Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тастағы аруақ

21.02.2024, 23:00 202

HALYQLINE.KZ

Вон  Хонлун  (Сингапур)

Кадон жетім болатын. Оның шешесі осыдан үш жыл бұрын қайтыс болды, бұл әйелін жақсы көргендігін Кадонға үнемі айтатын және бұған себеп болған Кадон екені де айтылатын. Толғақ өте ауыр болған еді.

Әкесі Кадонды қолынан келгенше тәрбиелеп бақты, бірақ Кадонды кешқұрым, күн өзінің алтын түстес сәулесін бұлардың ағаш үйіне түсірген кездерде біртүрлі сезім билейтін, тіпті әкесі мұның өмірге келгеніне де өкінетін секілді көрінетін. Сол кезде әйелі тірі де болатын еді, мынау өтіп жатқан күндері де бақыттырақ болар еді. Күннен-күнге қартайып бара жатқан әкесінің осылай ойлайтынын сезген сайын, Кадонның әкесін жақсы көруі де, сыйлауы да азайып, салқын тарта бастады.

Басқа балалар сияқты әкесі Кадонды көп нәрсеге үйретуі мүмкін еді, бірақ үйретпеді. Осыдан кейін Кадонның әкесіне мүлдем көңілі қалды. Ал әкесі өзінің тоқ болғанынан басқа ештеңе ойламайтын, басқа біреуге немесе жақыныңа жақсылық жасауды бос әурешілік деп түсінетін.

Әкесі қайтыс болған кезде деревня тұрғындары түгел келді, көңіл айтты. Бірақ Кадон бұған аса қайғыра қойған жоқ, ал көмектескісі келгендердің меселін қайтармайтын. Есесіне олармен сирек кездесіп жүрді, өйткені олардың да керек кездері болып қалатын.

Ол өз бетінше өмір сүріп жатты, шағын ғана бақшасы, бірнеше балапаны бар еді. Дегенмен, көп ұзамай ақшаның да, тамақтың да жетіспеушілігі біліне бастады. Сондықтан деревняға жақын жатқан қалада бағбан болып жұмысқа тұрды.  

Бірақ Кадонға қалада жұмыс істеу ұнамады. Жалақысы болғанмен мардымсыз еді, ал жұмыс азаннан кешке дейін созылатын.

Бірде Кадон деревняға қайтып келе жатып, үйде отын жоқ екені есіне түсті. Отынсыз тамақ істей аласың ба, сөйтіп қу бұтақтарды тере бастады. Қырсыққанда қолына кілең ірі отындар іліне берді. Осылай ағаштың түбін де, айналасынан да майда отын қарап жүріп, ақыры бір дәу тасқа кез болды. Бұл тастың үстіне бұтақтары майысып бір үлкен ағаш көлеңкесін түсіріп тұрды, осы көлеңкеде аздап тынықпақшы болды.

Осы тастың жанынан Кадон бұрын да өтіп жүретін, бірақ аса мән бермейтін еді.

Бұл шынында өте үлкен тас болатын, биіктігі үш метрден кем емес, айналасында майда тастар шашылып жатыр, бұлардың да үлкендігі қарбыздай болады.

Аздап демалып алған Кадон майда отындарды жинай бастады, көп ұзамай жинаған отын бір құшақ болды. Кенет ол жоғарыдан құстың шиқылын естіді, жоғарыға көз тастап еді, осы тастың жанына өскен ағаштың бұтағынан құстың ұясын көрді. «Бұл ұяда жұмыртқа бар ма екен?» деп ойлады. Ол құстың жұмыртқасын жақсы көретін, оны жемегеніне де көп болған. Енді ол ағашқа қалай шығудың жолын ойлады. Тастың үстіне шықпақшы болып еді, ол теп-тегіс, жып-жылтыр боп шықты. Енді ол ағаштың діңгегіне шығып, оның жуан бұтақтарымен жақындай түсті. Ұядан қара түсті екі құсты көрді, олар бұны жақтырмай шықылықтап қояды. Кадон ұяға қолын созған кезде, олар ұшып жоғары көтерілді де, өткір тұмсықтарымен бұның қолын шұқып-шұқып алды. Бірақ, Кадон оларды әрі қарай үркітіп жіберді. Ұяның түбінде үлкен төрт жұмыртқа жатыр еді. «Міне, қандай олжа?!» деп қуанды Кадон, ол бұларды түстік тамақ қылып жейді.

Жан-жағына қараған еді,жапырақтардың арасынан суы лайсаң, ағып жатқан өзен көрінеді. Бұтақпен абайлап түсіп келе жатып, Кадон төменнен біртүрлі түсініксіз бірдеңені көрді. Дұрыстап қараған еді, тастың төбесі үңірейіп түрды. Міне, керемет! Жерден тұрып қарағанда бүтін боп көрінетін еді. Бұл тастың мұндай тесігі бар деп, кім ойлапты?!.

***

Осыдан соң бірнеше күн өтті. Бірде, кешкі тамағын ішіп болғасын зеріккен ол жүріп, қыдырыстап қайтпақшы болған. Жұлдыздар жарқырап, ай шұғыласын төгіп тұрды. Балалар асыр салып ойнап жүр. Пенгулудың үйінің кіреберісінде үлкен адамдармен араласып балалар да отырды. (Пенгулу – деревня ішіндегі староста, бұдан былай пенгулу деп ала береміз). Кадон солай қарай бет алды.

Кадонды көргесін, пенгулу жылы жүзбен амандасты да, бірге отыруын өтінді. Кадон да күлімсірей жауап қатты, сосын осы жердегі ағаш еденге жайғасты.

Кадон бұл адамдардан аулақ болуға тырысатын. Тіпті олардың осы қуаныштары да жасанды сияқты боп көрінетін. Сонда да әңгіме тыңдау үшін отырды.

– Пенгулу, өзеннің аруағы туралы айтшы? – деді Масдан деген бала. – Сен сол әңгімені айтам деп едің ғой. Айтшы.

– Айтыңыз, айтыңыз! – деп шулады балалар. Бұған пенгулу да, қасындағы үлкен адамдар да, күлді де қойды. Су бетінде жұлдыздар мен айдың сәулесі көрініп тұр. Өзенді жағалай кокос ағашы мен бұталар жарысып өскен.    

– Өзендер де өмір сүреді, – деді Пенгулу. – Ол үлкен, алып жылан сияқты. Ол қимылдай да, ұйықтай да біледі. Бақытты да, бақытсыз да бола алады. Ол бізді ажалдан құтқарып та алады, немесе бізді жалмап та қояды. Оның да жүрегі бар, аруағы бар. Біз, мұның бәрін біліп жүруіміз керек.

– Бірақ, өзендер сөйлей алмайды ғой! – Масданның дауысы қатты шығып кетті.

Кадон Масдонға көз тоқтатып қарады. Оның жасы бар болғаны он екіде болатын. Бұл бала сотқар, тентек болғанмен, өте мейірімді бала еді. Пенгулу күлімсіреді:

– Сөйлей алады. Егер дұрыстап тыңдай білсең, оның көңілді кезінде айтқан өлеңін, ашулы кезінде сарқырап аққан гүрілін естисің. Көңіліңді мұң басса, қасына келіп тұрсаң жүрегіңдегі ауыр жүк түсіп, бойың жеңілдеп қалады. Аруақ бар. Қасына келіп отырсаң, ол сенімен сөйлеседі. Кей кезде сенімен түсіңе кіріп сөйлеседі.

Масдан мен оның жолдастары бұл сөздерді демдерін іштеріне алып тұрып тыңдады.

– Бірақ біздің досымыз тек өзеннің ғана аруағы емес қой, – деді біреу. – Одан басқа ағаштың, гүлдердің, жолдың, егіннің аруақтары бар. Бәрін түгендеп болмайсың…

– Иә, – деді пенгулу, – олар өте көп, біз олармен ренжіспесек, олар бізбен дос бола алады. Егер ренжітетін болсаң, онда керісінше.

Балалар бастарын изеді. Содан кейін пенгулумен және басқаларымен қоштасып, үйлеріне қарай жүгіріп кетті, кеш болып қалған еді. Кадон да үйіне қайтты, жолай пенгулу айтқан сөздер ойынан кетпеді. Ал өзі ше, өзі аруаққа сене ме? Әрине сенеді, әсіресе қорыққандықтан сенеді.

Әкесі айтатын: аруақтарды ашуландырмау керек деп. Егер бір ағашты кесетін болсаң, оның аруағынан кешірім сұрауың керек. Кей сәтте Кадон былай ойлайтын: егер ағаштың аруағынан кешірім сұрамай кессе не болар екен? Әлде сол кесілген ағаш секілді дөңбекке айналып шыға келер ме екенсің?

Кадонның лашығы да басқа үйлер секілді, қада қағып жасалған еді. Ағаштан жасалған тепкішекпен көтеріліп үйге кірді. Қамыстан тоқылған төсенішке жата кеткен еді, сәлден кейін жамбасына бірдеңе батып мазасы кетті. Айдың сәулесі төбедегі тесіктен өтіп, үйдің ішіне түсіп тұр. Оны жөндеуге, немесе ауыстыруға Кадонның ақшасы жоқ еді, сондықтан жаңбыр жаумаса деп тілейтін.

Оның ұйқысы келмеді. Төбедегі тесікке қарап ұзақ жатты. Сосын үйдегі ескі-құсқы дүниелеріне көз тастап өтті де, осы тұрмысына, жалғыздығына лағнет айтты. Бір қарны тойып, қалтасында ақша, үстінде тәуір киім, басында дұрыс баспана болатын күн туар ма екен?

Кенет оның ойына әлгі дәу тас түсті. Оның тесігі бар! Пенгулу әңгіме қылған аруақтар! Тастың аруағы болмауы мүмкін бе? Деревня тұрғындарының аруақтарға сенетіні рас болса, онда олар тастың да аруағына сену керек қой. Егер тастың аруағы тұрғындардан бірдеңе тілесе, олар оны сөзсіз орындайды. Орындамауға батылдары жетпейді.

Ертеңіне Кадон өте ерте тұрды. Тіпті күн де шықпаған болатын, тас жатқан жерге қарай жүгіре жөнелді. Жүгіріп келіп екпінмен шықпақшы болған, шыға алмады. Өрмелеп шықпақшы болып еді, тағы шыға алмады, тас жып-жылтыр болатын. Бір-ақ жол бар еді, ол – ағаш арқылы шығу.

Кадон мынау алып ағашқа шықты да, асықпай тастың дәл төбесіне қарай жылжыды. Төменге көз салған еді, зәресі ұшып кетті. Бұл тастың дәл төбесінде, өте биікте тұрды. Төменгі жағы түпсіз шыңырау сияқты еді. Егер қарғыса аяғын сындыратыны сөзсіз. Бірақ қорқынышын басып, бұтақтан мықтап ұстап, қолдарын жазып, тастың үстіне аз-кем ілініп тұрды. Енді, таспен екі аралық бір жарым метрдей болды. Кадон бұтақты жіберіп қалды. Тастың үстіне түскен кезде, тепе-теңдіктен сәл-пәл айырылып қала жаздады. Бірақ құлаған жоқ. Енді бір есін жиған кезде, ол тастың аруағына жалбарынып кешірім сұрап тұр еді. Оңай дейсің бе, аруақтың иелігіне баса-көктеп кіріп кетті, шынымен аруақ бар шығар.

Батылы жетіңкіремей, еңбектеп тесікке жетіп, ішіне үңілді. Тесік өте үлкен болып шықты. Одан басқа майдалау келген тастар да жатты. Кадон абайлап, тесіктің ішіне түсе бастады. Қорыққаны соншалық, тесіктің түбінен ашулы аруақ тұра келетіндей көрінеді.

Бірақ ол әзір көріне қоймады. Кепкен жапырақтардың үстіне отырып еді, тастың төбесі сонау биікте қалып қойды. Міне, дұрыс болды. Ойындағысын жүзеге асыруға тағаты жетпеді, ертеңге қалдыратын ештеңесі жоқ.

Кадон бұл тасқа кешқұрым тағы келді. Айнала тым-тырс. Ағаштың басына шықты да, айналаға көз салды, біреу жолдан келер ме екен деп құлақ түрді. Сәлден соң сөйлескен дауыстар естілгендей болды. Дұрыстап қараған еді, бұталардың арасынан екі үлкен кісі көрінді. Олар әлі де қашықта болатын. Кадон тез тастың үстіне қарғып түсті де, нағыз аруаққа кездестірмеуді жалбарына тілеп, тесіктің ішіне еніп кетті.

Дауыстар тіпті жақыннан естілді. Кадон демін ішінен алып үнсіз тұр, кенет миына бір ой сап ете қалды. Дереу қолына шағындау екі тас алып, бір-біріне ұрып тықылдата бастады. Бұл дыбыстар түнгі кезде алысқа кететін.

– Бұл не? – деген дауысты естіді Кадон.

– Білмеймін, – деді екіншісі.

Кадон үнсіз тастарын тықылдата берді.

– Дыбыс тас жақтан шығып тұр, – деді біреуі сыбырлап.

– Жүрек, – деді екіншісі тағы да сыбырлап, – бұл соғып тұрған тастың жүрегі.

Екі шалдың да зәрелері қалмады. Кадон тастарды қаттырақ ұрып еді, тықыл да қатты шықты.

– Мен мына тастардың аруағымын, – деді Кадон. – Бері жақындаңдар.

Екі шал имене, алға қадам басты, өздері бір-бірінің қолдарынан тас қып ұстап алыпты. Қорыққаннан екеуінің де қолдары мұздай.

– О, аруақ, саған не керек еді? – деп сұрады олар дауыстары қалтырап.

– Құдай үшін, бізге тиме. Біз кәрі адамдармыз, отбасымыз, бала-шағамыз бар. Олардың күні не болмақ?

– Сендер де, бүкіл деревняның тұрғындары да менің айтқанымды істейтін болсаңдар, ештеңе де болмайды. Мен де, балаларым да ашықты. Бізге жас ет, тәуір көкөніс пен жемістер әкеліңдер. Ертең дәл осы уақытқа әкеліп үлгіретін болыңдар. Түсінікті ме?

Шалдар жарыса бастарын шұлғыды. Содан соң біреуі былай деп сұрады:

– О, аруақ, сенің балаларың қайда?

– Балалар ма? Менің балаларым – мынау кішкене тастар, міне, қасымда жатыр. Олар да аш, – деді Кадон. – Барыңдар, барғасын менің айтқандарымды халыққа жеткізіңдер. Егер осы айтқанымды істемесеңдер, бастарыңа қара аспан орнайды, осыны ұмытпаңдар. 

Қос шал қисаңдаған, әлсіз аяқтарымен жөнеп берді. Кадон қарқылдап күлем деп күлкіге тұншықты. Бейшара шалдардың зәре-құты қалмады! Бұған не айтарсың? Ертеңгі күні не тапсыратынын ойлағаны сол еді, деревня жақтан келе жатқан адамдардың дауыстарын естіді. Міне, дауыстар енді тіпті жақыннан шықты. Кадон отырған жерінде демін ішіне тартып, тым-тырс қалды.

– Рахад, айтқаның мына тас па? – деген пенгулудың дауысын естіді.

– Иә, пенгулу, – деді екі шал жарыса. – Ал мынау кішкене тастар – оның балалары.

– Мүмкін, дауыс елестеген шығар? – деді пенгулу қайтадан.

– Жоқ, – деп екеуі де нық жауап берді. Кадон қолдарына тас алып тағы тықылдатты.

– Әне, естідіңдер ме? – деді Рахад.

– Иә, тыңдаңдар, – деді екінші шал. –  Бұл – тастың жүрегінің дүрсілі.

– Сендер, бұл жерде неғып жүрсіңдер? – деді Кадон даувсын өзгертіп. – Неге менің ұйқымды бұзасыңдар? Деревняға қайтыңдар, маған бүгін тыныштық беріңдер.

– Пенгулу, тас сөйлеп жатыр! – деді бір әйел.

Адамдар тасқа сұмдық көргендей қарап қалыпты. Бәрі де тілсіз. Тықылдаған дыбыс күшейе түсті.

– Қайтыңдар, – деді Кадон тағы да. – Ал, ертең маған, менің балаларыма ең тәуір деген тамақтарыңды әкелетін болыңдар.

– Айтқаның орындалады, о аруақ, – деді Пенгулу.

Пенгулу мен тұрғындар бірге қайтты. Жолда тек тас, оның аруағы мен соққан жүрегі туралы ғана әңгіме болды.

Ал, Кадон старостамен қоса бүкіл тұрғынды алдап соққанына әлі сенбей тұр еді. Бойын кернеген рақат сезімнен өзін қоярға жер таппады. Енді ол керек еткен затын алатын болады. Ол ұры емес, ештеңе ұрламайды. Адамдар өздері әкеліп беретін болады.

Ертеңіне түсте Кадон ештеңе жеген жоқ. Тасқа қарай келе жатып тұрғындардың әкелетін тамақтарын қалай жейтінін ойлап келе жатты. Аспанда ай мен жұлдыздарды жауып, бұлттар жылжып келе жатты. Жаңбыр жаумаса екен деп тіледі ол.

Ақыры бүкіл деревня:б алалар, әйелдер, ер адамдардың келе жатқаны естілді. Олардың қолдарында подносқа салынған түрлі тағам, ет, көкөніс, тағы басқа неше түрлі жеміс бар еді. Тастың жанына жеткен олар қолдарындағы әкелген нәрселерін жерге қойды. Содан соң бәрі тұрып қалды, ал пенгулу алға қадам басты да, былай деді:

– О, тастың аруағы, біз сенің айтқаныңды орындап келіп тұрмыз. Сенің айтқан тамақтарыңның бәрін алып келдік.

Кадон тастарды жеңіл-желпі тықылдатып қойды. Сосын даувсын сәл өзгертіп жауап қатты.

– Мен ризамын, – деді Кадон. – Мен әкелген тамақтарыңды көріп тұрмын. Бұл балаларымызбен қосылып жейтін жақсы дәм болды. Сендердің деревняларыңа бақыт орнайды.

Аспанды найзағай жарқылы тіліп өтті. Сонадай жерде күн күркіреді. «Егер олар тез кетіп қалмаса, мен жаңбырдың астында қалатын болдым» деп ойлады Кадон.

– Ал, енді үйлеріңе қайтыңдар, – деді ол. – Тамақты қалдырып, екі күннен соң тағы соғыңдар.

Найзағайдың жарқылына қарап, пенгулу адамдарды алып кетуге асықты. Ал кішкентай Масданның бұталардың арасына тығылып қалғанын ешкім байқаған жоқ. Деревняда оның тынымсыз бала екенін бәрі білетін. Оның үстіне бәрін білмекке құштар бала екенін де білетін. Ол аруақтардың тамақты қалай жейтінін көргісі келді. Түрі қандай, адам сияқты ма, адамдар сияқты жер ме екен? Әлде алдындағы поднос түгел жоқ болып кете ме?

Бұталар салқын желмен тербетіліп тұрды. Масданның тоңғаны соншалық, үйге қайтқысы келген. Егер ұзақ тұрып қалатын болса, онда жаңбырдың астында қалатын болды. Жаңбырға қалып, үсті малмандай болса, әке-шешесінің ұрсатыны анық.

Найзағай тағы жарқ етті. Алғашқы тамшылар тама бастады. Масдан енді үйіне жүгірмекші болған. Өзінің тығылған жерінен шыққаны сол еді, кенет тастың үстінен қылтиып тұрған басты көріп, айғайлап жіберуге шақ қалды. Одан кейін қолдар көрінді. Сосын иықтары, денесі, аяқтары көрінді. Содан кейін тізерлеп отырған жерінен бойын тіктеді де, жерге жеңіл қарғып түсті. Енді қойнынан дорба суырып алды да, жылдам қимылмен ет пен тамақтарды сала бастады.

Масданның аузы ашылып қалған, бұл адам таныс. Бұрын көрген адамы, бірақ қалай, қай жерде көрді, оны еске түсіре алмады. Осы кезде найзағай тағы да жарқ етіп, тастың үсті жап-жарық болып кетті. Міне, осы кезде байқады, бұл адам – Кадон!

Ал, Кадон былжырап жатқан жолмен деревня жаққа жүгіре жөнелді, Масдан да соңынан тұра жүгірді. Осылай екеуі де Кадонның үйіне жеткенше жүгірді. Масдан тақтай қабырғадан тесік тауып, ішке сығалап көз салып еді, Кадонның дорбаны ашып, ішінен ет алып күлімсірей жеп отырғанын көрді. Сосын қалған тамақты тәрелкеге салып, қоятын жер іздеп жан-жағына қарады. Содан кейін күліп, бұрышта тұрған үлкен сандықтың ішіне дорбаны салып, үстіне кішкентай сандықшаларды қойды.

Жауын ұзақ жауды. Масдан барын салып жүгіріп келеді. Үсті-басы малмандай болды. Әке-шешесі ұрыспақшы болған, бірақ Масдан оларға сөз берместен көрген-білгенін бастан-аяқ айтып шықты. Әдепкіде ата-анасы сенбеген, бірақ баласының тентек болса да, өтірік айтпайтынын білетін. Ақыры сенді.

– Онда, бұны пенгулуға айту керек, – деді Масданның әкесі. – Кадонға не істеу керек екенін сол шешсін.

Әйелі бұған келісті. Жаңбыр шелектеп құйып тұрды, бірақ соған қарамастан олар пенгулуға жүгіріп кетті. Барған соң барлық мән-жайды айтып берді. Пенгулу Кадонның бүкіл деревняны алдап соққанына қатты ренжіді.

– Біз, оның бұл істегенін алдына келтіруіміз керек, – деді пенгулу. – Бірақ қалай?

Ол ұзақ ойланды. Масдан мен оның әке-шешелері де үнсіз.

– Таптым,- деді пенгулу ақыры, сосын күлімсіреді. Аруақ пен аруақ кездессін. Олар бір-бірін қорқытсын. Кадон мына жарық дүниеге келгеніне лағынет айтатын болады. Осылай біз оны тәубесіне келтірейік.

Екі күннен соң, Кадон сол дәу тасқа қарай жүріп кетті. Осы екі күн бойы оның тамағы тоқ болды. Осы жолы тамақпен қоса аздаған ақша да талап ету керек шығар, деп шешті ол.

Кадон ағашқа шығып, бұтақпен жылжып, секіріп түсу үшін сәл ілініп тұрып қалған еді, төменнен тастың тықылы естілді. Тастың жүрегі! Кадонның тұла бойы мұздай болды. Тастың тықылы ұлғая түсті. Содан соң тықыл барлық жерден: бұта жақтан, тастан, ағаштардан, өзен жақтан естіле бастады. Кадонның денесін зіл басып, саусақтары жазылып кетті де, тастың үстіне құлап түсті. Ал, бұл кезде тастың тесігінен бір қорқынышты құбыжық көтеріліп келе жатты. Мұндай сұмдық құбыжықты Кадон ешуақытта көрмеген еді. Оның бет-әлпеті ұзын, сопақ, аузы мен мұрны бір жағына қарай қисайып кеткен. Киімі қап-қара, ұзын аппақ шаштары беліне түсіп тұр. Ол Кадонға ұзын аппақ саусақтарын созды. Кадон бақырып жіберді де, денесін игере алмай, тастың үстінен жерге құлап түсті. Жерде жатып, дір-дір еткен күйінде әлгі құбыжықтың тастың үстінде тұрғанын көрді, ол әлі бұған саусақтарын созып тұр еді. Тастардың тықылы үдей түсті.

– Сен! – деді әлгі құбыжық, – сен менің атымды жамылып жүр екенсің ғой! Менің мекенімді жайлап алыпсың! Өзіңнің қажетіңді орындау үшін, қарапайым адамдарды қорқытыпсың! Тастың аруағы – мына мен. Сен менің атымды пайдаландың. Сен де, мен сияқты құбыжық бол. Сөйтіп, адамдар саған да тас лақтыратын болсын!

– Жоқ, жоқ! Тек мені кешіре гөр. Енді бұл әрекет қайталанбайды!

– Кеш қалдың, – деді әлгі құбыжық. Осы жерден тез арада тай, әйтпесе сені де құбыжыққа айналдырып жіберем. Кәне, тез! Тастың тықылы күшейе түсті. Кадон орнынан тұрып, бақырып қаша жөнелді. Ол қашып бара жатқан кезде артынан лақтырылған тастар бұршақша жауды. Үлкен тастар тимегенмен, майда тастар аяқтарына, қолдарына тиіп жатты. Кадонның жан дауысы шығып, одан сайын құстай ұшты, денесі қорқыныштан дір-дір етеді.

Аруақ тастың үстінен жерге секіріп түсті. Бетіндегі масканы алған еді, пенгулудың өзі!

Ал, ағаштардың арасынан, өзен жағасынан балалар, әйелдер, ер адамдар шығып келе жатты. Олардың қолдарында бір-бір тас бар еді. Масдан старостаға жетіп барды.

– Пенгулу, сен Кадонның қалай зытқанын көрдің бе? – деді ол. – Енді ол деревняға қайтып оралмайтын шығар, мұндай қалжыңды қайталамайтын да шығар. Пенгулу да, қасындағылар да күлді.

– Ол, енді ешуақытта қайтып келмейді, Масдан. Тіпті, ол осы қашқаннан қашан тоқтайтынын да білмеймін.

Сосын маскасына қарады да «қайта мына маска аман қалыпты, бұған да шүкір» деді.Бұл атамнан қалған еді. Бұл Индонезияның бір аралынан әкелінген болатын. Ол жақтың еркектері жауға шапқанда осындай масканы киетін болған. Олар осындай маскадан жау қорқады деп сенген.

– Әрине, – деді Масдан.

– Жүріңдер, қайтайық, – деді пенгулу. – Тек, бұл оқиға бәрімізге сабақ болсын.

31 шілде, 2019 жыл.

Аударған Бақтияр  МЫРЗАШ,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: