпке айналдырып, ұрпаққа мұра етіп қалдыру – уақыт талабынан туындаған маңызды  қадам.

Қолөнер – ата-баба аманаты. Ал сол аманатты көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа өнеге етіп жүрген батыр әйел­дерімізді нағыз еңбек­қор, кәсібінің несібін көріп жүрген азаматшалар дерсің. Ұлт өнеріне жанашыр екі кейіпкеріміз де күнделікті күйбің тірлік пен ұстаздық қызметті қатар алып келеді. Қолөнершілеріміздің кәсі­біне сәттілік тілей отыра, өзде­рі секілді әмбебап әйелдер  көбейе  берсін  дейміз.

Перизат  ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: