HALYQLINE.KZ Халықтың әл-ауқаты мен қоғам тынысынан хабар тарататын тілшілердің күнделікті қызметі күйбең. Өйткені, әрбір ақпаратты сүзгіден өткізіп, дәйекті сөзбен елге жеткізетін журналистердің қоғамдағы жауапкершілігі өте жоғары. Бүгінде Сыр өңірінің медиа кеңістігінде 148 бұқаралық ақпарат құралдары қызмет етеді. Оның 13-і мемлекеттік БАҚ болса, 135-і тәуелсіз – БАҚ.
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов ақпарат саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан журналистердің кәсіби мерекесімен құттықтап, осы салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.
– Сыр өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдары – мемлекеттік билік пен қалың бұқараның арасындағы алтын көпір ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келеді. Ақпараттар ағыны сағат сайын емес, минут сайын ағылып жатқанда қоғамды журналистерсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан да біз барша БАҚ өкілдерін ерекше бағалаймыз, елге жасаған қызметтерін құрметтейміз. Жылдан жылға біздің медиа кеңістік кеңейіп, ақпарат саласы серпінді дамып келеді. Жалпы біздің облыста 148 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Оның 120-ы – газет, 26-ы – интернет сайттар мен ақпараттық агенттіктер, 2 телеарна және аудандық басылымдар бар. Аймағымыздағы жағымды жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізуде бұл бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше. Осыған орай, тілшілердің төл мерекесінде өңірімізде түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Сондай-ақ, 24 маусым күні Қызылорда қаласы әкімінің кубогі үшін қаламгерлер арасында шағын футболдан республикалық турнир өтті. Бүгін облыс әкімі Н.Нәлібаевтың қатысуымен салтанатты іс-шара өткізілді. Осы ретте барша журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілеймін!, – деді басқарма басшысы Алмасбек Есмаханов.
БАҚ саласының маңызды тұтқасы ретінде телеарна қызметінің жұмысы өте жауапты. Бұл ретте тәулігіне 15 сағат хабар тарататын «Qyzylorda» телеарнасы маңызды жаңалықтары мен қызықты хабарлары арқылы көрермен көзайымына айналды. Жаңалық жаршысы ретінде 32 жыл үздіксіз қызмет етіп келе жатқан төл арнаның ақпарат саласындағы рөлі ерекше маңызға ие.
– Аймақтың айнасы болған төл арнамыз – 1991 жылдың 30 сәуірінде 30 минуттық хабармен тұңғыш рет эфирге шықты. Сол уақытта бері қалың көрерменге үздіксіз ақпарат таратып келеді. Біздің телеарнада өз кәсібіне адал 75-ке жуық маман қызмет етеді. Олардың түсірілім дайындаудағы атқаратын рөлі әртүрлі болғанымен қызметтері үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінде біздің арнаны облыстың 98 пайызы тамашалай алады. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, 1 маусымнан бастап Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай елді мекендеріне 15 сағат хабар тарата бастадық. Бұл да біздің телеарна үшін үлкен жетістік. Бұдан бөлек, телеарнамыз соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталып, жаңа студиялар орнатылды. Алдағы уақытта көрерменге жол тартатын үздік хабарларымыз көп болады деген үміттеміз, – деді «Qyzylorda» телеарнасы директорының орынбасары Айсұлу Қасымова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!