Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр елі өнерпаздары Эстонияда өнер көрсетті

27.03.2025, 11:15 168

HALYQLINE.KZ

Сыр елі өнерпаздарының Наурыз мерекесінің тарихи-мәдени маңызын түсіндіру, тәжірибе алмасу мақсатындағы өнер сапары жалғасуда.

Халқымыздың ұлттық мұрасын әлем жұртшылығына таныстыратын «NAURYZ – CELEBRATION OF SPRING» концерті бұл жолы Эстонияның Таллин қаласында өтті. Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен өнерін ұлықтаған Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары қазақтың ән-жырын әуелетіп, көрермен ықыласына бөленді.

Іс-шараны 30 мемлекеттің елшілері мен дипломаттары, жергілікті қазақтар мен таллиндіктер барлығы 200-ден астам көрермен тамашалады. Келуші қонақтарға қазақтың түрлі ұлттық тағамы ұсынылып, наурыз дәмі үлестірілді.

Эстон фольклоры қазақ ауыз әдебиеті секілді ұрпақ бойына сан ғасырлық тағылым сіңіретін мұраға бай, яғни біздің халықтың мәдениетімен мазмұндас келеді. Терең тәрбие мен сыйластыққа шақырады. Сол себепті жиналған қауым өнер сапарымен келген шығармашылық ұжымды зор қошеметпен қолдады. Мерекелік концерт «Жарапазан» жырымен басталып, қазақ дәстүрімен шашу шашылды. «Тойбастар» шырқалып, Наурыз-думанға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары, диаспора мүшелері мен шетелдік студенттер қазақ музыкасы және дәстүрлері жайлы мол мағлұмат алды.

Ұлттық музыканың ұлы жауһарларын төрткүл дүниеге танытып жүрген «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің (Жетекшісі – Нұрғиса Нұрбай), Сыр мәдениетінің майталмандары Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Самал Байсейтова, Ақмарал Ноғайбаева, Марат Сүгірбай, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Бағдәулет Қарғабаев, Сымбат Тасбергенова, Мағжан Аманжолов, Ақылбек Табынбаев, Тоқтар Ағыраев, Ақнұр Аманбаева, Сәбит Ділдабаев, Алмас Әлжанов, Заманбек Нысанбаев, Арман Төлештің өнерін таллиндік талғампаз көрермен жоғары бағалады.

Концертке келушілерге ұлттық нақышта жасалған сый-сияпаттар берілді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: