Кіріспе
Тараған Кішкенеден Құттық, Майдан,
Киікбай бәйтеректей тамыр жайған.
Өтеген-Нұрымбет пен Жанқожаның,
Бейнесі елестейді сонау қырдан.
Нағашым Қаракесек батыр Ақтан,
Құрулы дұшпанына қанды қақпан.
Озбырдың елге тиген кесапаты,
Қылышпен домалатып басын шапқан.
Қолға алып қағаз-қаламды,
Сөз қылдым батыр бабамды.
Зер салып байқап шамамды,
Бер өзің тура бағаңды.
Ақтан батыр
Ақпан жаугершілік заманда атағы шыққан батыр-әулие адам болыпты. Жасы ұлғайған шағы екен. Бірде Ақайдың үйіне түскенде аяғы ауыр келіннің ізінен шырақ жанып жүргенін көреді. Аузы дуалы әулие әрі батыр Ақпан баба «Нәрестенің есімін «Ақтан» деп қойыңдар. Ел жұртының қорғаны болар» деп батасын беріпті. «Ақпан» есімі уақытында күллі Қаракесектің ұранына айналыпты. (Ел аузындағы деректен).
Жадырап күннің шуағы,
Маңайға нұрын құяды.
Мекендеп отыр нұраны,
Ақайдың ауыл тұрағы.
Таң бозарып атқанда,
Ел ұйқыда жатқанда.
Көзі түсті Ақайдың,
Үйге кірген Ақпанға.
Қанық мінез, тұрқына,
Көнбес жаудың ырқына.
Егде тартқан батырдың,
Ісі аңыз жұртына.
Сый көрсету қонаққа,
Дағды еді қазаққа.
Бие сойды арнайы,
Балап мұны ғажапқа.
Сәлем салды жұбайы,
Бар қимылы сыпайы.
Ақпан батыр келінді,
Іштей барлап сынайды.
Көптің болған ұраны,
Мейман көзі қырағы.
Екі қабат әйелдің,
Жанды ізде шырағы.
Ақпан бетін сипады,
Бойға шаттық сыймады.
Іште жатқан сәбиге,
Ат көпшігін сыйлады.
«Атсын қазақ ақ таңы,
Есесін ал жаттағы.
«Ақтан» ата есімін»,
Деді дала сардары.
Ақтан келді өмірге,
Қорған, пана өңірге.
Сақтап халық намысын.
Қарсы тұрды өлімге.
Текті туған асылдан,
Ел мерейін асырған.
Жаудың құтын қашырған,
Ер атанды жасынан.
Қалың қасты, қабақты,
Көпті аузына қаратты.
Кең иықты, жоталы,
Дөп тартады садақты.
Қол бастады жарақты,
Жігіт ерді талапты.
Ақша бұлтты Ақтанды,
Бәрі әулие санапты.
Шепке тисе «Ақпандап»,
Қарсыластан тайған бақ.
Төбесінде бұлт ойнап,
Кетті жауын ойрандап.
Жай ойнады жарқылдап,
Алай-дүлей атырап.
Білте мылтық атылмай,
Сыпай қашты қалтырап.
Әз Жанқожа қаһарман,
Асып туған қатардан.
Ақтан батыр серігі,
Ақпан қарттан бата алған.
Талқан қылып қамалын,
Салды тезге адамын.
Қазық қағып дөңіне,
Тапты бегі зауалын.
***
Қоғам бүгін жаңарды,
Сан өзгертіп ғаламды.
Толғау жаздым қысқаша,
Арқау етіп бабамды.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!